Табиғат оркестрі
Мен бүгін қой бағуға шықтым. Валдың ең биіктеу жеріне отырып, бір қиығыммен қойларды қарап, екіншісімен кітап оқып отырмын. Бірақ, табиғат көп кітапты оқытпады.
Көктем әр күн сайын, әр қадам сайын табиғатты әдемі түстерге бояп, құшағын айқара ашып келе жатыр. Жағаның бойын жасылға бояған көкорайға көзің тоймайды! Жылдан жылға, ғасырдан ғасырға көктемде өніп, күзде өшіп келе жатқан көкорайды қойлары қырқып жүріп барады. Малдың арасынан кішкентай зымырандай зулаған қарлығаштар, құйрығын шошаңдатып, жәндік қуып жүрген шақшақай шымшықтар...
Қоға мен қамыс арасынан ұя салуға дайындалып жатқан құстардың ерекше концерттері бірде қатты шығып, бірде азайып жатады. Бейне бір джаз композициясын ойнап, репетиция жасап жатқандай. Дыбыстап беру мүмкін емес! Қайталауда мүмкін емес! Бір біріне мүлдем ұқсамайтын, қайталанбайтын әсерлі шығармалар! Айнала жатқан өмір! Қыс бойы ұйықтап, көктемді індерінен шыққан саршұнақтар бір біріне ысқырып, осы оркестрге өз үлестерін қосып жатыр! Жаңадан бой алып, өсіп келе жатқан өсімдік атауы да қалыспайды! Тамыры тереңде жатқан адыраспан, малдың терісіне ілесе кететін ошаған, түйенің азығы аталған жантақ...
Бірде ешкі қойдан сұрапты:
-Сенің жейтінің жантақ, менің жейтінім жантақ, сенің құйрығың неге жалпақ?
Сонда қой тұрып:
Сенің жейтінің ошаған, меніңде жейтінім ошаған, сенің құйрығың неге құшиған - деген екен...
Бұл халық арасында жүрген қалжың осы шөптерді көрсем есіме түседі...
Көктем, көктем! Нұрланған әлем, жаңарған тіршілік! Көктемде ауада ерекше! Табиғат ана қандай сиқырлы парфюмер! Не деген құрасын, не деген қоспалар бұл? Көзіңді жұмып, айналаны иіскеп табиғатты тыңдап отыра бергің келеді! Әрине, ол кезде менде осы сәттерді есіме сақтаймын деп ойламадым! Жадымның бір құпия бұрыштарында қалып, өз кезегін күткен этюдтер шығар! Кейде, шаршағанда ұйқы келмей жатқанда, осы бейнелерді есіме түсіремін. Сол бір көкорай жәйілім, шөпті қырқып бара жатқан қойлар және көп аспапты табиғаттың оркестрі...
