«Тараз» бас бапкерсіз қалды
«Кеше, яғни мамырдың 14-інде облыстық футбол федерациясы және «Тараз» футбол клубы басшылығының шешімімен команданың бас бапкері Любомир Петрович қызметінен босады», — деп хабарлайды «Тараз» футбол клубының ресми сайты.
Бас бапкердің қызметін уақытша дубльдік құрамның аға жаттықтырушысы Нұрмат Мырзабаев атқаратын болады.
Айта кетейік, Босния және Герцеговина елінен келген маман «Тараз» командасының тізгінін 2012 жылдың басында қолына алып, өткен маусымда клубты ел біріншілігінде төртінші орынға жеткізген болатын. Соңына дейін жүлдеге таласып, фавориттердің өздерін қаймықтырған. Сол көрсеткіштерді ескерген клуб басшылығы Петровичпен келісімшартты создырып, 1+1 жүйесімен құжатқа қайта қол қойған. Алайда, биылғы чемпионаттың 10-шы турынан кейін «отставкаға» жіберу туралы шешім шығарды. «Тараз» бұл маусымда 10 ойыннан кейін 13 ұпай еншілеп, Премьер-лигада 6-орында келеді.
Ертең, яғни мамырдың 15-і күні Петровичтің туған күні. Кезінде «Црвена Звезда» клубына Чемпиондар лигасын алып берген, бір жылдыңішінде Қазақстан футболсүйер қауымының сүйікті бапкерлерінің біріне айналып үлгерген маман 65 жасқа толады.


