Талапты жастарды тани жүрейік
Дана халқымыз «Болатын елдің баласы – ұлтының ұлы, болмайтын елдің баласы – құлқының құлы» дейді. Яки Абай тіліміне айтқанда «Адамның баласы» болған жеткіншек жетіле келе жетістікке жетеді.
Қай ғасыр болмасын, қандай өркениет орналмасын олардың барлығы өскелең ұрпағының өресіне жіті назар аударған. Себебі жас ұрпақтың тәрбиесі мен біліктілігі – елдің мықтылығы. Осы орайда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Еліміздің келешегі жастардың қолында» деген сөзі есімізге оралады. Бұл бізге үлкен жауапкершілікті жүктеп тұрғанымен жас күніміздің әр сәтіне жауап беретімізді де ескеріп тұр.
Осы орайда Жастар орталығы да өз қызметкерлеріне қанша қамқор болса олардың атқарып жатқан ісіне де сонша көңіл бөледі. Олардың жеткен жітістігі мен алған марапатына қуана отырып оларды мадақтаудан жалыққан емес. Алайда кейде сол мадақ пен марапаттан олардың бір күндік еңбегі жайында, күнделікті өмірі жайында ақпарат беріп, жалпылама таныстыру артықтау болады деп ойлаймын. Себебі қара халық атақты алған азаматтың мансабына емес істеген ісіне, еңбегіне қарай қадір құрмет көрсетеді. Сондықтан да біз Жастар орталығында жұмыс істеп жатқан қызметкерлерге арналған «Талапты жастарды тани жүрейік» атты айдарды жіберіп отырамыз. Бұл біздің әрбір қызметкеріміздің еңбегіне берілген бағасы деп ұғыңыз.
Сонымен айдарымыздың алғашқы киіпкері Жастар бастамаларын дамыту орталығы жадындағы еріктілер орталығының басшысы – Кенжетаева Айгүл Серікқызы.
Айгүл туралы сөз қозғамастан бұрын адамның таңдауы тағдырға қалай әсер ететіні жайында сөз қозғайық. Себебі бұл айдар жас маманға айтылған мадақ емес. Бұл – әр оқырманның бойында шабыт оятып, әрбір жанға жігер сыйлау үшін жазылды. Жалпы өмірге сыйындыратын да, күйіндіретін де басқа түскен қиындық пен сынақ. Кей ғұламалар адамды кірпішке теңейді, күйген сайын қатаяды деп. Меніңше адам күйген сайын өмір сүруге оңтайлану керек. «Адамның күшін – қиындықтан қалай шығатынына қарап біл» - дейді қытайлықтар. Осыдан түйер ой біздің де кейіпкеріміз аспаннан сап етіп осылай жарала салған жоқ. Ұлы Мазафар Әлімбаев «Талант – табиғаттан, талап – өзіңнен» дейді. Айгүлдің бүгінгі жетістігі – күндері берген сабақты, жылдары көрсеткен тәжрибені санасына түйіп, әр уақытын пайдалана білгеннің арқасы.
2011 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтына түсіп 2015 жылы үздік тәмамдады. 1 курстан-ақ Жаратылыстану факультетінің «кіші деканы» қызметін атқаруы оның мақсатының айқындалғанын көрсетеді. Осылайша еңбекке құштар бұл қыздың институт қабырғасында жүріп осынша жетістікке жетуі әркімнің қолынан келе бермейтінін ескерген жөн. 4 жыл ішінде Айгүл Серікқызы ПМПИ «Жас отан» жастар қанатының, Дисциплинарлық кеңестің төрағасы, ғалымдар кеңесінің мүшесі, Республикамыздағы «Үздік спикер», «Үздік оратор» болды.
2011 жылы оқудағы жетістіктері мен үлгерімі үшін ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен шыққан «Қазақстан үміті» кітабына енді.
2014 жылы Қазақстан халықтар ассамблеясының жадынан құрылған «Нұр болашақ» жастар бірлестігінің төрағасы;
2015 жылы ПМПИ «Студенттік басқармасының» Президенті қызметін атқарды.
Осылайша институтын үздік тәмамдаған Кенжетаева Айгүл білім саласында еңбек жолын бастап, Екібастұз қаласы әкімінің баспасөз хатшысы қызметіне дейін көтерілген болатын. «Еңбек - бәрін жеңбек» - демекші оның талабы тағдырын шешіп, еңбекқорлығы ел алдында елеулі етті. Жиырмадан енді асқан жас маманның 7 жыл еңбек өтілі бар. Бұл 7 жылда жиған тергені мол, көрген білгені жетерлік Айгүл бүгінде Жастар орталығының әр қызметкеріне қол ұшын беруге даяр тұратын жандардың бірі. Ол «Жұлдыздың екі түрі болады. Біреуі аспанның төрінде нұрланып тұрса, екіншісінің жарығы жасанды. Өзі кеткеннен кейін ол жарығы да сөніп қалады. Ал шындығында сенің істеген әр ісің, әр сөзің сен кеткенен кейін де жүректерде сақталып, жанарларда жарқырап тұруы абзал.» - дейді. Айгүлдің енді басталған өмір жолы қызыққа толы және бере сабағы мол деп білеміз.
Айгүлдің тағы ел білмейтін өнері – ақындығы. Оның өлеңдері көңіл жылытып, жаныңды шуақтандырады. Негізінде әр саналы азамат өлең – жырға жақын болуы керек деп есептеймін. Ақынжанды адам әлемге өзгеше көзқараспен қарайды, басқаша ойлайды. Бұл өлең жазатын қауымның артықшылығы болса керек. Сондықтан болашақта Жастар орталығы Ай қызының ақпараққа жазылған ақ жырларын да оқитын күн туады деп үміттенеміз.
Жастар бастамаларын дамыту орталығында қызмет ете жүріп ол жастар саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін Павлодар қаласының әкімі Әшімбетов Нұржан Кемерұлының алғыс хатымен марапатталды.
«Елiңнiң ұлы болсаң, елiңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың мемлекетiн нығайтып, көркеюi жолында терiңдi төгiп еңбек ет. Жердiң де, елдiң де иесi екенiңдi ұмытпа» - деген Елбасының сөзін түйінге ала отырып, біз бүгінімізге иеміз, ал ертеңімізге жауаптымыз. Яғни Айгүлдей қызметкерлер Қазақстанның болашағын жасап жатқан жандар. Және біз оларға қарап теңесуіміз тиіс, сонда іргесі қаланған, шаңырағы биік ел боларымыз анық.
ПІКІР
«Екібастұз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ-нің басшысы Айжан Жұмабаева:
"Айгүл Кенжетаева Екібастұз қаласы әкімінің баспасөз хатшысы ретінде 2017 жылы қызмет жасады.
Ол еңбек еткен аз уақыт ішінде өзін білікті маман ретінде көрсете білді. Сауатты жазып-сөйлей алады, дикциясы анық, ой-өрісі, логикалық ойлау мен талдау қабілеті дамыған, ақпарат көздерімен жұмыс істей алатын, шығармашылық иесі деп айта аламын.
Ол заманауи ақпарат құралдарын жетік меңгерген, кез келген тақырыпқа мақала, мәтін жаза білетін маман екенін көрсете білді. Қоғамда қордаланған өзекті тақырыпта мәселе көтере біледі.
Ұжым ортасында белсенді, ашық жарқын мінезімен көзге түсе алды. Ол адамгершілік, сыйластық деген ұғымдарды бірінші орынға қояды. Ұжыммен тіл табысқыш, ибалы, кішіпейіл, қарапайым адам.
Айгүл Кенжетаева заман талабына сай, қоғамға лайықты білімді де, білікті маман екеніне сенімім мол."
Ерболат ӘМРЕ
