Тексіз тентекті тезге салу керек!
Айтарым бар...
«Естімеген ел де көп..» демекші елімізде тойғанды көтере алмай, Отанына опасыздық жасап жүргендер көп. Солардың бірі – адам құқығын қорғаушы қазақстандық азамат Вадим Курамшин. Оның бейбіт елімізде жүріп есіргенін, яғни бір кездері түрмеден шығысымен азаматтық қарсылық шараларын ұйымдастырғаны жайлы көзі қарақты жандар естіп те үлгерді. Бір қызығы, ол өзі адам құқығын қорғаушы болғанына қарамастан, әділ әрекет жасаудың орнына аяғын шалыс басуда. Мәселен, арам ақша табуды көздеген Вадим Курамшин мырза өзінің мамандығын бетке ұстап, көмек сұрай келген адамдардың анық-қанығына жетпей жатып, олардың ісін дұрыс етіп шығаруы үшін барын салған екен. Тіпті, ол оппозиция серкесі, Павлодар облысының бұрынғы әкімі болған Ғалымжан Жақияновпен түрмелде дос болып, кейін оны қорғамақ болыпты.
«Жығылып жатып сүрінгенге күлме» демекші, Вадим өзінің іс-әрекетіне қарамай, өзгенің жыртысын жыртқаны қай сасқаны?..
Осылайша, құқықтық елімізде «әділетсіздік» орнатқысы келген оңбаған өз ойын жүзеге асыра алмағандықтан, «адам құқықтары мен заңдылықтың сақталуы жөніндегі Қазақстандық Халықаралық Бюроның» жұмысын жамандап, сынап-мінеп, өзінше түрлі әрекетке барған. Тіпті, адам құқықтары жөніндегі шет елдік ұйымдардан көмек те сұраған. Бұл – Вадим Курамшиннің еңселі еліміздің беделін түсіру, өзге мемлекеттерге мазақ ету мақсатында жасап отырған жымысқы әрекеті емесіне кім кепіл? .. Әйтпегенде, есі дұрыс, адал адамды ешкім де орынсыз кінәламайды ғой...
Сырт көзге сыпайы көрініп, адамдардың құқықтарын қорғаушы әрі жанашыры болған алаяқ Вадим Курамшин таза болса, ешқашанда темір торға тоғытылмаушы еді. Ең сорақысы, ол белгісіз біреулерден ала алмаған кегі үшін егемен еліміздің атына кір келтіріп, орынсыз халықаралық адам құқықтары жөніндегі ұйымдарға шағымдануы - көптің көңіліне қаяу түсірді.
Демократиялық-құқықтық, келешегі кемел, болашағы жарқын жас мемлекетіміздің абыройын таптауға ешкімнің де құқығы жоқ.
Қазақстан Республикасы Конституциясының бірінші бабында адам құқығын сақтауға, оның дініне, ұлтына, тіліне қарап кемсітуге жол берілмейтіндігі тайға таңба басқандай етіп жазылған. Соған қарамастан, құқығының сақталмай жатқаны жайлы өтірік даурыққан бұзақының бұл қылығы кешірілмейтін іс. Сондықтан, ел арасына іріткі салып, өзінің жымысқы саясатын жүзеге асырмақ болған арам ниетті осындай тексіз тентектерді тезге салу қажет. Ондайлардың жаһанды жалпағынан басып, елімізді қорлауына ешқашан жол бермейік, ағайын!
