Табиғат апатынан зардап шеккендерге салынатын үйлердің эскиздік жобалары жасалды
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіде жедел штаб құрылып, жаңа тұрғын үй салуды көздейтін кешенді іс-қимыл жоспары әзірленген. Бұл туралы аталған ведомствоның ресми өкілі Меруерт Ибраева мәлімдеді.
Жоспар аясында тұрғын үйлердің екі эскиздік жобасы дайындалған: 80 шаршы метрлік 3 бөлмелі жеке тұрғын үй және жалпы ауданы 160 ш. м. болатын 2 пәтерлі тұрғын үй.
Әзірленген тұрғын үйлердің алдын ала жобалары мемлекеттік сараптамадан өтеді, бұл барлық өңірлерде типтік жобалық құжаттама негізінде жұмыс жүргізуді қамтамасыз етеді. Бұл жұмыс келесі аптаның соңына дейін аяқталып, үлгілік жобалар мемлекеттік сараптама қорытындысымен epsd.kz сайтында көпшілікке ұсынылатын болады.
Министр Қанат Шарлапаев кеше сондай-ақ аймақтық және республикалық ірі құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесіп, олардың ресурстарын шұғыл жұмылдыру және құрылысты жедел бастап кету қажеттілігі айтты.
М.Ибраева атап өткендей, қалпына келтіру жұмыстарының көлемін анықтау үшін су тасқынынан зардап шеккен үйлерді әкімдіктердің техникалық тексеруі маңызды кезең болып табылады. Сонымен қатар, әкімдіктер келтірілген залал мен шығындар көлемін қазіргі уақытта тасқын су әлі толық тартылмаған жағдайда есептеп жатыр.
«Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі барлық байланыс арналары арқылы қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы халықты үнемі хабардар етіп отырады. Мен де министрліктің ресми өкілі ретінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында тұрақты түрде ақпараттандыратын боламын. Министр Қанат Шарлапаев әрбір өңірдегі құрылыс барысын жеке өзі қадағалайтын болады», - деді ӨҚМ ресми өкілі.
Айта кетейік, кеше Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевты қабылдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев апаттан қираған тұрғын үйлерді тез арада қалпына келтіруді тапсырған болатын.
