Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Танысып қойыңыздар, Джо Блэк

Танысып қойыңыздар, Джо Блэк (Знакомьтесь, Джо Блэк)

Кино туралы пост

Басты актерлар: Энтони Хопкинс, Бред Питт және Клэр Форлани. Жай ғана актерлік құрамның өзі фильм туралы көп нәрсе айтып береді. Бірақ мен осы фильмге шағын рецензия жазуды жөн көрдім.

Сюжет

Жағдайы мықты, бақуатты газет магнаты Уильям Перриштің өмірінде, біздіңше айтқанда, Әзірейіл періште (адамдардың жанын әкетуші) пайда болады. Әрине өз кейіпінде емес, қарапайым жас жігіт Джо Блэктің кейіпінде. Өзінің күнделікті жұмысынан шаршаған ол Перришпен келісімге отырады: магнат белгілі бір уақытқа періштенің адамдар өміріндегі серігі болып қызмет етеді, одан кейін оны періште өзімен бірге алып кетеді. Перриштің көмегімен Джо белгісіз адамдар әлеміндегі өз сапарын бастай кетеді. Кенеттен тосын өзгерістер орын алады. Періште орныққан дененің иесі сол күні таңертең Перриштің қызымен кездесіп, оған ғашық болып қалған болып шығады. Ары қарай қызықтың көкесі басталады.

Фильмнің трейлерін көру үшін осы жазбаны басыңыз


Қалдырған әсері

Мен өзім бұл фильмді 3 рет көріп шықтым. Бір қызығы әр көрген сайын жаңа әсер аламын, алдыңғы жолы байқамаған, мән бермеген сөздерді, диалогтарды ұғынамын.

Сол диалогтардың кейбіреулерін келтіре кетейін.

«Жаңалықты дайындау және тарату – бұл пайда табудың көзі емес, бұл нағыз жауапкершілік».

(Перриштің өзі көтерген Газеттің Директорлар кеңесінде айтқан сөзі.)


 

«Сен өзіңе ұнағанды алғың келеді, бұл махаббат емес! Бұл ары кетсе құмарлану, көңілдің ауғаны, құштарлық, ынтығу.  Махаббат деген басқа, махаббат  - бұл сенім, өз әрекетіңе жауапкершілік, сүйгенің үшін қымбат нәрсені құрбан ету, кешіре білу, қателікті мойындау және ғашығыңның бақытын өзіңдікінен жоғары қою. Ал енді осы ойды шексіздік деңгейіне көтер, сонда менің не айтып тұрғанымды дәл түсінесің…»

(Перриштің періштеге айтқан сөзі.)


 

«Ұзақ ғұмыр кешіп, ғашық болмау өмір сүрмегенмен тең.» (Перриштің қызы Сюзиге айтқан сөзі.)

 

Жалпы мен соңғы уақытта Голливуд туындыларын осы қызықты, әрі мағыналы диалогтары үшін көремін. Батыста ғылым жақсы дамығанын білеміз, міне сол ғылымның жемісін олар кино әлеміне де қолданғысы келеді. Фантастикалық фильмдерде ғылыми негізделген технологиялар мен эффектілерді көрсетсе, қарапайым екі адамның арасындағы әңгімеде бүкіл адамзат үшін маңызды сұрақтарға шолу жасап, бірнеше аргументтер, дәлелдер келтіреді, басты сол дәлелдерді қарапайым тілмен, қарапайым емес актерлердің аузымен жеткізеді.


 

Мазмұнды диалогтан бөлек бұл фильмде маған қатты ұнағаны бұл aктриса Клэр Форланидің образы. Биязы, салмақты, ақылды, , ашық жарқын сұлу қыз.

Клэр Форлани

 

Музыка

Кино барысында жиі естілетін композиция америкалық композитор Томас Ньюманның «Whisper of A Thrill» деп аталатын туындысы. Өзіме жақсы әсер қалдырды осы әуен.

Композицияны мына сілтеме бойынша тыңдай аласыз.

P.S. «Танысып қойыңыздар, Джо Блэк» фильмі бәріне ұнамауы мүмкін, бәрі талғамға байланысты, бірақ кино сүйер қауымның басым бөлігіне ұнайтынына сенемін. Көріңіздер! Әсерлеріңізді жазыңыздар! Мен үшін бәрі қызық.




 
0
0
1539

Осы тақырып бойынша

Танысып қойыңыздар, Джо Блэк - Yvision.kz