Танкистер қашан да құрметке лайық
Қыркүйектің екінші жексенбісінде кәсіби әскерилер мен танк жасаушылардың – Танкистер күні мерекесі аталып өтеді. Мереке сайын шынжыр табанды жойқын техниканы меңгерген Отан қорғаушыларды ұлықтау Құрлық әскерлерінде дәстүрге айналғалы қашан. Бұл күні республикамыздағы барлық танк бөлімшелерінде мерекелік шаралар жүзеге асырылады.
Жуырда Ресей Федерациясының Алабино поселкесіндегі «Танк биатлоны» халықаралық жарысында 10810 әскери бөлімінің танк экипажының негізгі құрамы: танк командирі – аға лейтенант Жанат Қуанышев, нысана көздеуші – аға сержант Айдын Қалиолдин, жүргізуші-механик – ефрейтор Марат Түсіпов және танк командирінің көмекшісі – сержант Мирас Нурко екінші орынды иемденіп жеңіспен оралды. Бұл табыс әскери қызметшілерімздің кәсібилігінің артқандығын және Құрлық әскерлерінде жауынгерлік дайындықтың жүйелі жүргізіліп отырғандығын көрсетеді.
