Тағдырым — таңдауым!
Қыздарға арналған кітаптар, ақыл-кеңес пен түрлі әдістемеліктер көп. Соларды оқып отырсаң, қандай болуың керек, бақытты болу үшін, күйеуіңнің көңілін табу үшін не істеуің керек деген сынды жазбалар көп-ақ. Соның көбінде ең бастысы, адам, қыз бала, әйел баласы өзін-өзі тануы керек, өзінің жаны не қалайды, қандай қызығушылықтары бар – соны анықтау керек дейді... Әрине, қазір бұрынғыдай емес, қыздар өзгерді, қызығушылықтары, талғамдары, басқасы...Мүмкіндік те мол. Таңдау да көп. Бірақ соны біле тұра өмірдің мәні күйеуге шығу деп, әйтеуір бір кезіккен жігітке бар уақытымызды арнап, соның ыңғайына қарай бейімделіп жатамыз. Бұл біздің менталитеттің, тәрбиенің әсерінен екені рас. Дегенмен әйел баласының өзін бағалауы, өзгеден кем санамауы, басқа мәселелер – оның өмірлік жар таңдауына әсер етеді, меніңше. Қыздар көп, ақылды, сұлу, оқыған, мамандықтары бар. Алды 10-15 жылдан тәжірибе жинаған, біліктілігін жетілдірген, өзге мемлекеттерде білімін шыңдаған, жоқ дегенде демалу үшін шетелге шыққан қыздар. Әрине, әңгіме оқуын енді бітірген 20-23-тегі қыздар туралы емес.
Қыздарға кінә тағушыларды түсінбеймін. Дүниеге қызығады дейді, неге қызықпасқа? Егер оқу бітіргелі он жылдың ішінде ол өзінің біліктілігінің арқасында жұмысқа орналасып, өзінің еңбегінің арқасында абыройлы болып, өзінің пысықтығының арқасында жаңа табыс көздерін тауып, қатарынан қалмай, өзін өзі жасаса. Өзіне қажетті заттың бәрін өзі алып, тамағын өзі тауып, өзінің киімін өзінің ғана тапқан ақшасына алса, демалысқа бару үшін ешкімнен қаражат сұрамай, тіпті сол демалуға арналған ақшасын тұрмыстық қажеттілігіне жұмсап, өзінің жағдайын өзі жасап жүрген қыз болса, неге ол жігіттің дүниесіне, қызметі мен оқуына қарамайды? Қалайша ол жігіттен, ең болмағанда, тәрбие көрген, орта көрген мінезді талап ете алмайды? Неге ол күліп қараса, өзінің қарапайым адами болмысын, ашықтығын танытса, міндетті түрде бұзылған, қызық қуған т.б. қыз болуы тиіс? Оның жан дүниесінде, көңілінде не бар? Оның жаны не қалайды? Оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Көптің ойы қыздың жағдайы жақсы болса, мінезі батыл болса, ол бар жердің тумасы немесе жеңіл жүрістің арқасында тапты бар дәулетті. Ал мінезі сыпайы, қарапайым болса, отырып қалған, қолынан ештеңе келмес, бұл түрімен алысқа бармайды....
Бірақ оған ешқандай ақшаның да, атақтың да, мақтаншақ, менмен, батыл жігіттің қажеті жоқ екенін ешкім білмейді де. Тіпті үй шаруасының бәрін қатырып, ақшасын үйге әкеліп, ыдыс аяғын жуып, күнде айналып, толғанып отыратын жігіттің де керегі шамалы екенін түсінбейді олар. Өйткені оған тек қана адами болмыстан ажырамаған азамат керек. Оған дос, әріптес, замандас, рухани деңгейі қатар келетіндей жай ғана адам керек. Басқаның бәрі соның астарында, басқа қылықтың бәрін сол адамгершіліктің негізінде пайда болатынын түсінген ол. Жұрттың көзінше жасанды қылық көрсетіп, бақытты өмір сүріп жатқанын бәріне дәлелдеуге тырыспайды да. Біреулер не дейді деп, өзгенің көзінен, сөзінен де қорықпайды ол. Жай ғана өмір сүргісі келеді, өйткені өзінің көңілі тоқ болса, өзгені де бақытқа бөлей алатынына сенімді.
