Тай боксынан өткен әлем чемпионатында жерлестеріміз 10 медаль еншіледі
Тай бокстан Малайзияда өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының бағы жанды.
Дүбірлі додадан 10 медальмен оралған отандастарымыз ел мерейін үстем етті. Соның үшеуі алтын, жетеуі – қола медаль. Үш алтынды қанжығаларына байлаған чемпиондар – Атырау облысының тумалары. Дүниежүзі бойынша 76 елдің өкілі қатысқан спорттық додаға біздің елден 26 спортшы барған болатын. Соның оны олжалы қайтты. Атыраудан барған бес спортшының біреуі қола, үшеуі алтыннан алқа тақты. Соның бірі – Әбіл Ғалиев.
Әбіл Ғалиев, Жастар арасында муай тайдан әлем чемпионы:
- Бірінші қарсыласым Грузиядан болды, оны ұпай санымен жеңдім. Екіншісі түрік болды. Ал үшіншісі қарсыласым болып өзбек шықты. Олар да өте жақсы өнер көрсетті.
Атыраулық чемпиондар – жергілікті «Қайсар» және «Алаң» спорт клубтарының түлектері. Шәкірттер ұстаздардың сенімін ақтады.
Мейрам Ғалиев, бапкер:
- Соның ішінде үшеуі әлем чемпионы атанып, елімізге оралып жатыр. Бұл – өте қуанышты жағдай. Енді бұл басқа спортшыларға үлкен серпіліс береді деп ойлаймын. Шәкірттер үмітімізді ақтап, ойымыздан шығып жатыр.
Еліміздің атын шығарған спортшылардың барлық шығынын республикамыздағы Муай тай федерациясы өз мойнына алған. Ал туған жерге келген чемпиондар Әбіл Ғалиев, Әлішер Мұхтаров, Еламан Саясатов пен қола жүлдегер Абылай Кұралбаевтарға бүгін облыстық деңгейде құрмет көрсетіліп жатыр.
Авторлар: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы, Амантай Мәтенов

