«Тәуелсіздік жолында» атты облыстық ақындар айтысы өтті
Ақсу қаласы жастар бастамаларын дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткен айтыс ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Тұңғыш Президент күніне және Ақсу қаласының 55 жылдығына арналды. Сөз аламанына Павлодар облысы Жастар бастамаларын дамыту орталығының жанынан ашылған «Алдаспан» ақындар клубынан сегіз ақын қатысып, төрт ақын финалға өтті. Олар – Абзал Қабдраш пен Алтынбек Мақсатхан және Нұрбек Бәкір мен Мизам Жұмаәлі.

Қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші орынды Pavlodarnews.kz ақпараттық агенттігінің бұрынғы тілшісі Абзал Қабдраш жеңіп алса, екінші орын ПМПИ-дің студенті Алтынбек Мақсатханға бұйырды. Ал, №12 орта мектептің оқушысы Нұрбек Бәкір үшінші орынды қанағат тұтты.

- Айтыс шымылдығын Абзал Қабдраш пен Мәрес Байрон ашты. Олар сахнаға бірінші болып шықса да, сөзден тосылып қалған жоқ. Берілген тақырыпты ойдағыдай ашып, көрерменге рухани күш сыйлай алды. Екінші жұптасқан жас таланттар Нұрбек Бәкір мен Архат Әлібектің айтысы да қызықты өрбіді. Олар мектеп оқушысы болса да, өздерінің ерекшеліктерін, сөз тапқырлықтарын сахнада көрсете білді. Жалпы, айтыстың деңгейі жақсы болды, - дейді Павлодар облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығының ақпараттық техникалық бөлім инспекторы Замира Солтанова.
Pavlodarnews.kz тілшісіТілеуберді Сахаба
