Теннис: Осакада З.Дияс қарсыласын ойсырата ұтып, ширек финалға шықты
Жапонияның Осака қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирде әлемнің 37-інші, осы турнирдің бесінші ракеткасы, қазақстандық Зарина Дияс испандық Лара Арруабарренаны 6:0, 6:1 есебімен ойсырата ұтты.
Зарина ширек финалда хорват қызы Ана Конюхпен күш сынасады. Ол екінші айналымда аталмыш жарыстың төртінші ракеткасы, американдық Коко Вандевегені үш партияда жеңіп, жолдан тайдырды. Ширек финалда тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева австралиялық, осы турнирдің бірінші ракеткасы әрі өткен жылғы жеңімпазы Саманта Стосурмен кездеседі.
Айта кетейік, Осака турнирінде ширек финалға шыққандардың ішінде 21 жастан үлкені С.Стосур ғана, ол 30-да. З.Дияс пен украиналық Элина Свитолина 20-да, Ю.Путинцева мен америкалық Мэдисон Кис 19-да, тағы бір америкалық Лорен Дэвис пен тайландтық Луксика Кумкхум 21-де, ең кішісі А.Конюх 16 жаста ғана.

