Таңғажайып хайуанаттар және олардың мекендеу жерлері: маглдардың сиқырлы хайуанаттардан хабардар болуы туралы қысқа шолу (2)
Әйтсе де, бұл кітаптың мақсаты сиқыршылардың жасырын өмір сүре бастауына дейін болған қараңғы күндерді сипаттау емес (Ол қантөгіс кезең туралы толығырақ білгісі келгендерге Батильда Бэгшоттың «Сиқыр тарихын» оқуға болады, «Кішкентай қызыл кітаптар», 1947). Бізді қызықтыратыны – маглдардан біз құсап сиқырды жасыруға мәжбүр болған керемет жануарлардың тағдыры.
Халықаралық сиқыршылар конфедерациясының әйгілі 1692 жылғы отырысында бұл мәселе көтерілген болатын. Әбігерге айналған сиқырлы хайуанаттар мәселесін барлық ұлттардың сиқыршылары жеті апта бойы қызу талқылаған. Маглдардан біз хайуанаттардың қанша түрін жасыра аламыз және қайсыларын? Оларды қай жерде және қалай жасырамыз? Пікірталас өршеленіп жатты. Кейбір жаратылыстар тағдырлары шешіліп жатқанына қарамастан немқұрайлы отырды, қалғаны пікірталасқа қосылды (Кентаврлар, су халқы және гоблиндер өкілеттігін жиналысқа қатысуға көндірді).
Ақыры барлығы келісімге келеді (гоблиндерден басқа). Айдаһарлардан бастап Бандимандарға дейін жиырма жеті хайуан түрі қиялға айналып, маглдардан жасырылуы керек болатын. Келесі ғасырларда бұл көрсеткіш ұлғайды, себебі сиқыршылардың жасыру шеберлігі арта түсті. 1750 жылы Халықаралық сиқыршылар құпиялығы туралы жарғыға 73-ші бап қосылды. Ол бапты әлемдегі барлық сиқыршылар өкіметтері осы күнге дейін ұстанып келеді:
«Кез келген сиқырлы басқарушы мекеме оған қарасты аумақта мекен ететін барлық сиқырлы хайуанаттар, жаратылыстар мен аруақтардың құпияда, қарауда және бақылауда болуына жауапты. Егер қандай да бір жаратылыс адамдарға зиян келтірсе немесе адамдардың назарына түссе, аталған мекеме Халықаралық сиқыршылар конфедерациясымен жауапқа тартылады».
73-ші бап пайда болғалы оның ережелері мүлдем бұзылмады деп айту өтірік болар еді. 1932 жылы Илфракомбыда болған оқиға үлкендеу жастағы британдық оқырмандарымыздың әлі есінде болар. Онда күнге күйіп демалып жатқан маглдарға толы жағажайға асау Жасыл Уэльс айдаһары қалқып келіп қонақтаған. Қуанышқа орай, сол жерде демалыста жүрген сиқыршылар отбасы уақытылы іске араласып, ғасырдағы ең көпшілік Ұмытшылдық дуасын қолдануының нәтижесінде адамдарды апаттан аман алып қалған (кейін олар Бірінші дәрежелі Мерлин орденімен марапатталған). Бленхейм Сталк 1972 жылы шыққан «Байқағыш маглдар» атты кітабында Илфракомбының кейбір тұрғындарына Ұмытшылдық дуасы тимей қалғанын айтады. Әлі күнге дейін лақап аты «Жылпос қанжар» деген магл оңтүстік жағалаудың барларындағы жұрттың бәріне борбайын тістеп алған «үлкен жасыл сұмпайы кесіртке» туралы әңгіме шертеді.
