Астана қаласында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Халықаралық көрмелер бюросының Бас директоры Висенте Лоссерталеспен кездесті.
Министр Астана қаласында ЭКСПО-2017-ні өткізуге дайындық барысында ХКБ-ның қолдауын жоғары бағалады және халықаралық қатысушыларды тарту, сондай-ақ, беделді халықаралық алаңдарда «Болашақ энергиясы» тақырыбын ілгерілету бойынша қазақстандық тараптың атқарған жұмысы туралы әңгімеледі.
Қазақстан басшылығы ЭКСПО-2017 көрмесінің дайындығына ерекше назар аударатыны туралы баса айтылды. «Қазақстан көрменің табысты өтуіне барынша күш салуда», – деп атап көрсетті министр. Тараптар алдағы бірлескен жұмыс жоспарларын талқылады.
Е.Ыдырысов В.Лоссерталесті Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында сөйлеген сөзінің басты тезистерімен, сондай-ақ, әлемдегі барлық мемлекеттерді ЭКСПО-2017 көрмесіне шақырғаны және Астанада БҰҰ қамқорлығымен «жасыл» экономиканы дамыту технологиялары мен инвестициялық жобалар жөнінде халықаралық орталықты ашу ұсынысы туралы хабардар етті.

