Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Театр тәрбиенің түп мекені

Айқын, 07.02.2014

Мамыра жай маусым айында іс-сапармен аялы Алматымызда болдым. Алла сәтін салып, жайғасқан қонақ үй М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына жақын тұста болды. Киелі театрдың алдына күнде кешкілік бір келіп кетемін.

Текке келіп кетпеймін. Көңілімнің төркініндегі күй пернесін шертіп, жүрек тербетіп қайтамын. Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жас өспірімдер театрының да орны бөлек. Ол театрда талай тарихтың еншісі жатыр.

Осыдан 40 жыл бұрын театрдың төрінде жүрген апаларымыз, ағаларымыз менің көңілімде әлі сол театрда рөлдерді сомдап, сахна төрінде сайран салып тұрғандай көрінеді. Іс сапарға барғанда қасынан бұрылып тоқтап өтемін, күрсініп өткен өмір-ай деймін.

Сабира Майханова апамыздың сахнаны қақырата салатын зор даусы, Бекен Римова апамыздың керіліп тұратын қасы, сырбаз да, өткір үні, сол кездегі Фарида Шарипова апамыздың жап-жас, өзі сұлу көркем бейнесі, сыбызғыдай сызылған даусы, ақылы, парасатымен астасып жататын жарқын бейнесі көңілімде сайрап тұр. Денеңді тітікендіріп, жүректі тербеп сөйлейтін зор даусты, үні ешкімді қайталамайтын, қоңыр дауысты, көркем ағамыз Әнуарбек Молдабековтей саңлақ ағаларымыз көз алдымызда, үні көкірегімізде сайрап тұр.

Осыдан бірер жыл бұрын тағы да іс-сапарға барғанда М.Әуезов атындағы академиялық драма театрда «Абай» қойылымының премьерасы болды. Керемет қойылым болды. Аузымды ашып, көзімді жұмып қайттым. Киімдері жап-жаңа, әсем сәнделіп, қымбат дүниелермен тігілген. Біздің театр дамып кеткен екен деген ойда отырдым. Үстіне киген киімдер шамның жарығымен жарқ-жұрқ етеді. Құдай-ау, қамзолдың түр-түрін бірінші рет көрдім, оған сай желбірі үлбіреген бүрмелі қос етек көйлектер. Сәнділігі сонша мен оны түсімде де көрмегенмін. Бояуы қандай бір-бірімен астасып жатыр. Таққан әшекейлерді айтсаңызшы. Бақыттан басым айналды. Мен қазақ болғаныма мақтандым.

Абайдың рөлін, тура Абай болып туғандай маңдайы бір қарыс болып жарқырап, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Еркін Біләл ойнады.Тұрысы, киім киісі, маңғаз кейіпі, орнықты мінезі мінсіз – «мен – Абаймын» деп тұрғандай. Мен мақтанып шықтым. «Біздің театрдың өзі-ақ ер қазақты, өр қазақты әлемге таңқалдырып, талып жығылтып көрсетіп, таныта алады екен ғой» деп таңданып шықтым.

Театрға құрметтеп апарған Сауле досым екі беті көнектей болып ісіп шықты. Бұл қойылым оның жүрек пернесін тербеп жіберді. Ол да өз жарын Болатын дәл Әбіш сияқты ақтық демі қалғанша алақанында аялап қоштасқанын есіне алып, дүниені бір төңкеріп алды.

Қашанда М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік  академиялық драма театрының шоқтығы жоғары тұрады. Елде жүріп елеңдеп жүреміз. Ілгеріде Алматылық драма театр Сырдың Н.Бекежанов атындағы драма театрында «он күндік» шеру жасады. Сыр бойы халқы оның ашылу салтанатын тамашалады. Көштің басында Асаналі Әшімов ағамыз барлық өнер тарландардымен тұрды. Күнде театрда думан болды. Театрда ине шанышар жер жоқ. Халық риза.

Мен арасында іс-сапардан келіп, үлгіріп жете құладым театрға, сол күнгі театрдың еншілегені М.Мұқатаевтың «Қош махаббат» шығармасы екен. Жол қоржынымды театр босағасына қойып, қыздардан жалынып ішке рұқсат сұрадым.  Біздің сүйікті кейіпкеріміз Айбардың рөлін Ғани Құлжанов сомдады. Келесі күннің еншісінде «Цыган серенадасы» спектаклі болды. Міне, керемет! Басты рөлде Шәмшінің рөлін Ерлан Біләл ойнады. Киелі саханамыз екі иінінен сәл ғана демалып тұрды. Бұл спектакель сүйікті Шәмшіміздің асқақ мерейін одан да асқақтата түсті.

Кейінгі көрген қойылымым «Тендерге түскен келіншек» болды. Ұнаттық. Кейінгі толқын театрын жоқтатпапты. Сырықтай сымбатымен, сұлу мүсінімен Жүсіп Дария Абдімәлікқызы өз рөлін нанымды сомдады. Пай-пай дегіздірді.

Көрерменнің сүйіктісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс ініміз кәдімгі кәнігі сахнаның саңлағы екен. Қай образды да мүйізіне іліп кете беретін тау арқары сияқты. Сомдаған образының жүгі жеңіл болмады. Нанымды, жан дүниемізді тебірентіп орындады. Ар, ождан, намыс, махаббат деген киелі сезімдер бір-бірімен арпалысып, астасып жатты. Тәрбиелік мәні жоғары болды.

«Сұлтан Бейбарыста» да Бекжан Тұрыс ініміз күтпеген рөлді ойнады. Жай емес шебер  орындады. Басталуы сайдың сақа тасындай жігіттер таңдалып алынып, ашыларда көрсеткен өнері халықты аһ ұрғызды. Сұлтан Бейбарыстың рөлін Азамат Сатыбалды  ойнаған екен. Азамат Бейбарыс бабамызды, туған жеріне, сайын даласына, еліне деген оның жүрегіндегі мәңгілік сыздатқан сағынышты қолмен қойғандай көрерменіне танытты. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген мақалдың киелі төркінін ұғындырды. Қойылым керемет болды. Аяғыда жақсы аяқталды. Режисурасы керемет.

Мен жазушы емеспін, қарапайым көрерменмін. Бұл менің өнерге, өнер адамдарына деген қиқымдай махаббатым ғана.

Театрға қуанып кіргенмен, қазақтың зиялы мәдениет ордасын қимай қоштасамын. Себебі мен оны сағынып іздеп келемін. Одан үлкен рух, күш алып елге ораламын. Театр ол өнер ордасы ғана емес, ол – мәдениеттің, үлкен тәрбиенің ошағы дер едім.

Жаса СЕРІКБАЕВА,
Қызылорда ОПҚ біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы,
Білім беру ісінің үздігі

0
0
4620

Осы тақырып бойынша

Театр тәрбиенің түп мекені - Yvision.kz