Тәттімбет Қазанғапұлына 205 жыл.
Ұланғайыр Қазақ жері талай-талай талантты да дарынды жандарды
дүниеге әкеліп, тарихи тұлғаларды тәрбиелеп өсіргені баршаға мәлім. Арғы дәуірлерді айтпағанның өзінде, кешегі ХІХ ғасырдың өзі ұлтымызға көптеген ұлы адамдарды сыйға тартыпты. Солардың бірі һәм бірегейі – биылғы жылы – 205 жылдық мерейтойы тойланып жатқан қазақ халқының біртуар тұлғасы, талантты ұлы Тәттімбет Қазанғапұлы.
Ұлттық құндылығымызды дәріптеу, рухани жаңғыру – ұлт ретіндегі біздің негізгі мақсатымыз.
Тәттімбет Қазанғапұлы - Ұлттық музыка өнері аспанында жарық жұлдыздай жарқырап өткен сегіз қырлы, бір сырлы талантымен, өнерпаздығымен танылған суреткер - күйші-композитор. Ол - қазақ халқының аспапты музыкасында қоңыр күйлердің дәстүрлерін қалыптастырып, тұтас бір мектептің орнығуына мұрындық болған ұлы күйші.
Биыл күйшінің туғанына 205 жыл толып отыр. Осы мерейтойға арнап, Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі концерт өткізуде. Оның мақсаты - дарынды күйшінің өнерін халыққа кеңінен насихаттап, есімін ұлықтау.
Тәттімбет күйлері өмірді терең түсінген, ойшыл, қиялшыл жанның сыры мен сезімін аңғартады. Ол - негізінен лирикалық композитор. Шығармалары философиялық түйіндерімен астасып жатады, ал музыка тілі көңілге қонымды, тез жатталғанымен орындауға қиын, күрделі болып келеді. Тәттімбет күйлеріндегі лирикалық сарындар, әуен толқындары қазақтың кең даласы мен оның сұлу табиғатын суреттейді. Күйшінің есімі қазақ өнер тарихында алтын әріптермен жазылған.
