Таңғажайып хайуанаттар және олардың мекені. Кіріспе (2)
Малдунның ізбасары Эльфрида Клагг ханым басқа сиқырлы жаратылыстармен жақынырақ байланыстар орнату үмітімен «жаратылыс» ұғымына жаңа анықтама берген. «Жаратылыс» деп ендігәрі адам тілінде сөйлей алатындарды атаймыз», - депті ол. Кеңес мүшелерімен тілдесе алатындардың барлығы келесі жиналысқа шақырылды. Және тағы да қателік кетті. Гоблиндерден бір-екі қарапайым сөйлем үйреніп алған тролльдар қайта келіп, алдындағыдай залды қирата бастады. Бейпілдектер ауыздары жеткен тобықты тістемек болып, орындықтардың астында жортып жүрді. Сонымен қатар аруақтардың үлкен тобы келіп (Малдунның кезінде оларды аяқпен жүрмей, ұшып жүреді деп кіргізбей қойған), «Кеңес тек тірілерді ғана ойлап, өлілердің мұқтаждығын елемейді» деген сөздерімен жұртты жиіркендіріп кетті. Малдунның кезінде «хайуандарға» жатқызылған, ал Клагг ханымның билігінде «жаратылыстар» деп мойындалған кентаврлар Кеңеске қатысудан бас тартты. Өйткені су перілер халқы құрлыққа шыққанда тек өз тілдерінде ғана сөйлей алатын болып, оларды Кеңестен шығару туралы шешім қабылданғанда, кентаврлар бұны әділетсіздік деп көрді.
1811 жылға дейін сиқыршылар қауымының барлығын дерлік қанағаттандыратын анықтаманы ешкім таба алмады. Жаңа тағайындалған министр Гроган Стамп "жаратылыс" ол "сиқырлы қауымдастықтың заң-ережелерін түсініп, оларды ұстану жауапкершілігін мойнына алуға ақыл-ойы жеткілікті кез келген тіршілік иесі" деп тұжырымдады. Тролльдар гоблиндерсіз сұxбатталып, оларға айтылған нәрседен дым да түсінбейтіні анықталған; яғни, олар екі аяқты болғанына қарамастан, "xайуандар" тобына жатқызылды. Су xалқы аудармашылар арқылы "жаратылыстар" қатарына қосылуға алғашқы рет шақырылды. (Тек аруақтар "жаратылыстар" қатарына жатқызылғандарын құрметсіздік деп санап, қарсы шықты, себебі олардың жаратылысы тамамдалып қойған. Сондықтан Стамп Сиқырлы жаратылыстарды бақылау департаментін қазірге дейін сақталып келе жатқан үш бөлімшеге бөлді: Хайуандар бөлімшесі, Жаратылыстар бөлімшесі және Аруақтар бөлімшесі). Елфтер, феялар және гномдар адами кейіптеріне қарамастан үзілді-кесілді "xайуандар" қатарына жатқызылды.
Әрине, мәселе бұнымен шешіліп біткен жоқ. Маглдарды «хайуандарға» жатқызуды көздеген бүлікшілер бар; кентаврлардың «жаратылыс» атағынан бас тартып, қайтадан «хайуандар» қатарына оралғанын білеміз. (Кентаврлар жезтырнақтар мен қанішерлердің «жаратылыстар» қатарына жатқызылғанына қарсы шығып, өз шаруаларын сиқыршылардан бөлек реттеуді шешті. Біраз жылдардан соң су халқы да солай бөлініп кетті. Сиқыр министрлігі олардың шешімдерін лаж жоқтан қабылдады. Сиқырлы жаратылыстарды бақылау департаментінде Кентаврлармен байланысу басқармасы бар болғанымен, ешбір кентавр онда әлі күнге дейін жүгінбеген. Содан бері «Біреуді Кентаврлар басқармасына жіберу» деген сөз Департамент ішінде әзілге айналған, яғни ол әзіл кімге айтылса, сол адам жұмыстан шығарылмақ дегенді білдіретін). Құбылтектер болса әлі де "Хайуандар" бөлімшесі мен "Жаратылыстар" бөлімшесінің арасында көшіп жүр. Бұл кітаптың жазылу сәтінде Жаратылыстар бөлімшесінде Құбылтектерді қолдау басқармасы бар, ал Хайуандар бөлімшесінде Құбылтектер тізілімі мен Құбылтектерді есепке алу басқармасы бар. Жоғары саналы бірнеше тіршілік иесі өзінің жыртқыш табиғатын бағындара алмайтындықтан "xайуандар" санатына жатқызылған. Акромантулдар мен Мантикорлар саналы сұxбатқа қабілетті болғанмен, кез келген жақындаған адамды жұта салуға дайын. Сфинкс тек жұмбақпен сөйлейді, ал дұрыс жауап алмаса, қаһарына міне бастайды.
Келесі беттерде біз xайуанаттарды топтастырудағы дәлсіздіктерді талқылауды жалғастыратын болғандықтан, оларға қатысты кіріспе бөлімде айтып кетуді жөн көрдім.
Енді Магизоология туралы сөз болған кезде мыстандар мен сиқыршылардың ең жиі қоятын сұрағына көшейік: бұл xайуанаттарды маглдар неге байқамайды?
