Тегеранда бесінші орын алдық
Бұл күндері Иранның бас шаһары Тегеран қаласында өтіп жатқан әлем кубогы жолындағы жарыстың алғашқы нәтижелері белгілі болды. Атап айтсақ, грек-рим күресі шеберлері өз жарысын аяқтап, Қазақстан құрамасы бесінші орынды олжалады.
Таңат Сағындықовтың шәкірттері жарысты жап-жақсы бастаған еді. Тұсаукесер кездесуде Венгрия құрамасы қатты қарсылық көрсеткеніне қарамастан, біздің балуандар жеңіске жетті. Есеп – 4:3. Осы орайда Жансерік Сәрсенбиев (55 келі), Алмат Кебісбаев (60 келі), Досжан Қартықов (74 келі) және Нұрмахан Тінәлиев (120 келі) жеңіске жеткенін айта кетуге тиіспіз. Ал Ербол Қоңыратов (66 келі), Алхазур Оздиев (84 келі) және Ерұлан Ысқақов (96 келі) жеңілістің ащы дәмін татты. Іле-шала Иран командасымен күш сынасып, 1:6 есебімен ойсырай ұтылдық. Иә, жарыс қожайындарына қарсы кездесудің аса қиынға соғатынын білдік. Алайда дәл осындай ірі есеппен ұтыламыз деп еш ойлаған жоқ едік. Жерлестеріміздің арасынан тек 60 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Ербол Киікбаев қана ел сенімін ақтады.
Үшінші айналымда Түркия құрамасымен шеберлік байқастық. Түріктер тас-талқанымызды шығарды – 1:6. Бұл ретте 55 келі салмақтағы Жансерік Сәрсенбиев қана өз қарсыласын қапыда қалдырды. Сөйтіп, жүлделі орын үшін күресу құқығынан айырылдық. Одан кейін Әзірбайжан командасымен кездестік. Егер жеңсек, жарыс кестесінің бел ортасынан ойып тұрып орын алуға мүмкіндік бар. Ал жеңілсек, жағдай қиын. Онда осалдар санатына қосыламыз. Соны қаперіне мықтап түйген балуандарымыз бозкілемде барын салды. Қап тауының қырандарын қазақстандықтар 5:2 есебімен ұтты. Соның нәтижесінде Қазақстан құрамасы 5-6 орын үшін ғана таласты. Қарсыласымыз – Оңтүстік Кореяның оғыландары.
Байыптап қарсақ, әлем кубогында табысты өнер көрсетпегенімізге біраз жылдың жүзі болған екен. Ал әлемнің үздік 10 мемлекетінің өкілдері бас қосқан дүбірлі додада алғашқы бестіктің қатарына қосылу аз табыс емес. Жарыс барысында бас бапкер соны шәкірттеріне ұғындыра білді. Шешуші тұста біздің балуандар өз жанкүйерлерін жерге қаратқан жоқ. Бозкілемге шыққан барлық жерлесіміз Оңтүстік Кореяның жігіттерін қоғадай жапырып, 7:0 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп, Қазақстан құрамасы Тегерандағы тартысты бесінші орынмен қорытындылады.
Грек-рим күресінен өткен жарыстың бас жүлдесін Иран мен Ресей құрамалары өзара сарапқа салды. Қос елдің балуандары да топтық бәсекеде өзге қарсыластарынан шеберлік деңгейі бір бас жоғары екенін дәлелдеді. Қола медаль үшін Түркия мен Армения балуандары таласты.
Көп кешікпей еркін күрес шеберлері арасындағы жарыс басталды. Екі апта бойы Талдықорған қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізгеннен кейін Қазақстан құрамасының бас бапкері Руслан Өмірәлиев әлем кубогында белдесетін балуандардың есімдерін атады. Олар – Шоқан Шығысов (55 келі), Дәулет Ниязбеков пен Саятбек Оқасов (60 келі), Дәурен Жұмағазиев пен Азамат Өміржанов (66 келі), Олжас Шығысбаев пен Нұрлан Бекжанов (74 келі), Семен Семенов пен Аслан Кахидзе (84 келі), Әлихан Жұмаев (96 келі) және Дәулет Шабанбай (120 келі).
Естеріңізге сала кетейік, әлем кубогы жолындағы бәсекеге тек өткен жылдың қорытындысы бойынша ең үздік деп танылған 10 мемлекеттің ұлттық командалары ғана қатыса алады. Биыл ондай мүмкіндікке Ресей, Иран, АҚШ, Әзірбайжан, Грузия, Жапония, Беларусь, Болгария, Түркия және Қазақстан еркін күрес шеберлері ие болды.

