Сыбайлас жемқорлықпен күрес
1998 жылдың 2 шілдесінде Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы қабылданып, онда сыбайлас жемқорлықпен күресу әрбір мемлекеттік органдар басшыларының, ел азаматтарының міндеті екендігі атап көрсетілді. Аталмыш заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамсыз етуге, жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Елбасы жемқорлықпен күрес мәселесіне көпшілік алдында сөйлеген сөзінде үнемі тоқталып өтеді. Жемқорлықпен байланысты ашылған заң бұзушылық әрекеттер үкіметтік ақпарат құралдарында жедел әрі бүкпесіз жарияланады, ал БАҚ, үкіметтік емес ұйымдар тарапынан оны жария түрде әшкерелеу осы бір келеңсіз құбылысқа қоғамдық бақылауды күшейтті. Осы іс шаралар қазіргі мемлекет пен қоғам арасындағы тығыз байланысты тиімді етіп қана қоймай, болашақ мемлекеттік қызметкерлерді тәрбиелеуде оң нәтиже береді деп күтуге болады.
Халықаралық тәжірибеде жемқорлықпен тиімді күрестің тағы бір көрсеткіші міндетті тексерілетін мемлекеттік лауазымды тұлғалардың есептілігі десек дұрыс шығар. Бұл бағыттағы «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының бастамасымен түрлі деңгейдегі әкімдер мен басшылардың табыстарын БАҚ-да жариялау қолға алынған болатын. Жыл сайын мемлекеттік қызметкерлер тапсыратын кірістер жөніндегі декларация бойынша тексеру жұмыстары мен қоғамдық бақылау әлі де жетілдіруді талап етеді. Онда азаматтардың өтінімдерін мемлекеттік шенеуніктердің қарау үдерісін интернет арқылы жүзеге асырудың да маңызы өте зор. Азаматтардың өтінімдерін, талап арыздарын қарастыруда жоғары технологиялық мүмкіндіктерді пайдалануды жетілдіру бүгінгі таңда басты міндеттерінің бірі болып отыр.
«Сыбайлас жемқорлық» деген түсінік мағынасына этимологиялық қарау мұны «параға сатып алу», «пара» ретінде, «corruptio» деген латын сөзін алып, анықтауға мүмкіндік береді. Рим құқығында сондай-ақ «corrumpire» түсінік болған, ол жалпы сөзбен айтқанда «сындыру, бүлдіру, бұзу, зақымдау, жалғандау, параға сатып алу» деген түсінік беріп, құқыққа қарсы түсінік іс-әрекетті білдірген. Орыс тілінің түсіндірме сөздігі сыбайлас жемқорлықты пара беріп сатып алу, лауазымды адамдардың, саяси қайраткерлердің сатқындығы ретінде сипаттайды. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңы «Мемлекеттік міндеттерді орындайтын адамдар, сондай-ақ соларға теңелген адамдар, тікелей өзі немесе делдал арқылы өздерінің лауазымды құзіреттерін және онымен байланысты мүмкіншілікті немесе өз құзіреттерін басқаша пайдаланып, мүліктік пайда алу үшін заңмен қарастырылмаған мүліктік жайлылықты және артықшылықты қабылдау, жеке және заңды тұлғалармен аталмыш жайлылықты және артықшылықты оларға заңсыз беруге осы адамдарды парамен сатып алу” деген ұғымда сыбайлас жемқорлыққа анықтама береді. Қазіргі таңда, сыбайлас жемқорлықпен күрес қалай жүргізілуде? Сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес, барлық мемлекеттік органдар қабылдаған шешімдердің ақпараттық мөлдірлігін қамтамасыз ету, мемлекеттік басқару органдарының рұқсат ету және әкімшілік құзіреттерін оңтайландыру, сондай-ақ мемлекеттік сатып алудың электронды жүйесіне көшу негізінде мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалау жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламада ерекше орын, азаматтық қоғам ұйымдарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тартуға, құқықтық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бөлінеді.
«ХҚКО» инспекторы
Б.Иманалина
