Ташкентте шығарылған қазақ басылымдары
XX ғасыр басында Ташкент қаласында көптеген қазақ басылымдары, қазақ газет-журналдары жарық көрген. Соның ішінде Мағжан Жұмабаевтің 1923 жылы ташкентте басылып шыққан көлемді жинақтары туралы баяндамақпын.
Пролетарлық жазушы С.Мұқанов С.Қожановты «Кеңес үкіметіне қарсы өлең жазудан тынбай келген алашордашыл ақын – М.Жұмабаевтың Қазақстанда бастыра алмаған өлең, поэмаларын 1923 жылы Ташкентте бастырды және өзі кіріспе сөз жазып, Мағжанды аспанға шығара мақтады» деп айыптады. Себебі, Мағжанның өлеңдер жинағының шығуына ірі қызыметте жүргеніне қарамастан тікелей белсене кіріскен С.Қожанов жинаққа «Мағжан өлеңдері туралы бір-екі ауыз сөз» деген кіріспе жазды. Шағын ғана кіріспеде «Мағжан өлеңдерінің ішінде кез келетін, марксизм дүние тануына ұйқаспайтын жерлерін оқушылар көре салып үрікпей, көркемдік жағына, сыршылдық жағына көбірек көз салу керек» деген пікірі арқылы Мағжан өлеңдерінің сипатына, көркемдігіне мән беру қажеттігіне назар аударады. Одан әрі «Әдебиеті жаңа аяқтанып, әдебиет тілі енді жасалып келе жатқан жұртта Мағжандай ақындардың қызметі зор екендігі анық. Осы күнге дейін Түркстанда қойшылар тілі саналып келген қазақ-қырғыз тілі іске асуы былай тұрсын, өнерге асатын бай, жатық, таза, өткір, әдемі тіл екенін Мағжан өлеңдері көрсете алады» — деп Мағжанның поэзия әлеміндегі орнының ерекше екендігін, тіл өнерін терең меңгергендігін бейнеледі.
Бірақ, кешегі алашордашыл ақынның өлеңін баспадан алғы сөз жазып шығаруы, Сұлтанбек Қожановты таптық позициядан ауытқыды деп, кінәлауға себеп болды. Жоғарда аталған «Жерлестік» ұйымының қарары «Қазақ еңбекшілеріне коммунистер партиясының бағытымен жөн сілтеп түзу басшылық етеді дейтін бірсыпыра коммунист жолдастар (Мағжан кітабының басылуына, таралуына себепші болған жолдастар кіреді) жауапқа тартылсын» деген жолдар С.Қожановқа арналған еді. Жағдайдың ушыққанын түсінген ол, «Еңбекші қазақ» газетіне «Менің жауабым» деген мақала жариялауға мәжбүр болды. Ақиқатын айту керек, ұлтжанды азамат қатал айыптау мен қысымға табандылық көрсете алмады. «Мағжан жөнінен менен қателік кеткен. Бастырғанымнан да, менің сол кітапқа саясаттан тысқары баға беріп, сөз басы жазып бергенім үлкен қате» деп өкініш білдіріп, қателестім, жаздым, жаңылдым деген сипатта кінәсін мойнына алды.
Әділетсіз сын мен айыптауға назаланған М.Жұмабаев «Сәлем хат» деген өлең жазып, ол «Тілші» газетінде 1924 жылы 3 желтоқсанда жарияланды.
Қайтуым хақ, белді буып тас қылып,
Кет деме, елім, енді мені басқа ұрып.
Дейтін болсаң: қой жырыңды, жырауым,
Қобызымды қиратармын тасқа ұрып – деген жолдары өкініш пен шарасыздықтан ғана емес, саясат шырмауына оралып өзін түсінуге тырыспағандарға, халық арасына кең тараған өзіңің сыршыл да, нәзік өлеңдерін көре алмаушыларға қарсы жазылды.
Бірақ, тапшылдар пролетарлық қырағылықпен тез арада жауап қайтарды. 1924 жылы 19 желтоқсанда «Еңбекші қазақ» газетінде «Сәлем хат жазған азамат Мағжан Жұмабайұлына» деген айдармен «Сәлемге сәлем» деген өлең жарияланды. Өлеңнің авторы осыдан бірнеше жыл бұрын Мағжанның өзі пана болып, қамқорлығына алып, оқып білім алуына жағдай жасаған Сәбит Мұқанов еді. Ол кеше қиналғанда өзіне пана болған «алашордашыл» ақын Мағжаннан қол үзгендігін, өзін тапшыл, төңкерісшіл екендігін көрсеткісі келді ме, Мағжанның жанына тиетіндей ауыр сөздермен, оған қарсы өлең жазды.
Сен құлан, өз қағынан жүрген жеріп,
Ел аман, жұрт тыныш кезде қайғыға еніп.
У жеген бір қасқыр сен, сені қалай
Ел жазып адам қылмақ емін беріп.
Шіріген жұмыртқа елге неге дәрі,
Шіріп қайта таусылсын одан әрі.
Сүйгіш жолыңнан табан бұрма,
Қобызыңнан, ақыным, безбе әлі.
С.Мұқановтың «… Қобызыңнан, ақыным, безбе әлі» деуі ақынның жазған шығармаларын нысанаға ала отырып тиісу еді. Жиырмасыншы жылдардың бірінші жартысында Мағжан өнімді жазды. Лирикалық өлеңдер ғана емес «Қорқыт» (1922), «Батыр Баян» (1923), «Оқжетпестің қиясында» (1923), «Қойлыбайдың қобызы» (1925), «Жүсіпхан» (1925) поэмалары жарық көрді. С.Мұқанов Мағжанның «Қорқыт» поэмасындағы:
… Артымда ор, алдымда-көр, өтеді өмір…
Енді менің жолдасым — жалғыз қобыз,
Сарна қобыз, мұң-зарлы шығар лебіз, немесе
…Жас төгіп, сұм өмірде зарлап-сорлап,
Құшақтап қобызымды көрге кірсем! … деген жолдарды мен Мағжанның басқа да өлеңдерінде кездесетін «қобыз» сөзін жақсы білді және мүмкіндікті пайдаланып еске түсірді. Осы сөзді Мағжанға қарсы өлеңінде сынау емес кекету, мұқату мақсатында қолданды. Бұл саяси-идеялық көзқарастағы қайшылық қана емес, жан жақты сынау мен тиісудің нысанасына айналып, қорғаныш таба алмай, жазғандары сынға ұшыраған «…қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі» деп дәрменсіз күйге түскен Мағжанды тұқырту еді.
Өлең жолдарындағы «…у жеген бір қасқыр сен…», шіріген жұмыртқа елге неге дәрі, шіріп қайта таусылсын одан әрі» деген сөздер Мағжанның Алашорданы қолдап өлең жазғандығын тағы еске түсірумен қатар, қазір ұлтшыл Мағжанның елге керегі жоқ, түзелуден кеткен, енді оның құрығаны, жойылғаны қажет, ал сен Мағжан ұлтшылдық жолыңнан қайтпа, — деп Мағжан бейнесі арқылы «ұлтшыл жаудың» образын жасау еді. Ақиқатында, «үлкен тұлғадан, ел мойындаған дарынның көлеңкесінде қалып қоюдан қорқу» және одан құтылуға жасаған ашық қадам ба еді деп те ойлаймыз. Ал, бұдан кейінгі жылдары да ақын есімін қазақ әдебиеті тарихынан біржола өшіріп тастауға әр түрлі шара жасалғаны белгілі.
Жоғарда аталғандай, өкінішке орай, С.Мұқанов секілді Мағжан шығармашылығын іске алғысыз қылып орынсыз сынау, даттау, жалған айыптау мен әшкерлеу Ә.Тәжібаев кітабында да кездеседі.
Мағжанға осындай ауыр кезеңде қол ұшын беріп азаматтық танытып, оның шығармашылығын әділ бағалауға тырысқандардың бірегейі — Ж.Аймауытов еді. Ол Н.Төреқұловтың «Жерлестік» ұйымының жиналысында жасаған баяндамасын ашық сынамаса да, шын мәнінде оған қарсы шығып, Ташкентте оқитын қазақ студентері алдында «Мағжанның ақындығы туралы» тақырыбында баяндама жасады. Баяндама мәтіні «Лениншіл жас» журналының №5 санында 1925 жылы жарияланады .
