Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Тәуелсіз елдің құрдасы – Қазақстан полициясы сапында

Қазақ елі үшін бұл жыл тарихи сәттерге, мерейлі жаңалықтарға толы жыл болды. 25 жыл бұрын еңсесін енді тіктеп келе жатырған жас мемлекет өзін егемен ел деп жариялап, Тәуелсіздік жайлы заң қабылдаған болатын. Осы уақыт ішінде түрлі жаңарулардан өтіп, Мәңгілік ел болу жолында нұрлы қадамдар жасап, дамыған 50 елдің қатарынан бой көрсетіп, әлемге сыйлы әрі сенімді мемлекет ретінде танылды. Осындай жас әрі қарқынды дамушы мемлекетпен бірге азаттықтың ақ таңында дүниеге келген, балалық шағын ашық аспан астында өткізген Тәуелсіздің құрдастары да өсіп келеді. Солардың бірі – Пазылхан Даулет Алтынбекұлы. 1991 жылдың желтоқсанында дүниеге келген ол ата-анасына ғана емес, еліне үлкен сый жасаған болатын. Кішкентай кезінен қайсар рухты, айтқан сөзінен тайсалмайтын беріктігі, шыдамдылығы мен төзімділігі оның болашағынан үлкен үміт күттіретін. 25 жыл бойы ішкі істер органдарында қызмет атқарып, құрметті зейнеткерлікке шыққан атасының тәрбиесінде болған Дәулет кішкентай кезінен болашақта кім болатындығын шешіп қойған-ды. Атасының қасынан бір елі қалмай, қызмет барысында орын алған қызықтары мен шыжықтарын тыңдап, нағыз полиция қызметкері ұстануы қажет ақыл-кеңестерін санасына құйып өсті. Оқу орнын үздік бағамен тамамдап, 2010 жылы әскер қатарына шақырылып, Павлодар қаласындағы Ішкі әскер әскери бөлімінде азаматтық борышын өтеп келді. Ішкі істер органдары қатарында қызмет етіп келе жатырған тәтесі Абдамитова Сәуленің Отан алдындағы антына беріктігіне, өз ісіне деген жауапкершілігіне тамсанған ол отбасылық кәсіпті жалғап, бала кезгі арманын жүзеге асыру мақсатында ішкі істер органдарының қатарына жұмысқа қабылданды. Ең алғаш Отан алдында ант беру сәтінде қатты толқыныста болған ол, қандай жауапкершілік жүгін арқалағанын сезініп, өзіне де әрқашан адал болуға, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау жолында барлық күш-жігерін жұмсауға ант берген еді. Полиция қатарындағы алғашқы қызметін Қалалық ішкі істер басқармасының жол патрульдік полиция қызметкері ретінде бастап, 2014 жылы Жедел басқару орталығының 102 операторына қызметке ауысады. Күн-түн демей азаматтардан келіп түскен хабарламаларды қабылдап, күн сайын олардың шағымын тыңдап, мәселелерінің дереу әрі оңтайлы шешілуін басты мақсаты етеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Еліңнің ұлы болсаң, Еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық, жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Елдің де, жердің де иесі өзің екеніңді ұмытпа» деген сөзін өмірлік ұстанымы етіп, нысанды киіміне кір келтірмей, асқақ мұраттарға абыройлы қызмет етуді көздейді.

«Мен  мемлекетіміздің Тәуелсіздік алған жылда жарық дүние есігін ашқанымды мақтаныш санаймын. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» демекші, менің бала кездегі арманым орындалды, мен полиция қызметкері атандым, өз елімнің тыныштығын қорғап жүрмін. Болашақта Қазақстанның берік қалқаны болатыныма сенемін», - дейді өз мамандығын жақсы көретін және болашақта офицер болуды армандайтын Пазылхан Дәулет.

   

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі

 
0
0
1373

Осы тақырып бойынша

Тәуелсіз елдің құрдасы – Қазақстан полициясы сапында - Yvision.kz