Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Таразда еліміздің алты облысы мерейтойлық салтанаттарға даярлықты бастады

Жамбыл облысында, Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеуге дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр екен. Әрине, жаһандану заманында ұлттың өз ділін, тарихын сезініп, ұлт ретінде ұйысып отырғандарын сезінуі – аса маңызды фактор. Тіпті, бүкіл Қазақстанның бір облыс аумағында бас қосып, бір ойдың астында іске кіріскендері жүрекке жылулық ұялатады-ақ.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарының өкілдері абаттандыру және көгалдандыру бойынша жұмыстарға кірісіп кетті. Таяу күндері басқа облыстардан келген кәсіпкерлер саябақтар, көпірлерді жаңартуды, көшелерді абаттандыруды, жаңа саябақтар салып, ескерткіштер орнатуды бастайды.

Бір қызығы, Таразда әрбір қазақстандық облысқа жеке-жеке учаске бөлініп берілген екен. Облыс орталықтары өздеріне тиесілі жерді абаттандырып, мерекелік салтанатты шараларға арнайы дайындайды.

Осылайша, Ақмола облысы 32 млн. теңге сомасына жаңа терминалдың құрылысы аяқталып отырған «Әулие Ата» әуежайынан шығатын жолды безендіреді. Қарағандылықтар 102 млн. теңгеге Атшабар саябағын абаттандырады.

ОҚО қаланың батыс бөлігіндегі кіреберіс аркасын 48 млн. теңгеге жаңартады. Павлодарлықтар батыс көпірдегі айналма жолын сәндеудің бірегей жобасын ұсынды. ШҚО Абай Құнанбаевқа арналған ескерткішті орнатады, алматылықтар Жамбыл Жабаев ескерткішінің жанындағы алаңды барельефтермен және шағын сәулет пішіндерімен безендіреді. БҚО Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақты абаттандырады. Маңғыстаулықтар «Тараз»  қонақүйінің жанындағы ландшафтты жақсартады. СҚО көлік вокзалының жанындағы саябақты 50 млн. теңгеге сәндендіреді.

Атырау облысы Тұңғыш Президент саябағының жанындағы аумаққа қайың және қарағай ағаштарын отырғызған. Дизайнерлік жобаның құны - 50 млн. теңге. «Қарахан кесенесі» тарихи ескерткішінің жанындағы саяжолды абаттандыру бойынша жұмыстар қызу жүргізілуде, бұл жерде Қызылорда мен Қостанай қалаларының бірлескен күшімен құны 150 млн. теңгелік жоба құрылып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу биыл еліміздің барлық аймақтарында өтіп жатыр. 550 жыл бұрын Талас және Шу өзендерінің арасында Керей мен Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығын құрған Жамбыл облысында айтулы шаралар жоспарланған. Олардың арасында театрландырылған көрініс, «Мәңгілік Ел» атты республикалық ақындар айтысы, «Қазақ хандығының құрылуы және тарихы» кітабының тұсаукесері, «Тараз - ғасырлар куәсі» көрмесі, ҚР Президентінің жүлдесі ойнатылатын қазақша күрестен «Еуразия барысы» халықаралық жарысы сияқты шаралар бар. Бұдан басқа, Таразда «Көне Тараз» жобасы іске асырылып, «Қазақ хандығының 550 жылдығы» ескерткіші ашылады, қытайлық Сиань қаласынан Ұлы Жібек жолының бағдарымен жүріп келе жатқан керуен экспедициясына қатысушылардың кездесуі өтеді.

Inform.kz

0
0
864

Осы тақырып бойынша

Таразда еліміздің алты облысы мерейтойлық салтанаттарға даярлықты бастады - Yvision.kz