Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Мурад Юстел бастаған "Aksa Energy" компаниясының өкілдері кездесіп, қуаттылығы 500 МВт-қа дейін жететін аралас циклды газ зауытын салу жобасын жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойды.
Шаһар әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қондырғының құрылысы биыл басталады.
Мегаполис басшысы жаңа жобаны енгізу қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізіп, жергілікті бюджетке қосымша кіріс әкелетінін атап өтті.
Құны 700 миллион АҚШ долларына жуықтайтын инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы шаһар тұрғындарын сапалы электр және жылу энергияларымен және ыстық сумен қамтамасыз ету көзделіп отырғанын ерекше атап өткен жөн. Құрылыс кезінде 1000-нан астам жұмыс орны ашылады. Ал зауыт іске қосылғаннан кейін 200-ден астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады.
Ғабит Сыздықбеков түрік компаниясына қалаға қызығушылық танытып, энергетикалық кешеннің дамуына тікелей инвестиция салғаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ маңызды саладағы бірлескен жобаны тез арада жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.