Тұрмыстық қалдықтардан кіріс көзін жасау
«Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың мұны айтуға тілі жоқ». Иә, расында еліміздегі экологиялық ахуалдың оңалып тұрмағаны жасырын емес. Әсіресе Алматы. Нұр-Сұлтан, Шымкент секілді еліміздің алып шаһарларындағы тұрмыстық қалдықтар мәселесі кеңінен өршіп тұр. Бұл қалдықтардың барлығы бірдей қайта өңделуге беріле бермейді. Соның салдарынан тонналаған қалдықтар ауаға улы газдар бөліп шығарады. Мұндай қалдықтарды қайта өңдеу жұмыстары Қазақстан бойынша тек Алматы қаласында ғана жүзеге асырылады. Осыған қарамастан бұл мәселе бойынша 2025 жылға дейін тұрмыстық қалдықтарды 30% ға қысқарту көзделіп отыр. Қалдықтарды залалсыздандыру және оны төгу орындарын белгілеп, тиімсіз жерлерге қалдықтарды тастауға тиым салу аса қажет. Қазіргі таңда елімізде қайта өңделетін қалдықтар саны 20% ға да жетпей жығылады. Көп жағдайда елеп, ескерусіз қалатын мұндай ауқымды проблемаға билік тарапынан арнайы заңның қабылдануы және оның іс жүзінде жүзеге асырылуы көп түйіндерді тарқатар еді.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың айтуы бойынша, елдің 3,2 мың полигонына 125 млн. тонна қалдық жинақталған. Яғни, бұл дегеніміз жыл сайынғы қалдықтардың саны едәуір артып келе жатыр дегенді білдіреді. Сонымен қатар министрдің айтуы бойынша полигондардың 83% экологиялық және санитарлық нормаларға сай емес әрі қалдықтарды қайта өңдеуге арналған инфрақұрылымдар жоқтың қасы. Тұрмыстық қалдықтарды игеру жөнінде елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы "жасыл" экономикаға көшу концепциясында басты проблема ретінде қарастарып, көрстекен. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша жүздеген заводтар мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отыр.
Тұрмыстық қалдықтармен күресудің бірнеше әдісі бар, оларға: полигондарда көму және ішінара қайта өңдеу, қоқысты сұрыптау және оны қайта кәдеге жарату, тыңайтқышқа айналдыру, оттегісіз қыздыру сияқты тәсілдер жатады. Соның ішінде қайта өңдеуге келсек, қалдықтардың бір бөлігі өндіріс үшін қайталама шикізат ретінде тиімді пайдаланылады. Себебі қазіргі уақытта табиғи ресурстар таусылуға жақын әрі қоқыс арзанырақ. Бұл қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын ұйымдар мен кәсіпорындар үшін өте тиімді. Мұндай қалдықтардың ауаның гидросфералық қабатына тигізетін зияны орасан екенін естен шығармағанымыз абзал. Оның үстіне әсіресе тұрмыстық қалдықтар өте ұзақ уақыт бойына сақталады. Мәселен, қағаздар – 3 ай мерзімде, сағыздар – 30 жыл көлемінде, полиэтиленді пакеттер– 100 жылдан 200 жылға дейінгі уақыт мөлшерінде, балалардың жөргектері– 500 жылға дейін сақталады. Тұрмыстық қалдықтармен күресу тек белгілі бір ұйымның мойынына артылған мәселе емес, мұнымен күресу әрбіріміздің азаматтық борышымыз екенін есте сақтайық.
Фото: https://nas-national-prod.s3.amazonaws.com/styles/hero_mobile/s3/w1_one_mans_trash_0.jpg?itok=S5_vHXwB
