Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Тәжiкстандағы қазақ диаспорасының 70 пайызы әйелдерден құралған

АСТАНА. 28 қараша. BAQ.KZ – Тәжiкстан Республикасында 100-ге жуық ұлт өкiлдерi тұрады. Ең азы – қазақ. Қазiр Тәжiкстанда 936 қазақ қалған. Олар Душанбеде –185, Соғды облысында 350 қазақ (37,39%), Хатлон облысында 311 (33,55%), республикалық дәрежедегi 9 ауданда – 87 (9,30%), ал Таулы Бадақшан облысында 3 қазақ өмiр кешуде. Қазақстан тәуелсiздiгiн алған соң көбiсi атажұртқа оралды. Олардың азаюына мұндағы азаматтық соғыс та әсерiн тигiздi. Осы елдегі қандастарымыздың жай-күйіне Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi Ботагөз Уатқанның берген мәліметіне негізделе отырып тоқталатын боламыз.

Тәжiкстандағы қазақ диаспорасының басқа елдердегiден ерекшелiгi сол, негiзiнен 70 пайызы әйелдерден құралған. Дiнi бiр мұсылман әрi бауыр болғандықтан қазақ қыздары осындағы тәжiк пен өзбекке тұрмысқа шыққан. Сүйегiмiз осы жерде қалсын дейтiндер де бар. Осында қалған қазақтардың көбi биiк таулы жерлерде мал өсiрумен айналысады. Елдегi iшкi алауыздықтан туындаған азамат соғысы кезiнде экономикалық жағдай нашарлап, саяси жағдай тұрақсызданған.


Ондағы қандастарымыз Қазақстан тарапынан тек "Caspionet" телеарнасын көре алады, басқа ешқандай мәлiмет алуға мүмкiндiктерi шектеулi, қарапайым халықта интернет жоқ, жергiлiктi газет пен журналға жазылмайды. Ал, Қазақстан Республикасының 150 азаматы Тәжiкстанда оқып жүр. Бұлар да Қазақстан туралы ақпараттарды сондағы Қазақстан Елшілігі арқылы ғана алып тұрады. Мемлекеттiк қызметте ешкiм жоқ.


Бұл жақта бұндай шектеулер көп. Мысалы, тойдың өзiне шектеу қойылған. Экономикалық ахуалға байланысты үйлену тойына 150, сүндет тойына 60-қа жуық туған туыстарын ғана шақырып, тойлатуға Тәжiкстан үкiметiнен нұсқау шыққан.


Тәжiкстанда аралас отбасы өте көп. Бұлардың балаларының кейбiрi Қазақстанға кеткiсi келсе, кейбiрi Тәжiкстанда қалуды қалайды, осылай отбасылар iштей бөлiнуде.


Кезiнде басқа ұлт болып жазылып кеткен қазақтар мұрағаттан iздетiп, өз ұлтын қайта жаңғыртып алып жатыр. Азаматтық соғыс уақытында Хатлон облысындағы мұрағат өртенiп кетуiне байланысты бұл мәселенiң күрделi болып жатқан жайы бар.


2000 жылғы есеп бойынша Тәжiкстандағы қазақтардың 68,8% қазақ тiлiн ана тiлiм деп есептеген болса, бүгiнгi жасөспiрiмдердiң көбi қазақ тiлiн бiлмейдi, өзбекше, тәжiкше және орысша сөйлейдi. Бүгiнгi күнi Тәжiкстаннан 2752 отбасы, яғни 11657 қазақ Қазақстанға көшкен.

 

Дайындаған: М.СҰЛТАН

 
0
0
866

Осы тақырып бойынша

Тәжiкстандағы қазақ диаспорасының 70 пайызы әйелдерден құралған - Yvision.kz