Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Таңғажайып Топағаш

Топағаш тоғайы Алматы-Ташкент тас жолынан 12 шақырым, Тараз қаласынан 60 шақырым қашықтықта, Ақыртөбе ауылы маңында орналасқан.

Т.Рысқұлов ауданының аумағында қола дәуіріне жататын жүздеген ежелгі бекеттер, үйсіндер мен сақтардың патша қорғандары, петроглиф галереялар, қалашықтар бар. Топағашты да тарихшылар ортағасырлық қоныстар мен қалашықтың орнына жатқызып отыр. Оның тарихы ХІV ғасырдан басталады. Аңызға орын берсек, дәл осы жерде 1378 жылы Қожа Мақтым Ағзамның (Қожа Ахмет Ясауи) немересі, халық арасында Домалақ ана атанып кеткен Нұрила дүниеге келген екен. Нұрила мен Бәйдібек би алғаш осында кездесіп, отау құрған деседі. Кейінірек ХVІІІ ғасырдағы қазақ-жоңғар шапқыншылығының қиян-кескі ұрыстары, түрлі тарихи оқиғалар да осы аймақтарды қамтыған. Топағаш түбінде Бөгенбай батырдың қолбасшылығымен үш жүздің батырларынан құралған хан әскері жоңғарларға қарсы шайқасыпты. Сол шайқаста жау жағы жеңіліп, еңсесі түсіп, кері шегінген, сол үшін де бұл аумақ Сұңқайтты деп аталып кеткен дейді аңыз. Бұл сөз «Сұмырайдың беті қайтты» деген бір ауыз сөзден шығып отыр. Қан майданда қыршын кеткендердің барлығы осы Топағаштың астында тыныштық тауып жатыр. Содан ба екен, тоғайда өскен ағаштар топтасып өскен.

Шырақшы Ғалымжан Ұзақбаевтың айтуынша, бұл тоғай тылсымға толы. Айталық, мұнда құс деген атымен жоқ. Ағаштар да біртүрлі, бір ағашта бірнеше түрлі жапырақ өсіп шығады. «Ағаштың төменгі жапырақтары сәндіталдыкіне ұқсаса, ортаңғы тұсында долана ағашының жапырағы, талдың ең жоғарғы ұшынан теректің жапырағын көресіз. Мұндай ағаш табиғатта кездеспейді. Аңызға сүйенсек, әр ағаштағы жапырағы түрліше болып келетін қабаттар – қазақтың үш жүзін білдіреді» дейді шырақшы.

Негізі, әлемде бір ағашта үш түрлі жапырақтың бүр жаруы кездесе ме, білмеймін. Ең қызығы сол, бұл ағаштарды үш жүздің өкілдері отырғызған көрінеді, тіпті, арасында Әбілқайыр хан отырғызған ағаш та бар. Ағаштардың өзегінде шырын бар, сол шырын шипалы деп санайды келушілер. Олар шынымен де сырқаттарынан айыққандарын айтып, ел арасында түрлі әңгімелер таратып үлгерген. Тіпті, шырақшы Ғ. Ұзақбаевтың өзі ауруынан құлан-таза жазылып кеткенін келушілерге үнемі айтып отырады. Мұнда ауа, су, тас, ағаш – барлығының да емдейтін өзгеше қасиеті бар.

Сондай-ақ, шырақшы 1937 жылы НКВД осында еңбекпен түзеу колониясын салғанын айтады. Сол уақытта ағаштарды кесуге кіріскен тұтқындар шетінен шейіт кеткен екен. Оны байқаған колония жұмысшылары да, тұтқындары да мұнда қайтып жоламапты.

Тылсым құбылысты қандай негізге сүйеніп, түсіндіреріңді білмейсің. Өйткені, мұнда агрономдар тәжірибе жасап, ағаштарды арнайы будандастырмаған. Ондай жағдай туралы дерек тарихта мүлде ұшыраспайды екен. Онда үш түрлі жапырағы бар, бір тамырдан өсіп шыққан ағаштар қайдан пайда болды?

 
0
0
3369

Осы тақырып бойынша

Таңғажайып Топағаш - Yvision.kz