Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Таңғы асты тастама

1. Таңғы астың маңыздылығы

Шамамен сегіз сағаттық ұйқы кезінде ағза сусыз және тамақсыз қалады. Осы уақыт ішінде біз ашығып үлгереміз, сондықтан күн бойына күш жинап алу үшін таңертең ағзаның «қуат қорын» міндетті түрде пайдалы аспен толтырып алу қажет. Сіздің бар уақытыңыз минутына дейін жоспарланып қойылған болса да немесе бірнеше артық килограммды тастағыңыз келген болса, таңғы асты жүре жеу немесе таңертең мүлдем тамақтанбау бұған көмектеспейді. Шындығында, мезгілсіз тамақтану және таңғы асты жемеу салдары денсаулыққа зиянын тигізуі мүмкін. Сонымен қатар, таңғы ас мәзірін жиі ауыстырып отыру қажет. Әр түрлі азық-түлікті үйлестіру дұрыс тамақтанудың кепілі, өйткені әр түрлі азықтың құрамына көп нәрлі заттектер мен дәрумендер болады!

2. Таңғы ас рәсімі

Таңғы асқа отырмас бұрын не істеу қажет? Таңертең ұйқыдан тұра салысымен адамның асқа тәбеті бола қоймайды. Жуынып алғаннан соң, 1 стакан қайнаған су ішіп алған жөн. Бұл асқазан, ішек жолдары мен қан айналымын жүйелерін іске қосады. Суды асықпай ұрттап тұрып ішкен пайдалы. Сонымен қоса 3 - 4 түрлі жеңіл таңғы жаттығу түрлерін жасаңыз. Төсектен тұра салысымен жасауға болады. Ең дұрысы, толыққанды 15 - 20 минут бойы жаттығу жасау пайдалы болып есептеледі. Мұндай жаттығудан кейін шыныменен тәбетіңіз ашылады. Таңертеңгі дәм міндетті түрде ыстық астан тұрған жөн. Таңғы асқа сүтке жібітілген жүгері үлпектері немесе жеңіл бутерброд түрлерін қабылдау дұрыс емес. Себебі, таңертеңгілік уақытта ақуыз, май, көмірсудың сіңірілуін реттейтін ферменттердің бөліне қоймауы әсерінен, асқазанда мұндай ас түрлері дұрыс қорытыла қоймайды.

3. Тез дайындалатын таңғы ас мәзірлері

Таң ертемен ас дайындауға ешкім құлықты емес, сондықтан көбіміз кешегіден қалған асты жей салуды жөн санаймыз. Алайда, кешегі ас ағзаға ешқандай пайда әкелмейді. Күні бойы сергек жүруді қалаған адам, астың дәмді болуымен қатар, ағзаны керекті ферменттермен қамтамасыз етуді де ескерген жөн. Бұл бөлімде оңай әрі пайдалы ас мәзірлерімен бөлісемін.

Жеміс/жаңғақ/шоколад қосылған сұлы ботқасы

Орташа көлемдегі кастрөлде 1 кесе су құйыңыз. Үстіне 2 - 3 ас қасық сұлы жармасын салып, орташа отта қайнатыңыз. Бір шым - шым тұз, жарты шай қасық қант салып, аздап сүт құйып тағы да бірнеше минут қайнатыңыз. Сол уақыт аралығында бірнеше жеміс-жидекті және аздаған жаңғақты майдалап қойыңыз. Майдалаған соң, дайын ботқаға сары маймен бірге салыңыз.

Сұлы құймақтары

Блендердің ыдысына ½ стакан сұлы қауызын, 150 г йогурт, жұмыртқа және бананның жартысын салыңыз. Үстіне ½ шай қасық ұн мен ванилин қосып, араластырыңыз. Егер сұйықтау болса, 1 – 2 ас қасық сұлы қосып, тағы араластырыңыз. Құймақтарды майланған, жақсылап қыздырылған табада пісіріңіз. Дайын құймақтарды жаңа піскен немесе мұздатылған жемістермен ұсыныңыз.

«Крок - месье» француз бутерброды

Тосттарға арналған нанға (немесе кәдімгі нан) дижон қышасын жағыңыз да, зәйтүн майы жағылған қаңылтыр табаға салыңыз. Әр тілік нанның үстіне үлкен үккіштен өткізілген ірімшіктен және бір тілім шұжықтан қойыңыз. Тағы да ірімшік сеуіп, үстіне тағы бір нан қойыңыз. Бутербродтардың бетіне зәйтүн майын жағып, жақсы қыздырылған пешке салып, алтын түстес болғанша ұстаймыз. Тағамды ұсынар алдында бешамель тұздығын құйса болады.

Банан - жидекті смузи

Екі тал піскен бананды, ½ стакан жаңа піскен немесе мұздатылған жидекті (мысалы, таңқурай мен қаражидек), бір стакан жидекті морсты және майсыздандырылған ішетін йогуртты бір ыдысқа салыңыз. Бәрін бір қалыпқа келгенше блендермен араластырамыз. Бокалдарға құйып, бірден дастарханға ұсыныңыз.

Менің тез дайындалатын таңғы ас идеяларым сіздерге ұнайды деген ойдамын, назарларыңызға рақмет!

Әрбір күніңіз таңғы астан басталуы қажет екендігі есіңізде болсын!

16
5
2056

Осы тақырып бойынша

Таңғы асты тастама - Yvision.kz