Тележурналистика-менің арманым
Апаммен қонақ бөлмеде бірге отырған едік. Телеарналарды ауыстырып отырғанымызда апамның : " Дананың Дара жолы басталады, Қазақстан ұлттық арнасына ауыстыра қойшы"- деп еркелете сұраған өтінішін жерге тастай алмадым. Алғаш рет «Дара жол» бағдарламасын тамашалап отырмын. Осы уақытқа дейін оның қандай бағдарлама және не туралы екендігін білмейтінмін. Менің көзім бағдарламаның тележүргізушісіне түсті. Оның өзін өзі ұстау қабілеті мен сөйлеу мәнері бірден өзіне баурап алады екен. Дана ханымның эфир қонақтарына қойылған əрбір сұрағы журналист мамандығының басты қасиеті- ізденімпаздығын аңғартты. Сол күннен бастап менің тележурналистикадағы пірім- Дана Нұржігіт. Осылайша, тележурналистика саласына деген қызығушылығым Дана Нұржігіт арқасында еселене түсті. Сонымен мен неліктен тележурналистиканы таңдаймын?
Айналада болып жатқан оқиғаға қарамастан, қандай да бір мәселе немесе өзгеріc жайлы репортажды қысқа уақыт ішінде түсіріп, оны халық назарына ұсыну қиын әрі қызықты жұмыстардың бірі. Менің ойымша, бұл журналисттің шеберлігі мен уақыт нағыз сайысқа түсетін кез. Сондықтан да мен болашақта өз шеберлігімді сынап,түрлі аймақтарда репортаждарды түсіргім келеді. Репортаждарды түсірген сайын менің қабілеттерім одан әрі шыңдала беретініне сенімдімін. Сонымен қатар мен әлемнің ыстық нүктелерінде де репортаж түсіріп, барлық халықты әлемде болып жатқан саяси,әлеуметтік,экономикалық мәселелер жайлы хабардар еткім келеді.
Мен тәрбиелік мәні бар, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін бағдарламаның жүргізушісі болғым келеді. Менің пікірімше,көзі ашық, оңы мен солын ажырата білетін адам болуға сондай бағдарламалардың әсері болады. Мысалы, еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосқан, болашақ ұрпақпен бөлісетін сырлары бар қоғам қайраткерлерімен таныстыратын бағдарлама – Дара жол. Оны көріп отырған кезде әр адамның өзіндік ерекшелігі мен жетістікке жеткізген өмір жолы бар екендігін түсініп, болашаққа деген үміт оты пайда болады. Сондай-ақ, болашақта мен білім нәрімен сусындатып, түрлі ойын-сауық бағдарламалар арасында жарық жұлдыздай көзге түсіп, ерекшеленетін бағдарламаны жүргізгім келеді.
Сонымен болашақта мен өзімді тележурналистика саласының жарық жұлдызы ретінде көргім келеді. Қоғамда алатын орны бар, көп нәрсеге үйрететін бағдарламаларды жүргізіп немесе әлем нүктелерінде репортаж түсіріп тележурналистика саласында өзіндік орынға ие болғым келеді.
