Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Теріс таңбалы Метаморфоза...

Бәрі де диалектиканың заңдылықтары негізінде, өз ретімен жүріп жатқан секілді…

Диалектиканың негізгі ұғымы – даму!

Ал, даму дегеніміз – қозғалыс, өзгеріс немесе Метаморфоза!

Метаморфоза дегеніңіз көп жақты.  Ол  ескіден жаңаға, жаңадан ескіге, қарапайымнан күрделіге, күрделіден қарапайымға, төменнен жоғарыға, жоғарыдан төменге және т.б. сапалық өзгеру. Анығырақ айтсақ, метаморфоза барысында заттың, құбылыстың жүйесі сапалық өзгеріске ұшырап, қасиеттері ауысады.

Адамның дамуындағы балалық, жастық, толысу, қартаю кезеңдері  секілді мемлекеттің дамуында да бір – біріне ұқсамайтын әртүрлі дәуірлер болады.

Метаморфоза - өте күрделі процесс, онда кері қозғалыстар, секірістер, ешқандай қисынға келмейтін түрлі қарама қайшылықтар болып тұрады. Болып жатқан өзгерістерді дамудың белгілі бір кезеңінде басқа арнаға бұра алмасаң, кейінгісі бос әурешілік!

Бір жігітке арасына 10 шақты жыл салып, бір ЖОО-да екі рет білім алуға тура келді.

Алғаш білім алғаны, Кеңестік кезең. Әлгі ЖОО- ң статусы "институт" болғанымен оқытушылар құрамы да, материалдық базасы да аса қуатты еді.

Мысал үшін...

1980 жылдардың ортасында Қаз ССР-де "Сызба геометрия" пәні бойынша кандидаттық диссертация қорғаған 5 ғалым болса, соның 3-і осы институтта жұмыс істеді. Ең бастысы, ол диссертациялардың барлығы Мәскеуде қорғалған.

Жалпы, институтта бар болғаны 4 ғылым докторы болды. Өкінішке қарай, біздің кейіпкер кешкі бөлімде оқитын. Сондықтан болса керек,  ғылым докторларының ешқайсысы бұларға лекция оқымады. Бұлар тек әлгі докторлардың сыртынан тамсанып қана жүрді.

Солардың бірі институт ректоры еді. 6 жыл оқып, жұмысқа қандай көлікпен келетінін біле алмай кетті. Қазіргі Байтұрсынов көшесімен жұмысқа қарай, кейде кері бағытта жаяу жүретінін анда-санда  көріп қалатын.

Мұғалімдерге пара беру дегенге келсек...

Жалпы, мектеп жасынан дәл ғылымдарға шорқақтау басы, 1-курсты бітірер жылы бір пәннен тапсыра алмай қиналған соң, бір пысықтардың ақылымен пара бермек болды. Пересдачаға зачетканың арасына 25 сомды қыстырып кірді. Көзі баданадай болған жап-жас оқытушы зачетканы ақшасымен қоса, көйлегінің төс қалтасына салды да, "Кеттік бала, деканыңа!" - деп, орнынан тұрды.

Ұзын галерея. Жалынып келеді. Жалынбауға болмайды.

Деканға жетсе, пәлен рет құлап әзер түскен оқудан шығады.

Анау міз бағар емес. Бұл  ана шетіне бір, мына шетіне бір шығып жалынып келеді. Әлгіде эмоция - ноль.

Деканатқа жақындап қалды.

Біздің «батыр»  әлгінің қалтасынан зачетканы суырып алуға мәжбүр болды.

- Айып етпеңіз. Менде басқа жол жоқ! - деп зытты. Студентпен алысуға ары жібермеді ме, әлде сасып қалды ма, оқытушы артынан ұмтылмады.

Студентіміз қыркүйек айын кәдімгідей уайымдап күтті.

Мұның бағына қарай, әлгі оқытушы аспирантураға кетіп қалыпты.

Кафедра меңгерушісі басын қатырғысы келмесе керек, қолын қойып бере салды.

Осы  оқиғадан кейін біздің батыр «пара» деген сөзді ұмытты.

Сол институттың кешкі бөлімін бітірген біздің батыр сол білімімен-ақ энтальпия мен Авогадро заңы араласқан мақалаларды  маршруткада кетіп бара жатып-ақ оқи беретін дәрежеге жетті.

Сол білімімен жобалау институтында  облыста ең алғаш болып, шағын тоннажды сыйымдылығы  25, 50, 100 тонналық тоңазытқыштардың жобасын жасады.  («Гигантомания сырқатымен ауыратын» Кеңес Одағының жобалаушылары жобалаған ең шағын типтік жоба 500 тонналық еді. Ал көкөніс сақтайтын тоңазытқыштар негізінен 1000, 2000 тонналық болатын. Бұл жобаларды Подмосковье қалаларында орналасқан жобалау институттары жасайтын. Жергілікті жобалаушылар, негізінен соларды өңірге ыңғайластырып, бейімдеп (привязка) тек түзетулер енгізетін.  КСРО-ң еуропалық бөлігімен салыстырғанда тұрғындардың саны аз  біздің өңір үшін ондай «гигант» тоңазытқыштар  тиімді бола бермейтін).

12 жылдан кейін бұл кезде «университет» аталған оқу орнына тағдыр айдап екінші рет түсті. Жағдай мүлдем өзгерген. Жап-жас ғылым докторлары пайда болыпты. Таяқ лақтырсаңыз,  кандидаттың басына түседі.  Сыртқы бөлімнің бір тобына староста болған біздің кейпкер қып-қызыл сауданың ішіне кірді де кетті. Сессия кезінде Сыртқы бөлім деканының қаршадай ғана орынбасары, топтың  тізімін алып біртіндеп «түгендейтін». Диплом қорғар кезде, бұлар оқитын мамандық факультетінің деканы славян тектес кісі «тізімді» өз қолына алды.

Миығынан күліп тұрып, сол декан  айтқан  - Не берущих не бывает! Бывает мало дающие!- деген  сөз әлі құлағында. (Мұндай деканды жұмысқа алған ректорды тек телевизордан ғана көрді).

Міне, сізге #метаморфоза...

Біздің кейіпкер бітіргелі де 15 жылға жуық уақыт өтті. ЖОО-ғы қазіргі жағдай қандай екенін өздеріне келіп жатқан жас мамандардың білім деңгейіне қарап қана шамалай алады.

 

Айналадағы өз көрін өзі қазып жатқандарға қарап отырып -  Осы біз ежелгі Бабыл секілді дамудың шырқау шегіне жетіп, кері қайта бастаған жоқпыз ба? – деген ой кейде біздің «батырдың» шақшадай басын  шарадай қылады. ..

Дамудың шырқау шегіне жеткен болсақ, біз артымызға қалдыратын «Семирамиданың аспалы бағы» қайсы болмақ???

 

 
0
0
2123

Осы тақырып бойынша

Теріс таңбалы Метаморфоза... - Yvision.kz