«Таза Қазақстан» акциясы жалғасын тауып жатыр

Елімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы 6 сәуір мен 11 мамыр аралығында су тасқыны болмаған өңірлерде өтті.
«Осы бастаманы қолдау мақсатында апта сайын «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ» атты шаралар ұйымдастырылып, елді мекендердің аумақтарын көгалдандыру, санитариялық тазалау және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері бойынша акцияға 2,4 миллионға жуық адам, соның ішінде еріктілер, қоғам қайраткерлері, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен кәсіпкерлер қатысты. Жүздеген мың аула мен 20 мыңнан астам әлеуметтік нысанның аумағы тазартылды, 900 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды, шамамен 2,5 миллион көшет отырғызылды», – делінген Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің хабарламасында.
Ал тасқын болған өңірлердің әкімдіктері экологиялық акцияға су деңгейі төмендеп, қауіп-қатер азайған соң, осы маусым айының басынан қосылды. Сөйтіп, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.
«Қазіргі уақытта Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет Халық арасында экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті. Құжат биылғы 1 қыркүйекке дейін дайындалады. Бекітілген тұжырымдаманы жүзеге асыру үшін әкімдіктер алдағы 5 жылға арналған тиісті өңірлік жоспар қабылдайды», – делінген хабарламада.
