Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Тарихтан тағлым алу керек

Қазақстан  тәуелсіздігінің  25  жылдығына  және  «Алаш» қозғалысының  100  жылдығына  орай

Тарихтан  тағылым  алу  керек

Қазақ  Хандығының  550  жылдығын  тойлау    тарих  қатпарына  тереңірек  үңіліп,  тарихымызды  жаңа  деректермен,  жәдігерлермен  толықтыруға  жағдай  жасады. Томирис,  Мөде, Аттила(Еділ), Бумын  және  Шыңғыс  хан − Еуразия  сахарасының  ұлы біріктірушілері. Біз,  түркі-моңғол  халықтары,  солар  құрған  ұлы мемлекеттердің  мұрагерлеріміз.  Отарлаушы   державалар  ғасырлар  бойы  «бөліп  ал  да,  биле»,  «іштен  құртша  кеміру» (цань  ши)  саясатын  жетік  меңгеріп,  түркі-моңғол  халықтарын  құрып  кетудің  алдына  әкелді.  Отарлаушы  елдер,  моңғол  мен  бүгінгі  түркілердің  арасына   жік  салып,  Шыңғыс  бабамыздан  айырғысы  келді. Мақсат − түркі-моңғол  халықтарын  жадынан,  тарихынан, рухынан, дінінен  және  салт-дәстүрлерінен  айырып,  бөлшектеу.  Екінші  жағынан  Қытай  тарихын  оқып  көрейік:  Шыңғыс  хан – Қытайдың   Юань  әулетінің  басы. Қытай  тарихшылары  Шыңғыс  ханның  немересі  Құбылай  бастап  билеген  1334 -1468  жылдарды  Юань  династиясының  заманы  деп  мақтанышпен  атайды:  «Юань  династиясы  Қытайдың   шашырап  жатқан  ұсақ  мемлекеттерін  біріктіріп, шекарасын  кеңейтіп,  дамыған  мемлекетке  айналдырды.  Мұхиттың  ар  жақ бер  жағымен  дипломатиялық  қатынастар  орнатып,  сауда-саттық  жүргізді. Мәдениетті,  әдебиетті, медицинаны,  ғылымды  дамытты...» . Қазірдің  өзінде  Қытайдың  ұлттық  ақшасы  «юань» деп  аталады.  Зор  сүйіспеншілікпен  қойылған  қытайдың  тарихи  топтамасы  «Шыңғыс  хан»  дүние  жүзінде  әйгілі  болды. Ендеше,  татардың, қазақтың,   басқа  да  түркі  халықтарының  бабасы  Шыңғыс  хан  тарихта  неге  бізге  жау  болып  көрсетіледі?  Бізге, түркілерге,   арқау  болатын  ұлы  бабамызды  жау  қылып  көрсету  отаршылардың  ойлап  тапқаны. Алтын  Орда – біздің   алтын  мемлекеттігіміз.

Бүгінгі  жер  ауқымын,  этникалық  құрамын  ескеріп  Қазақ  хандығын  қазақ  халқының    мемлекеттігінің  орныққан  дәуірі  деп  санауға  болады.   Ежелден  отырықшы  көршілеріміз  бізді  кем  санап,   бабаларымызға   неше  түрлі  аттар  қойды: «скифтер»,  «сақтар»,  « хуннулар», «қырғыздар»,  т.б.  Мағынасы  белгілі:  «варварлар»,  «жабайылар», «құлдар», «кезбелер» ... Егер  өз  мемлекеттігімізді  «Қазақ  Хандығынан»  бастағымыз  келсе,  біздің әділ  атымыз «Алаш  елі»  болу  керек. Біз  «Алты  Алаштың»  ұрпағымыз,  яғни   әртүрлі  тайпалардан  құралған  елміз.    Алғашқы жазба  ескерткіш  қалдырған  қазақтың  тарихшысы  Қадырғали  Жалайыр «Шежірелер  жинағында»  Түрік  тарихы , Алты  Алаштың  тарихы, ұлттың − «Алаш  мыңының» тарихы  ХVІ ғ. аяғына  дейін  қат-қабат  берілген.  Шежіреде  Алты  Алаштың  құрамына  енген  жалайыр,  татар,  меркіт, күрлеуіт, тамғалық,  тарғұт, ойрат (қалмақ), барғұт,  құры,  тұлас,  тума, бұлғашын,  кермучин, орсаут,  теленут, кестеми, құрқакереит,  найман, танғұт, онғұт, қырғыз, ұйғыр, өзбек, түркімен, башқұрт, қатаған  және  тағы  басқа  тайпалардың  тарихы  жазылған.  Қадырғали  қазақты  шежіреде «Алаш» , ал  мемлекеттік  одағын «Алаш  мыңы»  деп  атайды.  Тарихшы «Алаш  мыңының» − халықтық  зор  күш  екендігін  жыр  етеді.  Бұл  туралы  «Тарих-и Рашиди» кітабында былай  делінген: « Әбілқайыр  хан  Дәшт-е-Қыпшаққа  түгелдей  билігін  орнатты. Кейбір  тегі  Жошы  сұлтандар  оның  тарапынан  төңген  қауіпті  сезіп, сақтық  танытты. Бір  топ,  Керей  хан,  Жәнібек  сұлтан,  тағы  біразы  Әбілқайыр  адамдарынан  қашып  шығып,  Моғолстан  жаққа  кетті.  Ол  кезде  Моғолстандағы  билік  Иса Бұға  хан  оларды  құрметпен  қарсы  алып, Моғолстанның  шетінен  орын  берді.

Алғашында  осылай  көп  санды  елінен  жарылып  қашып  шығып,  біраз  уақыт  сұлтансыз  әрі  сергелдеңде  жүргендіктен,  оларды  «қазақ»  деп  таныды. Бұл  лақап  оларға  орнығып  қалды».  Мұхаммед  Хайдардың  бұл  көрсетуінен  «қазақ» есімінің  қазақ  қауымына  сырттан  берілгендігін  аңғару  қиынға  соқпайды.  Барлық  халықта  екі-үш  этноним бар.   Мысалы,  біз  қытай  халқын  қытайлар  десек,  олар  өздерін  ханьдар,  ал орыстар өздерін  русские   дейді,  ресми  атаулары  да   осылай  аталады. Бір  халықтың  бір  мезгілде  әртүрлі  аталуы  жаңалық  емес.  Сырттан  айтылатын  атаулар  да  жетіп  артылады. Қазақ  халқы  да  солай  болған.  Қадырғали  Жалайырдың  жинағында  «қазақ» сөзі  кездеспейді. Өйткені  ол  кезде  қазақтар  өздерін  көрші  халықтар  берген  атпен  атамай,  өздері  қабылдаған  атпен  атаған.  Ол  ат –«Алаш  мыңы» немесе  кейінірек  аталған «Алаш  елі», «Алаш»  еді.  Айтылған  атау  ел  есінде  сақталып,  әртүрлі  тарихи  жағдайларда  үнемі  қолданылып  отырды.  Әсіресе,  ұйымдасу,  рухтану, ынтымақ,  бірлік,  азаттық  үшін  күрес  жағдайларында  кеңінен  қолданылды.  Осылайша,  «Алаш»  ұғымы  халықты  жігерлендіретін  ұранға  айналды. Кейінгі  дәуірлердегі  қазақ  тілінде  «Алаш»  сөзі  екі  мағынада  жұмсалатын  болған:   бірі – «қазақ  халқы»  дегеннің  синонимі  ретінде,  екіншісі –«жат»   мағынасында. «Алаш  мыңы»  атауы  алғашқыда  бір- біріне   жат  тайпалардың  одағын  білдірген  болу  керек.  Алтын  Орда  күйрегеннен  кейін  қазақ  атымен  үш  мемлекет  болды: 1) Ең  үлкені – Қазақ  ордасы,  Қазақстан. 2)Енді  біреуі – Әзірбайжандағы  қазіргі  Қазақ  ауылы  деп  аталатын  Қазақ  хандығы.  Оның  өзінің  тарихы  бар. 3)Ендігісі – Қасым  хандығы, Мәскеу  мемлекетінің  түркілерді  жаулау  үшін құрған қуыршақ  хандығы.   Мұндағы  жұрт  та  өзін  қазақ  деп  атаған.

Сібір  жұрты  дегеніміз  де – қазақтың  бір  бөлігі. Сол  кездегі  қазақ  хандығының  ұтымды,  көреген  саясатының  нәтижесінде  Сібір  жерінің  көп  бөлігі  Қазақ  хандығының  құрамына  енді.  Сібір  жұртының  сол  замандағы  таңбаларын  тексеріп  қарағанда,  олар  керей,  қыпшақ , табын,  жалайыр, арғын  болып  келеді.  Қадырғали  Жалайырдың  «Шежірелер  жинағы»  қазақ  тілінде  жазылған  тұңғыш  ғылыми  шығарма. ХVI   ғасырдағы  қазақ  жазба  тілінің  Абай  шығармаларының  тілінен   едәуір  айырмашылығы  бар. Қазіргі  кезде  тілімізге  шет  елдік  сөздердің  көптеп  кіріп  жатқанын  байқап  жүрміз. Бұл  шығарма  сол  кездегі  қазақ  тілі – шағатай-қазақ  тілінде  жазылған. Шоқан  Уалиханов  шежіренің  тілін  «совершенно  джагатайский,  очень  близкий  к  нынешнему  киргизскому ...» − деп  сипаттама  берген.  Алаш  Одағының  тілі − шағатай  тілі  болған. Бүгінгі қолданыстағы  қазақ  тіліміз  көне  шағатай  тілінен айырмашылығы  шамалы, сондықтан  қазақ  тілін  жаңа  шағатай  тілі  деп  атауға  әбден  болады.  ХІХ ғасырдың  басындағы «Алаш  Орда»  көсемдері  өсиет  қылып  қалдырған  «Алты  Алаш»  деген  атау  бүгінгі  біздің  көп  этносты демографиялық  жағдайымызға  сай  келіп  тұр. Көнеден  қалған  сөз   бар:  «Алтау  ала  болса,  ауыздағы  кетеді,  төртеу  түгел  болса,  төбедегі  келеді». Мемлекетіміз  «Алаш  елі»,   мақсатымыз − Мәңгілік  ел  болса, бұл  атаулар   ұлтымызды  ұйыстыруға  себебі  тиер  еді. « Біз  қазақпыз  ба, әлде  қазақстандықпыз  ба?»  деген сияқты  сұрақтар  туындамас  еді.  Біз  «алтауы  бір», ұраны  бір  «алаш»,   алаш  халқы  болар  едік. Мемлекетіміздің  әр  азаматы  жалғыз  «алаш»  сөзімен  аталатын  болады.  Ежелден  төл  тарихшымыз  Қыдырғали Жалайырдың  заманынан  бастап,  көп  нәсілді,  көп  дінді  біртұтас  алаш  одағы  болғанбыз.  Алты  Алашқа  кіретін  кейбір  этностардың  қазақ  этносына  туыстығы  туралы  Шәкәрім  Құдайбердіұлы  «Түрік,  қырғыз-қазақ  һәм  хандар  шежіресінде»  анық  жазған:  «... біз  ұйғыр  атынан  шыққан  елміз. Бұл  ұйғыр  деген  бірігіп  қосылған  деген  мағынада  деп  шежіре  жазушының  бәрі  айтқан  десе  де  болады.  Сол  ұйғырдан  қырғыз,   қаңлы,  қыпшақ,  арғынут,  найман,  керейт,  дулат,  үйсін  деген  таптар  шығып,  солардың  нәсілінен  шыққанбыз»,  «... Бергі  заманда  қазақ  аталғаны  болмаса,  біздің  қазақ  та  қырғыз  нәсілінен »,  « ... Шағатай  нәсіліне  қараған  қазақтар  Мауранаһарда  отырықты  болып  қалғандықтан,  өзбек  аталып  қалды»,  « Сонда  (Сырдарияға )  барып  орныққан  (құрама) ел...   сарт  атанып  кеткен...»,  «... Стамболдағы  Осман  түрік  те  қаңлы  нәсілінен».   Мүмкін,  ресми  атымызды  «алашқа»,  ресми  тілімізді  «шағатай»  тіліне  өзгертудің  қажеттілігі  бар  шығар.

Тарихымызды  толығырақ  түсіну  үшін  басқа  туыстас  халықтардың  тарихынан бір-екі  мысал  алайық . Біздің  арғы  бабаларымыз  моңғол-татарлар  Тәңірге  сыйынған.  Алтын  Орда  ыдырағаннан  кейін  көпшілігі  (түркілер) ислам  дінін  қабылдады, екінші  бөлігі (моңғолдар) буддизмнің  ламаизм  тармағына  кірді. Дін  қабылдау  барысында,  тіл  мен  діннің   өзгеру  үрдерсін кемпірқосақ  түстерінің  өзгеруімен  салыстыруға  болады.  Кейбір  рулар  мен  тайпаларда  тәңіршілдік,  ламаизм,  ислам  араласып  кеткен. Мысалы, Павлодар  облысында ХХ ғасырдың  ортасында  да   арамызда  руымыз  «қалмақ»  дейтін  қазақтар  кездесетін, тәңіршілдікті  ұстанатын,  емшілікпен  айналысатын   бақсылар  да, атеистер де  болды.  Үлкендер  «Тәңір  жарылғасын»  деп  бата  беретін.  Арамызда  Тәңірберген,  Ойрат,  Доржы  есімді  адамдар  тұрып  жатты. Қазірдің  өзінде  Қазақстанның  әр  аймақтарында  қалмақ  руының  ұрпақтары  бар. Көркем  әдебиетте,  көркем  фильмдерде    жаулардың  бәрін  «қалмақ»  деп  атау  әділдікке  жатпайды.  Жаугершілік  заманда  түркі  сахарасында  талай  айқастар  болып  жатты.  Жаулардың  бәрі  қалмақ  емес. Әбілғазы  Баһадүр  ханның  «Шежіресінде»  бірге  туған  ағалы-інілер,  әкелі-балалар  билікке,  жерге  таласып,  халықтың  қанын  судай  ағызып,  бір-бірімен қырқысып  жатты. Олардың  бәрі  түркілер. Жоңғар  хандығы  123  жыл  ғана  өмір  сүрді,  хандықты  жойған  Аспан  Асты  Империясы.  Әрине,  қазақ  пен  қалмақтың  арасында  қақтығыстар  болып  тұрды  және  ол  қақтығыстардың  басқа  да  көрші  елдермен  болған  қақтығыстардан  айырмашылығы  шамалы.  Тарихта  белгілі  Тәуекел  хан  қазақтың,  қырғыздың,  қалмақтың  ханы  болған.  Кіші  жүздің  Әбілқайыр  ханы  қазақтың, башқұрттың,  қалмақтың  ханы  болды.  Қалмақ  ханы  Қалдан  Серен   Тәшкентте  Ұлы  жүзді  билеп,  өз  еркімен  хандықты  Жолбарыс  ханға  тапсырды. Абылай  хан  қалмақтың  Әмірсана  ханымен  анда  болған. Қазақ  халқы  мен  қалмақтар  бір-бірінен  қыз  алып, қыз  берісіп  тұрған.  Қалмақтың  кім  екенін  анықтау  үшін  Құдайберді  Шәкәрімұлының  еңбектеріне  сүйенейік.  Қалмақ  һәм  телеуіт: «... сол  қалмақтар – біздің  қазақпен  жақын  тұқымдас  ел. Қалмақ  деген  «қалған» деген  сөзден ...  Оның  рулары – арғын, найман, қыпшақ, керейт, меркіт,  ..., сақал, қырғыз, моңғол , сарт. Тілдері  ескі  түрікше,  бірақ  моңғолға  көп  қарағандықтан  мағол  тілі  қосылған». Мында  «қалған»  деген  сөзді  ислам  дінінен  алшақ   қалған   деп  түсіну  керек.  Кеңес  Одағы  құрылған  кезде  қалмақтар  Түркістан  Республикасының,  яғни  Қазақстанның  құрамында  болған. «Бөліп  ал  да,  биле» саясатына  сәйкес  ұлттық  межелеу (национальное  размежевание)  барысында  Ресей  Федерациясы  қалмақтар  мен  төлеңгіттерді  қамқорлыққа  алған  болып,  шоқындырып,  «алтайец» деген  атпен,  өзіне  қосып  алды. Неліктен  қисыны  келсе  де,  келмесе  де  орыс  тарихшылары  қалмақтарды  қазаққа   жау  қылып  көрсеткені  түсінікті.

ХVII  ғасырдың  басында  Қытай  Ойрат  еліне  қысым  жасап,  қырып-жойып,  көршілерін  айдап  салып, халқын,  атамекенін  тастап,  қоныс   аударуға  мәжбүрледі.  Ойрат  миграциясы  Қазақ  хандығының  сыртқы  жағдайын  қиындатты,  орталық,  оңтүстік,  солтүстік-батыс   ұлыстарына  қауіп  төндірді. Бұл  туралы  Семей  университетінің  тарихшысы  Амантай  Исин  былай  дейді:  «Қалың  ойрат  тайпаларының  қазіргі  Солтүстік  және  Солтүстік-батыс   Қазақстан  аймақтары  арқылы  батыс  далаға  қоныс  аударуы  қазақтар  үшін тиімсіз  болса  да,  Есім  хан сияқты  дара  билеушілер  бұл  құбылыстың  өзінен  оңтайлы  шешімдер  іздеген.  Қазақ ,  ноғай, халқа  моңғолдардың  ойраттарға  қарсы  бірігіп, 1620 жылғы  соққы  берген  тарихи  жеңісі  Есім  ханды Ер  Есім  атандырды.  Содан  бастап  Арқа  жерінде  шашыранды қалған  ойрат  ұлыстары  Есім  ханға  тәуелді  бола  бастайды  немесе  онымен  одақтасып,  Есім  ханның  әскери  күш - қуатын  асыра  түседі. Есім  ханның  басты  жоспары  біртіндеп  Тәшкент  бағытына  ауады.  Торғауыт  қалмақ  Батыс  Қазақстанда  көшіп  қонып,  Үлкен   Ноғай  ордасын  ығыстыруымен  қатар  Кіші  жүз  ұлыстарын  таршылыққа  ұрындырады. Есім  хан  болса , бір  саяси  одақтастарын  Арқа  жерінде  қалған  қалмақтардан  тапқан.  Қалмақтар  Есім  ханмен  бітімге  келуді  тиімді  көреді...  Қазақ  хандығының  тарихы  ойрат-қалмақтармен,  кейін  жоңғар-қалмақтармен  тығыз  байланыста  болған. Қазақ  пен  қалмақ  үнемі  соғысып  жүрмеген,  ымыраға  келіп,  қалмақ  ұлыстарының  Қазақ  хандығы  құрамында  күн  кешкен  жайлар  барлық  қалмақты  жау  көрген  эпикалық  сананың  көлеңкесінде  қалған».

Тағы  да бір  арамызда  тұрып  жатқан,  ассимиляцияға  ұшыраған,  халықтың  тағдырын  алайық.   Алтын Орда ыдырағаннан  кейін  Еуразия  кеңістігінде  көптеген  түркі  тілдес  халықтар  жаңадан  құрылған  мемлекеттерден  тыс  қалды. Ұлы  түркітанушы   Л.Гумилевтың  зерттеулері  бойынша  казактардың  арғы  бабалары  касогтар,  хазарлар, шеркештер. Олар  өзара  бірігіп  казактар  одағын  құрды.  Өзін-өзі  басқару  жүйесі  қалыптасып,   атамандарды   жиылыстарда    көпшілік  сайлады.  Бұларға   айналасындағы  басқа  да  көршілес  елдерден  босыған,  қашқан   адамдар,  «староверлер» қосылды. Осылай  шаруашылыққа  мықты, тәуелсіз,  ерікті  казак  халқы  пайда  болды. Ресей  патшалары  қорқытып-үркіту,  алдап-арбау  арқылы   (политика  кнута  и  пряника)  жаңа  пайда  болған  этносты,  басшыларына  шен-шекпен  таратып,  өз  мүдделеріне  пайдалануға  тырысты.  Миссионерлерін  жіберіп  казактарды  провославие  дінін  қабылдатты,  бастапқы  тілдерінен  айырды.  Казактар   басқа  да  бұратана  халықтар  сияқты  қаналып   қуғындалды. «Варварларды  варварлардың  қолымен  жою»  үшін  Ресей  патшалары  казактардың  әскери  жасақтарын  Қазан  хандығын,  Астрахань  хандығын,  Қырым  хандығын,  Сібір  хандығын  жаулап  алу  үшін  пайдаланды.  Ресей  патшалығы  Қазақ  хандығын  қорқыту   үшін  казактарды  қарсы  қойып, талай  шабуылдар,  жорықтар  ұйымдастырды.  Казактарды  көшіріп,  қазақтың  өзенді-көлді, сулы-нулы  жерлеріне  қоныстандырып,  түркі  мемлекеттіктерін  жою  үшін  қолданды.

Бұл  тәсіл  Ресей  патшаларына  қатты  ұнады. Казак  жасақтарын  басқа  да  бұратана  халықтардан  ұйымдастыра  бастады:  Украин,  Қырым, Литва,  Татар,    Қалмақ, Грек,  Бурят, Якут, Тунгус,  Түркімен, Терек,  Дағыстан, Осетин  казак  әскери  жасақтары   дегендер  де  болды. Әр  этностан  құрылған  казактарды  бір-біріне  айдап  салып  өзара  қырлыстыратын   жағдайлар  да  кездесті.  Казактар  Ресейдің  езгісіне  шыдамай,  талай  көтерілістерге  шықты.  М.Баловнев,  И. Балаш, С.Разин, К. Булавин, Е. Пугачев  басқарған  көтерілістер  орыс  мемлекетінің  казактардың  құқығы  мен  бостандығын  шектеуіне,  салт-дәстүрін  құрту  әрекеттеріне  қарсы  бағытталған.  Азаматтық  соғыс  кезінде казактардың  басым  көпшілігі  Кеңес  үкіметіне  қарсы  шықты.  Ақтар  қозғалысының,  Дон  армиясының  негізін  казактар  құрады. Екінші  дүниежүзілік  соғыста  Германия  мен  Жапония  Кеңес  армиясына  қарсы  казак  жасақтарын  кеңінен  пайдаланды.  Бұл  күрес  өз  алдына  ел  болып,  тәуелсіз  Казакия  мемлекетін  құруға  бағытталған  болған  еді.  Бірақ  та,  казактар  еш  нәтижеге  жете  алмады. Көптеген  казактардың  серкелері  атылып  кетті.  Ресей  империясында да , Кеңес  үкіметі   кезінде  де  белсенді  түрде  «расказачивание» саясаты  жүргізілді. Мақсаты − казактарды  сана-сезімінен,  мәдениетінен, құқықтарынан,  құндылықтарынан  айыру. 1917 жылғы  төңкеріске  дейін  де,  КСРО  заманында  да  казактар  көсемдерінен  айрылып,  қуғындалған  халық  болып  қала  берді.  1919  жылғы  қаңтар  айындағы РКП(б)-ның  Орталық  комитеттің  директивасы  бойынша «казактар  түбегейлі  құртылуға  тиісті  сословие» делінген.  Осы  дерективаны  қолданып,  Кеңес  үкіметі  көптеген  казактарды  20-30 жылдары  қырғынға  ұшыратты. Көптеген соғыстарда  Ресейдің  мүддесін  қорғаған,  Ресейдің  отаршылдық  саясатының  қолшоқпары  болған, Польшада,  Манжоу-Года, Парагвайда  соғысқан  миллиондаған  казактар  қайда  кеткен?   Рухынан,  этникалық  сана-сезімінен  айрылған  казактар  ассимиляцияға  ұшырап,  жұтылып, орыспыз  деп жазылуға  мәжбүр.  Ресейде  2002  жылғы санақ  бойынша,  140028  казак  тұрған,  ал 2010 жылы  - 65573.  Казактардың өздерінің жүргізген  тәуелсіз санағы  бойынша  2010 жылы  тек  Ростов  облысында  1 миллионнан  астам  казактар  тұрып  жатқан. Сонымен  қатар  Волгоград  облысында,  Краснодар  және  Ставрополь   өлкелерінде  халықтың  үлкен  бөлігін  казактар  құраған.  Мемлекет  саналы  түрде санақ  нәтижесін  кемітіп  көрсетуде. Казак  халқы  жоқ – проблема  да  жоқ  деп  санайды  билік  басындағылар.  Түсініксіз, тәуелсіз  Қазақстанның  санағында  казактар  неліктен  орыс  деп  көрсетіледі? Бұл  Ресейдің  нұсқауы  ма?

Көп  мемлекеттерде  елінің  тарихына  зор  үлес  қосқан  адамдардың  аттарымен  қалаларды  атайды.  Мысалы: Вашингтон, Линкольн,  Санкт- Петербург, Екатеринбург, Навои, Хошемин, Калининград, Владимир  т.б. Қазақстанда  керісінше  ірі-ірі қалаларымыз,  облыс  орталықтары  Павлодар,  Петропавловск  отарлаушы  Ресейдің  патшазадасы  мен  әулиелерінің  атымен  тұр. Бұл  аттарды  нағыз  қазаққа  айтуының  өзі  қиын,  өйткені  бізде «в» деген  дыбыс  жоқ.  Бұл  атауларды  осы  күнге  дейін  қалдыру  қытайға  зорлап  «р»  дыбысын,  немесе  орысқа  «ғ» дыбысын  айтқызумен  тепе-тең.  Қария   адамдардың  айтуына  қарағанда  Павлодар  орналасқан  жер « Мойылды»  деп  аталған, көктемде  Ертістің  жағалауы  ақ  мойылдың  гүліне  оранып  тұратын.  Мойылдан  қамыт, доға, сап, ат-әбзелдері  жасалатын. Бүгінде  жағалаудан  мойыл  жоғалып  кетті.  Мойылды  деген  ат  тек  Павлодар  шипажайының  аты  ғана  болып  қалды.  Біздің  тарихымызда  мемлекеттігіміздің  қалыптасуына, тәуелсіздігіміздің  нығаюына   зор  үлес  қосқан  тұлғалар  жеткілікті.  Тарихымызды  Қазақ  Хандығынан  бастасақ,  бүгінгі  шекарамыздағы  жерлерді   бізге  мұра  қылған,  құқықты  мемлекет  құрған  «Қасым  ханның  қасқа  жолын»,  «Есім  ханның  ескі  жолын»,  «Тәуке  ханның  жеті  жарғысын»  қалдырған  ұлы Қасым, Есім, Тәуке  аттарын  неге  қоймасқа? Оларға  «Алаш»  қайраткерлері  Әлихан ,  Мағжан, Ахмет, Мұстафа  есімдерін  қосуға  болады.

Кезінде ұлы  бабамыз  Шыңғыс  хан  құрған  Алтын  Орда  неге  құрып  кетті?  Неліктен кезінде Алтын  Орданың  боданы  болған  елдер  татар-моңғолдардың  ұрпақтарын  бөлшектеп  билеп  отыр? Тағдырға  жаба  салу  оңай. Бүгінгі  дүниежүзілік  саяси  картада   тәуелсіз  алты  түркі  мемлекеті,  бір  моңғол  мемлекеті  бар. Әрине,  кешегі  моңғол  бүгінгі  моңғол  емес,  кешегі  татар  бүгінгі  татар  емес.   Тіліміз  де  өзгерді, дініміз  де  өзгерді. Тәңіршілдік  жоққа  кетіп,  мұсылман,  ламаист  болдық. Тарихтан  тағлым  алып,  өткенімізді  саралап,  бүгінгі  барды  жетілдіру − бүгінгі   ұрпақтың  мақсаты. Татар-моңғол  мемлекеттерінің   күйреуінің  басты  себебі − билік  басындағы  Шыңғыс  ұрпақтарының, сұлтандардың,  ру-тайпа  басшыларының  алауыздығы. Жауларымыз  дос  бетпердесін  киіп,  өз  адамдарын  билікке  кіргізіп,  түркі  мемлекеттерін  «іштен  кемірді». Әр  кездерде  де  замананың  «табгаштары» табылып  тұрды. Ел  басындағылар   халықтың  қамын  ойламай,  өз  қара  бастарын,  қарындарының  тоқтығын,  байлықты  көбірек  ойлап,  елге  опасыздық   жасады. Сондықтан,  жоғарыда  айтылған  жеті  елдің  билеушілері  тарих  сабағын  жадында  берік  сақтау  тиіс.  Олай  болмағанда  тәуелсіздігімізден  айрылып,   бодан  қалпымызға  қайтып  келуіміз  әбден  мүмкін.

Елбасы  «2020  бағдарламасында» 2020 жылы  Қазақстанда 30 миллион  халық  болу  керек  деп  болжаған. Бүгінгі  табиғи  өсімге  қарасақ , біздің  халқымыздың  саны  20 миллионға  да  жете  алмайды. Жер  шарында  халықтың  табиғи  өсімі  жоғары  аумақтар  бар.  2015 жылы Еуропаға  аққан  миграция  жалғыз  ғана соғыс  салдарынан  емес,  Еуропа  одағының  тоқтата  алмай  тұрған  көші-қон  үрдісі кейбір  елдерде  халық  тығыздығы  күрт  өсіп,  кедейшілік, жұмыссыздық  шегінен  асуына  байланысты. Көші-қон  легін  Жерорта  теңізі,  күннің  суығы,  ажалмен  аяқталатын  апаттар,  қаруланған  шекарашылар, биік  қабырға  мен  тікен  сымдар, депортациялау    тоқтата  алмады.  Ғалымдардың  болжауы  бойынша, 2030 жылдардан  ары  қарай  бұдан  да  ірі  көші-қон  легі  жүруі  мүмкін.  Біз  қазір Орта  Азиядағы  өз  бауырларымызды  елімізге  кіргізбей,  қуғындаймыз. Әр  түрлі  қиын-қыстау  жолдармен  Қазақстанға  келген  қырғыздар,  тәжіктер,  өзбектер,  қарақалпақтар,  түркімендер,  татарлар,  башқұрттар қазақ  тілін меңгеріп,  аралас  отбасын  құрып,  балаларын  қазақ  мектебіне  беріп,   елімізге  бейімделіп  кетті.  2030  жылдардан   кейін  миграция  Жер  шарының  қай  бөлігінен  болатынын  болжай  алмаймыз. Біреуі  анық ,  халқы  жағынан  тығыздығы  төмен Қазақстанды  көші-қон  легі  айналып  өтпейді.   Бұл  лек  біздің  тілімізді,  мәдениетімізді,  салт-дәстүрімізді   жайпап   кетуі  мүмкін. Сондықтан қазіргі  заманда өзімізге  туыстас , тарихы, мәдениеті  бір, тілі  ұқсас  Орта  Азия  мигранттарын  жоспарлы  түрде  ретпен  елімізге  қабылдауды  ойлаған  жөн. Ондай  тәжірибе  Австралияда ,  Канадада  бар.

Қазақтар  адамзаттың,  оның  ішінде  түркі   әлемінің,  құрамдас  бір  бөлігі. Әлем  мәдениетінде  түркілердің  де  тек  өзіне  ғана  тән  «кетігі» бар.  Жаһандану  заманында  қазақтарды  жеке  дара  бөліп  қарастыруға  болмайды,  халықаралық  ықпалдастықтың  маңызы  зор.  Біздің  ортақ  үйіміз,  Жер  шары, ғаламның  кішкентай  ғана  бір  түйіршігі.  Осы  үйімізді  аялап,  қаз- қалпында  келешек  ұрпаққа  тапсыру  адамзаттың  мақсаты.  Біз  ұлы  көршілеріміз  Қытаймен  және Ресеймен  тарихтан  тағлым  алып  достық  қарым-қатынаста  болуымыз  керек. Сауда-саттық  егемендігімізге  нұқсан  келтірмей,  екі  жаққа  да  пайдалы  болу  керек.   Мемлекеттігімізді,  экономикамызды  дамытуда  озық  елдерден  АҚШ-тан,  Батыс  Еуропадан,  Жапониядан, Оңтүстік  Кореядан   үлгі  алу  абзал.  «Азаттық»  радиосының  бұрынғы  директоры  Хасен  Оралтай  1991 жылы  былай  деген: «Қазақстан  тәуелсіздік  алмағанда,  енді  бір  бес  жылдың  ішінде  қазақ  халқы  орыс  болып  жазылып,  тарихтан  өшіп  кетер  еді. ..» Ақиқат.  1991 жылы  Павлодар  облысында  қазақ  тілі  қолданыстан  шығып,  жалғыз  ғана  толыққанды  қазақ  мектебі  қалған.  Қазақша  сөйлейтін  бір  ғана  орын  болды:  жаназа,  жабдық.  Оның  өзін  партия  комитеттері  көпсініп,  коммунистер  діни  рәсімдерге  қатыспасын  деп  нұсқау  жіберді.  Аллаға  шүкір,  шекке  жеткенде  тағдыр  бізге  тәуелсіздік  сыйлады. Ислам  діні − біздің  тәуелсіздігіміздің,  мәдениетіміздің  бір  діңі. «Толерантность»  сөзін  бүркеніп,  басшыларымыздың  басқа  діндерді  қолдап,  ислам  дінінің  әртүрлі  ағымдарын  қуғындау  тәуелсіздігімізге  нұқсан  келтіреді. Керісінше  ислам  діні  мемлекеттік  дін  ретінде  қабылдану  керек.  Сыртқы  саясатта  Қазақстан  мұсылман  әлемінің  бөлігі  екенін  ұмытпаған  жөн. Түркиясыз,  Орта   Азия  мемлекеттерінсіз  Қазақстанның  үні  халықаралық  ұйымдарда  естілмей  қалуы  мүмкін.

Егер  біздің  басты  жауымыз  қалмақ  болса, сан  жетпес  шайқастарда  «жеңіске»  жеткізген  көптеген  батырларымыз  болғанда,  Қазақ  хандығы  неліктен  әлсіреп, орыстың  отарына  айналды?  Халқымыз  зұлматқа  ұшырап,  құрып  кетудің  аз-ақ  алдында  болдық.  Үйлесілімділік  қайда? Өзімізді-өзіміз  қорғай  алмай,  өзімізден  көп  әлсіз  туыстас  қалмақтарды  не  үшін  қырдық? Бұрын  да,  қазір  де,  жауымыз  бен  достарымызды  ажырата  алмағанбыз. Жауларымыз  «шап!»  дегенде, өзімізден  әлсіз  туыстарымыз  жоңғарды,  башқұртты,  өзбекті,  түркіменді,  қызылбасты  шаба  беріп,  өзіміз  де  қырыла  беріппіз. Өтірік  қамқор  болған  жаудың  құшағына   кіре  беріп,  құлға  айналыппыз. Кешегі  жасаған  қателерімізді  қайталауға  болмайды.  Қалмақты  жеңдік , Қоқанды  жеңдік , немісті  жеңдік  деп  мақтанудың  қажеті  жоқ.  Қоқанда   1917  жылдың  оныншы  желтоқсанында  Түркістан  автономиясы  құрылды.   Автономия  жетекшісі, Мұстафа  Шоқайдың  пайымдауынша,  бұл  тәуелсіз  қазақтардың,  қырғыздардың,  өзбектердің , ұйғырлардың,  түркімендердің,  тәжіктердің,  еврейлердің  және  көшіп  келген  орыстардың  біртұтас  мемлекеті  болуы  керек еді. Ташкентте  билікті  басып  алған  орыс  большевиктері  Автономияны   Мәскеудің  нұсқауымен   мойындамады,  ұсынған   келіссөзге  бармады.  1918  жылдың  ақпан  айында  орыс  большевиктері   қызыл  әскерлерді,  Ташкент  гарнизонын,  армян  дашнактарын  топтастырып  Қоқанды  қанға  бөктірді. Үш  күнге  созылған  қырғын,  тонаудан  кейін  150 мың  Қоқан  тұрғынының  80 мыңы  өлтіріліп,  қаланың  орнында  қирандылар  қалды.  Бұл,  сөзсіз,  орыс  отаршыларының  жеңісі, Орта  Азия  халықтары  үшін  ауыр  қаза. Ұлт  азаттық  күрес  он  жылдан  астам  толастамай  жүріп  жатты.  Автономия  көсемі  Мұстафа  Шоқай  тәуелсіз  Түркістан  үшін өз  күресін  1941  жылға  дейін  жалғастырды,  ақыры  уландырылып  өлтірілді. Түркістан  автономиясымен  қатарлас  Алаш  автономиясы    құрылды, оның  да  ғұмыры  қысқа  болды.  Алаш  партиясының   жетекшілері  тұтқындалып,  атылып  кетті.  1918 жылдың  мамыр  айында V  өлкелік  Кеңестер  съездінде  Түркістан  Кеңес  Республикасы  құрылды.  1920  жылдың   26 тамызында  одан  Қырғыз  АКСР-ы  бөлініп  алынды. 1924 жылдың  14 қазанында  Қырғыз АКСР-ынан   Қара-Қырғыз  КАО  бөлініп  алынды. 1925 жылы  бөліктер  Казак  АКСР-ы  және  Қырғыз  АКСР-ы  болып  өзгертілді.  1936 жылы  Казак  АКСР-ы  Қазақ  АКСР-ы  болып  ауыстырылды.  Ол  заманда  Қазақстанның  шұрайлы  жерлерінде  (Жайық  өңірі,  Ертіс  өңірі , Бурабай  өңірі,  Верный қ.  т. б.)  казактар  мекендеп  жатқан. Бұл  атаулардың  өзгеруінің  астарында (түркістан-қырғыз-казак-қазақ)  тек  Кеңес  коммиссарларына  ғана  мәлім  сыр  жатыр.

Екінші  дүниежүзілік  соғыста  жеңілген  жақ  болып  саналатын  Жапония  мен  Германия  бүгінгі  күнде  ұлттық  ішкі  өнім  жағынан  үшінші  және  бесінші  орында,  экспорттың  көлемі  жағынан  сәйкесінше  төртінші  және  екінші  орында.  Ал  жеңімпаз  Ресей  ұлттық  өнім  көлемі  жағынан  тоғызыншы  орында,  экспорттан – он  екінші  орында. 9- мамыр  біз  үшін  жеңіс  күні  емес,  аза  күні.   Соғысқа  аттанған  әр  екінші  азаматымыз  үйіне  оралмай  майдан  даласында  қалды.  Соғыс   алпауыт  елдерге   жер  бөлісіне  керек, ал  шағын  мемлекеттердің  халқы  құрмалдық  малына  (пушечное  мясо)  айналады.  Әрине,  ұлы  көршілерімізбен  тату  болуымыз  керек,  сауда-саттық  та  керек. Бірақ,  бүгінгі  жағдайымызды  қалай  түсінуге  болады: 7 мың  км  шекарамыз  ашық  жатыр,  ал  түп-тамыры  бір,  бауырлас  елдермен  шекараларымызды  тарс  жауып  алдық.  Бұл  не,  алпауыт  елдердің  нұсқауы  ма,   әлде  туыстардың  арасындағы  бәсекелестік  пе? Тарихтан  сабақ  неге  алмаймыз?  Тоқмейілсуге  болмайды,  сыпырғыштың  шилеріндей  буылмасақ,  біздің  басымыздан  құрып  кету  қаупі  әлі  сейілген  жоқ.

Теледидарда  үш  тұғырлы  мектеп  жөнінде  дискуссия  жүріп  жатыр.  Бүгінде  біздің  қоғам  оған  дайын  емес. Азаматтарымызды  тәрбиелеп  алмай ол  жөнінде  айту  ерте.  Жоғары  лауазымды   қызмет  істеген  бір  ақсақалдың  балаларының  қазақша  білмегенін  түсіндіргені   таңқаларлық:  «Менің  үлкен  қызым  Прагада  тұрады,  банк  жүйесінде  қызмет  істейді.   Ұлым  Америкаға  кетуге  дайындалып  жүр. Қазақстанда  жалақы  төмен.  Ловить  здесь  нечего.  Зачем  за  гроши  горбиться?  Қазақ  тілінің  оларға  керегі  қанша? »  1991  жылдан  кейін  шет  елге  кеткен  жастарымыз  жеткілікті. Олар АҚШ-та, Германияда, Ресейде  тұрып  жатыр.  Кейбіреулерінің  жетістіктері  де  бар,  яғни  «сұлтан» болғандары. Таңқалдыратын  бір  жағдай,  солардың  көпшілігі  Қазақстанда  қалған  ата-аналарымен  қатыспақ  түгілі,  қабырына  өлгенде  топырақ  салуға  да  келмейді.  Ағайындары: «Не  істейсің,  Алланың  жазуы,  шіріген  бір  жұмыртқа»,-  деп  өздерін  жұбатады. Одан  да  өз  елінде  «ұлтан»  болып  жүріп,  Қазақстанның   гүлденуіне  аз  да  болса  үлес  қосатын  ұлдарымыз  артық  шығар. Үш  тұғырлы  мектепте  патриотизм,  елжандылық  тәрбиелеу  ата-аналардың  құзырына  көшпек.  Мектеп  ағылшын  тілді  тұлға  тәрбиелеуге  тиісті. Рас,  жаһандану  заманында әр  ғалымға,  әр  бизнесменге,  әр  журналистке,  тіпті  туристке  де  ағылшын  тілі  керек-ақ.  Екінші  жағынан,  өздері  қазақ  тілін  жетік  білмейтін  ата-ана,  нағыз  отансүйгіш  адамды, Қазақстанның    патриотын  тәрбиелейтіндігі  күмәнді. Вашингтонда,  Мәскеуде,  Парижде  тұратын  түбі  қазақ  тұлғадан өз  еліне  қандай  пайда?  Мәңгүрттікке  ұрпақтарымызды  итермелемейік. «Жүзден − жүйрік,  мыңнан − тұлпар »,-  дейді   дана  халқымыз. «Тұлпар»  болып  шапқан  өрен  ағылшын  тілін  де  өздігінен  меңгеріп  адамзатқа  ауқымды  үлес  қоса  алатындай  тұлға  болып  шыға  алады. Оны  өмір  өзі  көрсетіп  отыр. Орыстың  ұлы  ақыны Н.Некрасов  былай  деген : «Ақын  болу  міндет  емес,  азамат  болу  міндетің». Ең  алдымен  бесігімізді  түзеп,  ұлтымызды  ұйыстырып,  азаматымызды  тәрбиелейік.   Үш  тұғырлы  мектеп – келешектің  мектебі.

Қорытындысын  түйіндесек , өткергенімізді  жадымызға  сақтап, тарихтан  тағлым  алайық.

 
0
0
2369

Осы тақырып бойынша

Тарихтан тағлым алу керек - Yvision.kz