«Тараз-Арена» жаңа спорт сарайының құрылысы аяқталып қалды
Жамбыл облысының облыс орталығында «Тараз-Арена» жаңа спорт сарайының құрылысы аяқталуға таяп қалды.
Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Гамлет Қайнарбековтің сөзінше, 2,5 мың адамға арналған спорт сарайының құрылысы 2011 жылдың мамыр айында басталды, қыркүйек айының соңында пайдалануға берілмек. «Мұндай спорт ғимараттары біздің облысымызда бұрын- соңды болмаған және «Тараз-Арена» аймақтағы бұқаралық спортты дамытуда үлкен рөл ойнайды деген сенімдемін», — делі жамбыл спортының жетекшісі.
Спорт сарайы салынып жатқан «Бәйтерек» ықшамауданының 7,5 га ауданында орналасқан, құрылыс 10,6 мың шаршы метрді алып жатыр. Жобаның құны — 4,8 млрд. теңге, соның ішінде құрылыс-жөндеу жұмыстарының құны 3,6 млрд. теңге, жабдықтар құны — 477,6 млн. теңге.
Жобаға тапсырыс берушілер Жамбыл облысы әкімдігінің облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы болып табылады. Құрылысты астаналық «Құлагер» құрылыс корпорациясы» ЖШС-і жүргізуде, оған қоса, 35-тен астам қосалқы мердігер фирма, 360 жұмысшы жұмылдырылған, олардың басым бөлігі — жергілікті мамандар.
«Тараз-Арена» облыс орталығы тұрғындарына 18 спорт түрімен айналысуға мүмкіндік береді. Бес қабатты ғимаратта физикалық және атлетикалық дайындыққа, волейбол, баскетбол, шағын-футбол, теннис спорт ойындарына арналған залдар, спорт бассейні бар. Екі мың жанкүйер сыятын мінбемен жабдықталған 13 зал салынған. Ұзындығы 50 метр, ені 25 метр жүзу бассейндері қарастырылған. Боксшыларға екі алаң орнатылған.
Мамандардың сендіруіне қарағанда, жаңа спорт кешенінің жоғары кәсіби деңгейдегі облыстық, республикалық және халықаралық маңызы бар спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізуге мүмкіндігі жетеді.
ТАРАЗ. ҚазАқпарат

