Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Тамыз айында шахматтан ҚР балалар Кубогының соңғы екі іріктеу жарысы өтеді

Тамыз айында шахматтан ҚР балалар Кубогының соңғы екі іріктеу жарысы өтеді
Осы тамыз айының ішінде шахматтан ҚР балалар Кубогының соңғы екі іріктеу жарысы өтеді. Бұл туралы Қазақстанның шахмат федерациясының баспасөз қызметінен хабарлады.

Балалар Кубогы аясында 4-13 тамыз аралығында Павлодар қаласында осымен 12-ші рет «Ертіс маңы» балалар фестивалі ұйымдастырылса, 20-27 тамыз аралығында Алматы облысының Талғар қаласы маңында шахматтан әлем чемпионы Флюра Хасанованың кубогына арналған дәстүрлі «Маралсай» турнирі өтеді. Бұл жарыс Іле-Алатау ұлттық қорығындағы «Маралсай» демалыс үйінде ұйымдастырылмақ.

Естеріңізге сала кетейік, шахматтан ҚР балалар Кубогы бес кезеңнен тұрады. Олар: Махамбетов мемориалы (Қызылорда қ., 2014 жылдың 17-23 мамыры), Уфимцева мемориалы (Қостанай қ., 2014 жылдың 5-12 маусымы), «Ақ тұлпар» балалар фестивалі (Шымкент қ., 2014 жылдың 17-25 шілдесі), «Ертіс маңы» балалар фестивалі (Павлодар қ., 2014 жылдың 4-13 тамызы) және «Маралсай» балалар турнирі (Талғар қ., 2014 жылыдң 20-27 тамызы).

Әзірге үш кезең артта қалды. Алда тағы екі кезең бар. Финал үстіміздегі жылы желтоқсан айында Астана қаласында өтеді.

Айта кетелік, Балалар Кубогының әрбір кезеңі турнир ретінде швейцариялық жүйе бойынша өткізіледі. Турнирде 9 тур ойналады. Сонымен қатар,

әрбір турнирде екі жас категориясы бойынша, яғни 14 және 10 жасқа дейінгі  балалардың жинаған ұпайлары бөлек есептеледі.

Кезеңдердің қорытындысы бойынша есептік ұпайлар мына қағида бойынша есептеледі:

1-орын — 20 ұпай;

2-орын — 18 ұпай;
3-орын — 16 ұпай;
4-орын -  12 ұпай;
5-орын — 11 ұпай;
6-орын — 10 ұпай;
7-орын — 9 ұпай;
8-орын — 8 ұпай;
9-орын — 7 ұпай;
10-орын — 6 ұпай;
11-орын — 5 ұпай;
12-орын — 4 ұпай;
13 -орын — 3 ұпай;
14-орын — 2 ұпай;
15-орын — 1 ұпай.

Финалға барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасынан 12 үздік шахматшы мен 10 жасқа дейінгі балалар арасынан 4 үздік шахматшы шығады.

Есептік ұпайлар тең болып қалған жағдайда кезеңдерге аз қатысқан ойыншыға басымдық беріледі. Ал егер де балалардың қатысқан кезеңдерінің саны да тең болып қалса, барлық кезеңде ең көп ұпай жинаған қатысушыға басымдық беріледі.

Финалдық жарыс олимпиадалық жүйе ойынша өтеді. Әрбір қатысушыға бір партияға 1 сағат 30 минут уақыт беріледі.

Жеңімпаздар  мақтау қағаздары және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. 2014 жылғы балалар Кубогының иегері аладғы 2015 жылы жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында өтетін Әлем чемпионатына қатысу құқығына ие болады.

Әрбір кезеңнің жүлделік қоры — кем дегенде 200 000 теңге.  Ал финалдың жүлделік қоры — 400 000 теңге.  Финалға шыққан әрбір қатысушыға ақшалай сыйлық қарастырылған.

     
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Автор: Жаппарберген Айбота
 
0
0
556

Осы тақырып бойынша

Тамыз айында шахматтан ҚР балалар Кубогының соңғы екі іріктеу жарысы өтеді - Yvision.kz