Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Таңдаған спорты тап өзіндей сұлу болса... Кейде қазақ қыздарының өнімсіз бірдемеге айналғанша спортпен достасқанын қалаймын. Әрине, өзіндей сұлу спортпен.

Осы ауыр атлетика, бокс, күреске нәзіктік тән бе?! Спорттың бұл түрлері ерекше физикалық дене күші және психологиялық төзімділікті талап етеді. Ал, мұндай қасиеттер, әдетте, ер адамға ғана лайық. Дегенмен, біреудің өкінішіне, біреудің қуанышына орай, спортта табиғатынан нәзік болуы шарт қыз балалар көбейіп келеді. Тіпті соңғы кездері кей спорт түрлері бойынша әлем біріншіліктерінен ерлер командасы құр алақан қайтып, әйелдер жасағы жүлдемен оралатын жағдай жиі орын алып жүр. Сол кезде қара көз қыздарымыздың Қазақстан абыройын асқақтатып, медаль әкелгені үшін не қуанарыңды, не осы жолды таңдап, нәтиже көрсетіп жатса да, ақ тер-көк тер болып жұлынып жүргеніне күйінеріңді білмейсің.

Бұл айтқанға мысал көп. Әсіресе, ауыр атлетикаға қыздардың қызығушылығы ерекше артып келеді. Кем дегенде өзінен екі есе ауыр зілтемірді күніне бірнеше рет көтеретін бойжеткен ертең қандай ана, қандай әйел болатыны уайымдатады. Ал, ер адамдардың өзіне де жаттығу бастағаннан соң жарты, бірер жылдан соң-ақ миына әсер ететін бокста да қыз балалар күн санап көбеюде. Лондон Олимпиадасының бағдарламасына енгізілгелі бұл спортқа сұлулар көптеп барып, оларға жағдай жасау да жақсара түсті. Дегенмен, біреулерге дәл сол қыздар армандаған Олимпиада медалі керек болса, бізге дені сау, қазақ ұрпағын жалғастырар, бойында ұлтымызға тән сыпайылығы мен инабаттылығы бар арулар керек емес пе?! Бұл диллема. Бірақ спорттық тұрғыдан қарағанда пайдалы, ұлт болашағын ойласаң, өкінішті нәрсе. Өйткені қазір осылайша қарқын алып келе жатқан әйелдер спорты 10-15 жылдан соң біз үшін қазақтың бар қызы шұғылданатын қалыпты жағдай болып кетуі әбден мүмкін. Оған қоса, Қазақстанда әйелдердің саны ер адамдардан әлдеқайда көп екенін ескерсек, болашақта Олимпиада және әлем чемпиондары кіл қыздарымыз болуы тіптен де ғажап емес. Демек, болашақ батырларымыз да... қыздар болғаны ма?!

Бояу, әтір мен әсем киімнен гөрі жасыл алаң мен ала допты жақын көретін құрбым бар. Анасы қатаң тиым салмаса, қазіргі уақытта басқа ешнәрсені ойламай, футболдың соңынан кетер ме еді. Дегенмен де, қос ағасымен кешке қарай аяғын аспанға көтеріп доп тепкенді ұнатады, теледидардан да маңызды матчтардың бірін қалдырмай қарайды. Кішкентайынан спортқа қызығушылық танытқандығының бір пайдасы – бүгінгі күні ол отандық телеарналардың бірінде бірегей спорт журналисі. Бұл жерде спорттың пайдасы тигенін айтпақпын. Ал, зиянын әр жан өз ақылымен іздесін.

Біз ұлттық құрамаларымызға келімсектердің шақырылып, қазақ баласы шығу керек аренаға көк байрағымыздың астынан да көптеп басқа ұлт өкілдерінің шыққанын қаламаймыз. Алайда, бұл сізге бәлкім эгоистік көзқарас боп көрінер, бірақ қыздарға «жараспайтын» спорт түрлерінде жүлдеге жетіп жатса да, көңіл алаң... Жалпы ол құрамада қандас әпке, не сіңілілерімнің болғанын қаламаймын. Штанга көтеріп тапқан медалінде қазақ қызының болашақ тағдыры тұнып тұрғандай көрінеді.

Дегенмен, кей жағдайларға куәгер болғаныңда, мынау мылқау да керек заманда, беті аулақ, басқасын емес, спортты таңдағаны дұрыс па деген ойға қаласың. Қазақ қыздары барлық салада жүр, жұмыс, тіршілік көзінің түріне сан жетпейді. Оның ішінде қызға жат дүние қаншама. Бірде қоғамдық көлікте келе жатқанымда қасыма екі бойжеткен отырып, өзара әңгіме құрды. Қазақтың қос қызы қалада көлік жуады екен. Екеуі машинаны қаншалықты тез жуатынын, бір көлікті қанша минутта жуып бітіретіндігін айтып жарысады. Мүмкін соның орнына өзі жаңартқан әлемдік рекордтардағы минуттарын айтып отырса, бұл біздің ел үшін әлдеқайда қайырлы болар ма еді? Әрине, жеңіл атлетика немесе мергендіктен.

Спорт журналисі бола тұра, қыз бала болғандықтан, әке-шешемнің тарапынан көп қарсылық байқалады. Жиі іс-сапарларда, түрлі жарыстарда жүргенімді уайымдайды. Алайда бұл менің арман еткен мамандығым ғой. Жұмыс бойынша да, одан тыс та бар қызығушылығым осы салада. Сондықтан уақытша болса да, одан қол үзуге әзірше дайын емеспін. Ал, мәпелеп өсірген жалғыз қызы, ол туралы жазу емес, нағыз спорт жолын таңдаса, әке-шеше оған қандай көзқараста болады?! Қызды қонақ деп жатады қазақ. Ал сол қызыңыз ең кеш дегенде он жасынан бастап жаттығу жиыны мен жарыстарда жүрсе, оған деген сағыныш ата-анаға өмір сүргізе ме?!

Жақында ғана Астанада өткен бокстан әлем чемпионатына бір қазақ жанкүйері қолына қаршадай ғана қызын көтеріп әкепті. Трибунада отырған бірнеше сағат бойы ұлттық намыс және қазақтардың бір-біріне қашан да қолдау көрсету керектігі туралы айқай салып айтып отырды. Кейін қазақ боксшыларының бірінен соң бірінің жеңілісінің куәсі болған ол: «Менің қызым боксшы, чемпион болады!» деген түйінге келді. Оны айқайлап айтты да.

Жоғарыда жазған ойлардың барлығын ұлтжанды қазақ қызы және спорт саласын азды-көпті көрген бойжеткен ретінде келтірдім. Онымен келісу, не келіспеу сіздің еншіңізде. Бірақ мен спорт пен қыз бала мүлдем бір-біріне сай емес дегенді айтқым келмейді, тек спортты серік етемін деуші арулар өзі үшін лайықтысын таңдай білсе екен... Сан қырлы спортта сұлудың сымбаттылығын аша түсетін түрлер қаншама! Қазақ қызының таңдаған спорты да тап өзіндей сұлу боп жатса қандай ғанибет?! Сіз бен біз осы талассыз іске өз үлесімізді қосайықшы, ағалар, апалар, құрбылар, достар!

«Мен қазақ қыздарына қайран қалам!» деп ақын жырлаған қауырсындай әдемі бойжеткендеріміз тонналаған темірлердің салмағынан шаншылмасын, бүкіл әлем таң қалған сұлу мүсінге жұдырық жұмсамасын, жұлмаласпасын, тепкілеспесін! Әлемді чемпиондық емес, сұлулық құтқармай ма?!

0
3
2545

Осы тақырып бойынша

Таңдаған спорты тап өзіндей сұлу болса... Кейде қазақ қыздарының өнімсіз бірдемеге айналғанша спортпен достасқанын қалаймын. Әрине, өзіндей сұлу спортпен. - Yvision.kz