Талдықорғанда сыбайлас жемқорлық мәселелері қаралды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Дулат Мадияров, тергеу басқармасының басшысы Дәурен Омаржанов пен превенция басқармасының басшысы Асқар Садықов қала әкімдігінің қызметкерлері және әкімдікке қарасты мекеме басшыларымен кездесті.
Отырыста Дәурен Омаржанов бірінші жарты жылдықтың қорытындысы туралы баяндады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, қоғамда парасаттылық құндылықтарын қалыптастыру жайы сөз болды.
«Бүгінгі күні департаменттің басым бағыттарының бірі – сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресу емес, қылмысты қудалау емес, ең алдымен оны болдырмау бойынша шаралар қабылдау. Барынша елге адал қызмет ету қағидасын дәріптеу», - деп атап өтті Дулат Мадияров.
Бұдан бөлек, мемлекеттік органдардың басшылары өздеріне бағынысты мекеме басшыларын тағайындау кезінде олардан активтері мен міндеттері туралы декларация қабылдауы шарт екенін түсіндірілді.
Кездесу барысында жиынға қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға тиісті жауаптар берілді.
