ТЕННИС: Е.Королев спорттық мансабын аяқтады
Ол 2010 жылдың қаңтарынан халықаралық турнирлерде Қазақстан атынан өнер көрсеткен еді, деп хабарлады ҚР Теннис федерациясының баспасөз қызметінен.
«Спорттық мансабымды аяқтау туралы шешім қабылдау оңай тиген жоқ. Негізгі себебі — денсаулық. Соңғы 3 жылда мен өте ауыр ота жасаттым, жарақаттар да сыр бере бастады. Дегенмен, спорттан бас тартпаймын, өйткені, теннис — бұл менің өмірім, алдағы уақытта жаттықтырушы болуды жоспарлаудамын», — деді Е.Королев.
ҚР Теннис федерациясының атқарушы директоры Диас Досқараев өз сөзінде Е.Королевке еліміздегі теннис спортының дамуына сіңірген зор үлесі үшін алғысын білдірді.
«Ол біздің елімізді халықаралық турнирлерде лайықты көрсете білді. Құрама сапында бірде-бір ойын жіберген жоқ. Оның қатысуымен ерлер арасындағы құрама үш мәрте Дэвис кубогының ширек финалына шықты. Өкінішке орай, жарақат Евгенийдің толыққанды денсаулығын қалпына келтіруіне әрі жоғары деңгейде өнер көрсетуіне мүмкіндік бермеді. Бұл спорттық мансапты одан ары жалғастыруға тосқауыл болды. Біз оның жаттықтырушылық мансабында шын ниетпен сәттілік тілейміз», — деді Д.Досқараев.

