Тасқа қашалған таңбалар
Әлем ғалымдары оның пайда болу кезеңін соңғы палеолиттің кейінгі шағымен байланыстырады. Мұндай дүниелер жер-жаһанның бірқатар елдерінде көрініс береді. Мәселен, Еуропа құрлығының Швеция, Норвегия, Италия, Португалия, Испания елдерінде, Азияда - Үндістан, Пәкістан, Қытай, Корея, Жапония, Арабия аумағында, Американың Канада, АҚШ, Аргентина, Чили, Бразилия және Австралия мемлекеттерінде кездеседі. Осындай орындар ТМД елдерінің аумағында да бар. Атап айтқанда, Қап тауында, Орта Азияда, Сібірде, Оралда, Қиыр Шығыста көрініс береді. Шындығын айтқанда, бұл дүниелерді өнер туындылары ретінде қарауға әбден болады. Ескерткіштердегі сызбалар сан түрлі тәсілмен қашалып, оған көп бейне салынған.Тас ғасырдан кейінгі кезеңде сана иелері өздерінің тыныс-тіршілігі жайында тасқа қашап бейнелеуді дұрыс көрген тәрізді. Онда шаруашылық, тұрмыс-салт пен жөн-жоралғы, дүниетаным тасқа басылған. Ең негізгі көріністер тіршілік иелерінің аңшылық пен балық аулау секілді кәсіптерге қатысты екені көзге көрінеді. Қазақстанда тау-тасына қашалған 200-ден астас бейне бар. Солардың қатарында Сыр өңірінің Шиелі ауданында орын тепкен Сауысқандық жотасындағы суреттер бар. Археолог Мадияр Елеусінов Бұл жотадағы тасқа қашалған таңбалардың молдығы әйгілі Таңбалы тастан бір мысқал да кем түспейтінін айтады.
