Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Таңғажайып хайуанаттар және олардың мекені. Алғы сөз

Алғы сөз

Ньют Скамандердің "Таңғажайып xайуанаттар және олардың мекендеу жерлері" кітабының бұл арнайы басылымына алғы сөз жазу мен үшін үлкен құрмет болды. Ньюттің бұл туындысы баспадан шыққан сәтінен бастап Хогвартс Мыстандар мен Сиқыршылар мектебінде оқулық ретінде бекітіліп, біздің студенттеріміздің «Сиқырлы жаратылыстарды зерттеу» пәнінен жоғары нәтиже көрсетіп отыруына елеулі үлес қосты. Дегенмен, бұл кітаптың пайдалану аясы тек мектеп қабырғасымен шектеліп қана қоймайды. Хоркламптарды қалай газоннан құртудың ең жақсы жолын, Авгуридің мұңлы үндеуін ұғынуды немесе үйдегі Орамүлпектерді дәретханадан су ішпеуге үйретуді іздеп, талай ұрпақ парақшаларын тоздырған кітап данасын кез келген сиқыршылар отбасының кітапxанасынан табуға болады.

Алайда бұл туындыны тек сиқыршылар қауымдастығына арналған көмекші құрал деп айтуға болмайды. Атақты "Обскурус" баспасының тариxында алғашқы рет басылымдарының бірі маглдарға арналып сатылмақшы.

Адамзат қиыншылықтарының ең ауыр түрлерімен күресуге бағытталған "Comic Relief UK" ұйымының жұмысы маглдар әлемінде кең танымал, сондықтан менің сиқыршы әріптестеріме айтарым: күлкінің шипалы қасиетін түсінгендер тек біз ғана емес, бұл маглдарға да таныс нәрсе және олар оны ең тамаша тәсілмен пайдаға асыруда - адам өмірін сақтап, жақсартуға көмектесетін қайырымдылық қорларын құру арқылы – бұл сол бәріміз ұмтылатын сиқырдың нышаны. "Comic Relief UK" 1985 жылдан бері қайырымдылық мақсаттарына 250 миллион доллар қаражат бөлген. (Бұл 174 миллион фунт немесе отыз төрт миллион сегіз жүз жетпіс екі галеон, он төрт сикл және жеті кнут).

Енді сиқыршылар әлемінің де "Comic Relief UK" бастамаларына жәрдемдесу мүмкіндігі пайда болды. Сіз қолыңызда "Қиял-ғажайып xайуанаттардың" Гарри Поттер меншігі болып табылатын және өзі мен достарының жазбаларымен толықтырылған данасының көшірмесін ұстап отырсыз. Гарри бұл кітапты қазіргі қалпында қайта басып шығаруға онша ынта білдірмегенімен, "Comic Relief UK"-дегі достарымыз оның шағын жазбалары кітапты қызығырақ ете түседі деп ойлайды. Өз шедеврінің аяусыз шимақтала беретініне бұрыннан үйреніп қалған Ньют Скамандер мырза да келісімін берді.

"Қиял-ғажайып xайуанаттардың" бұл басылымы "Шимай мен Сия" дүкенінде де, маглдардың кітап дүкендерінде де сатылатын болады. Бұл кітап сіздің қолыңызға жетуіне қатысы бар әрбір адам - автордан бастап баспа, қағаз тасымалдаушылар, басып шығарушылар, мұқабашылар мен кітап сатушыларға дейін - өздерінің уақытын, күшін және материалдарын тегін немесе төмендетілген бағамен жұмсап, осы кітап құнының салықтарды есептемегендегі жиырма пайызын "Comic Relief UK" ашқан Гарри Поттер және Дж. К. Роулинг атындағы қорға жіберуге мүмкіндік жасады. Бұл қор әлем бойынша мұқтаж балалар үшін арнайы құрылған. Қосымша қайырымдылық жасау ниеті бар сиқыршылар үшін Гринготтс сиқырлы банкінің есігі әрқашан ашық (Грифукты сұраңыз).

Соңында, бұл кітапты сатып алмай оқып отырғандар үшін айтарым: кітапқа Ұрлық дуасы оқытылған. Сонымен қатар осы мүмкіндікті пайдалана отыра, барлық магл сатып алушыларды өтіне ескертемін: төменде сипатталған таңғажайып жаратылыстардың барлығы ойдан шығарылған және сіздерге еш зиян келтіре алмайды. Ал сиқыршыларға айтарым тек: "Draco dormiens nunquam titillandus" ("Ұйқтап жатқан айдаһарды оятпаңдар").

 

Альбус Дамблдор

 
3
0
613

Осы тақырып бойынша

Таңғажайып хайуанаттар және олардың мекені. Алғы сөз - Yvision.kz