Бұл туралы, бүгін, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру, алдағы зейнетақылар мен жәрдемақыларды өсіру және атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілін енгізу мәселелері жөнінде Маңғыстау облысы әкімдігінде өткен семинар-кеңесте ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты.
Шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, қалалар мен аудандар және ауылдық округтер әкімдері, «Нұр Отан» партиясы мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, мемлекеттік органдар өкілдері, жұмыспен қамту және халыққа қызмет көрсету орталықтары басшылары, тағы да басқа тараптар қатысты.
Кеңесте сөз алған министр, алдағы зейнетақылар мен жәрдемақылардың өсуі жайлы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.
ҚР ЕХӘҚМ басшысының айтуынша, ынтымақты зейнетақы жыл басынан 9%-ға көтерілгенін ескере отырып, тағы 11%-ға артатын болады. Базалық зейнетақы жыл басынан 7%-ға көтерілгенін ескере отырып, тағы 13%-ға артады. Нәтижесінде 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы мөлшерінің 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайызға дейін жоғарылауы қамтамасыз етіледі.
«Бұл өсім барлық зейнеткерлерді немесе 2 миллионнан астам адамды қамтиды. Тиісті санаттағы 45 мың адамның Атырау облысында тұратынын айта кеткен абзал. 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі зейнетақы мөлшері (базалық зейнетақыны есептегенде) 40 950 теңгені құрайтынын ескерсек, 2017 жылдың 1 шілдесінен 45 711 теңгеге дейін көтеріледі. Зейнетақының орташа мөлшері (базалық зейнетақыны есептегенде) 60 167 теңгеден (2017 жылдың 1 қаңтарындағы) 2017 жылдың 1 шілдесінен 66 676 теңгеге дейін жоғарылайды», - деді Тамара Дүйсенова.
Бала туғанға байланысты төленетін бiржолғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 2017 жылдың 1 қаңтарынан 7%-ға артқан болса, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап тағы 20%-ға ұлғаяды. Нәтижесінде, 2016 жылмен салыстырғанда, 2017 жылы өсім 27%-ды құрайды.
«Егер 2016 жылы бала туғанға байланысты төленетін бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы бірінші, екінші, үшінші балаға 66 621 теңгені құраса, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 71 270 теңгені, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 86 222 теңгені құрайтын болады. Бала туғанға байланысты төленетін мемлекеттік жәрдемақы төртінші және одан кейінгі балаларға ағымдағы жылы 111 035 теңгені құраса, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап оның мөлшері 118 783 теңгеге дейін жоғарылады, ал 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 142 947 теңгеге тең болады», - деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
ҚР ЕХӘҚМ басшысы 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмектің қалай тағайындалатынын да айтып өтуді ұмытпады.
«Келесі жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек (әрі қарай - АӘК) көрсетудің жаңа тәртібі енгізіліп, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-нан төмен (қазір 40%) отбасылардың әрбір мүшесіне, еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу шартымен берілетін болады. АӘК қолданыстағы үш әлеуметтік төлемнің орнына тағайындалады: көпбалалы отбасыларға арналған арнаулы мемлекеттік жәрдемақы (АМЖ); 18 жасқа дейінгі балалар арналған мемлекеттік жәрдемақы; табысы аз үй шаруашылықтарына тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмек», - деді министр.
Жаңа сипаттағы АӘК шартсыз және шартты ақшалай көмек болып екі түрге бөлінеді.
Шартсыз ақшалай көмек отбасы құрамында еңбекке қабілетті мүшелері жоқ (мысалы, мүгедектер отбасы немесе егде жастағы зейнеткерлер), немесе жұмыспен қамтудың белсенді шараларына объективті себептер бойынша қатыса алмайтын отбасы құрамында еңбек етуге қабілетті мүшелері бар отбасыларға (мысалы, мектеп жасындағы балалары бар жалғыз басты ана) тағайындалады. Осындай отбасылар үшін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу міндетті болып табылмайды.
Шартты ақшалай көмек отбасы құрамында кем дегенде бір еңбек етуге қабілетті адам бар отбасыларға, әлеуметтік келісімшарт жасау және еңбек етуге қабілетті отбасының барлық мүшелерінің жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу шартымен тағайындалатын болады.
Әлеуметтік келісімшартқа отырған азаматтарға шартты қаржылай көмек көрсетуді қарастыратын «Өрлеу» пилоттық жобасы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа әдістерін сынап көру мақсатында 2014 жылы Ақмола, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында іске қосылды. 2015 жылғы 1 шілдеден бастап, ұқсас өңірлік пилоттық жобалар, жергілікті бюджет қаражаты есебінен қосымша 38 аудан мен қалада жүргізіле бастады. Осы орайда, 2015 жылы, «Өрлеу» жобасына 20,2 мың адам қатысты.
2016 жылы «Өрлеу» жобасына 38,8 мың адам қатысты. Жобаның іске асуы қатысушылардың жан басына шаққандағы табысының 2 есе артуына ықпал етті; еңбекке қабілетті қатысушыларының жалпы санынан 90,5 %-ы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды; пилоттық аймақтарда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 24,7 %-ға төмендеді.
Жобаны әрі қарай жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 2017 жылға жалпы сомасы 7,1 млрд. теңге қарастырылған. Осы жылы «Өрлеу» пилоттық жобасына еліміздің барлық аудандары мен қалаларынан табысы аз 150 мың азаматты қамту жоспарлануда.