ru
Default banner
Разное
426 297 жазбалар48 тіркелуші
Всяко-разно
0

Тағы 4 боксшымыз әлем чемпионатының финалына шықты

Алматыда әскери қызметкерлер арасында өтіп жатқан 55-ші әлем біріншілігінің кешкі сессиясының қорытындысы бойынша тағы 4 қазақстандық былғары қолғап шебері финалға жолдама алды.

«Жаңа ғана аяқталған кешкі сессияда Бабыржан Момынов (75 кг), Арман Рысбек (81 кг), Асқар Абдоллаев (91 кг) және Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг) жеңіске жетті. Өкінішке қарай, 69 келі салмақта өнер көрсеткен Сағадат Рахманқұлов франциялық Вастин Алексиске есе жіберіп алды. Ол енді қола медальдің иегері. Сонымен, ертең 3 маусым күні болатын финалдық сайыстарға барлығы 8 қазақстандық боксшы шаршы алаңға шығып, ел намысын қорғайды»  — деді ҚР Қорғаныс министрлігі спорт комитетінің Армия Орталық Спорт Клубының баспасөз хатшысы Жібек Анарбаева.

Естеріңізге сала кетейік, күндізгі сессияда Олжас Байниязов (49 кг), Олжас Сәттібаев (52 кг), Қайрат Ералиев (56 кг) және Бекман Сойлыбаев (60 кг) финалға жолдама алған болатын.  Ал, 64 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Елдос Сарқұлов жартылай финалда Тунистік Аала Шилиден жеңіліп, біріншіліктің қола медалін місе тұтты.

Ертең финалдық кездесулер күндізгі сағат 14:00- де «Достық» спорт кешенінде басталады. Ал «KAZsport» телеарнасында тікелей трансляция жүргізіледі. Біріншіліктің жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табыс етіледі.

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат