Тас жолдағы аламанда топжарғандар
Велоспорттан Талдықорғанда ұйымдастырылғын Қазақстан чемпионаты аяқталды. Демалыс күндері аламан бәйгелер өткізіліп, туымыз түстес көк жейдеге қол жеткізген жеңімпаздар анықталды.
Жүлде қоры 10 мың АҚШ долларын құраған ел чемпионатына шетелдерде жүрген велоспортшыларымыздың барлығы дерлік келді.
Тек «Тур де Франс» көпкүндігіне қатысатын велошабандоздарымыз дайындықтарын жүйелі түрде пысықтап жатқандықтан, ел чемпионатына келе алмады.
Ерлер арасындағы 185 шақырымға созылған аламан бәйгеде Александр Дьяченко ел чемпионы атанды. Оның уақыты – 4 сағат 41 минут 24 секунд.
Көмбеге онымен үзеңгі қағыстыра жеткен Сергей Ренев екінші орынға ие болып, олардан қалыспаған Майдос Тілеген үшінші орынды еншіледі.
Валентин Иглинский төртінші орынмен шектеліп, Даниил Фоминых және Александр Шушемоин сынды жастарымыз үздік алтылыққа ілікті.
Ал тәжірибелі Максим Иглинский 10-орынды қанағат тұтып, Мақсат Аязбаев 16-орынды қалып қойды.
Жасөспірімдер арасындағы 130 шақырымдық аламанда Ерлан Пернебеков топ жарды. Юрий Щербинин күміс жүлдегер, ал Сергей Шемякин қола жүлдегер атанды.

