Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Судья әдебі кодексі — жауапкершілікті арттыратын жаңашыл жоба

Еліміздің тәуелсіздік алғанына биыл ширек ғасыр толады. Әрине, бұл адам баласының ғұмырымен есептегенде әжептәуір уақыт болғанымен, тарихи жылнама өлшемімен алып қарасақ, аса ұзақ мерзім емес. Десек те, «Елге бай құт емес, би құт», «Тура биде – туған жоқ, туғанды биде – иман жоқ» деп философиялық ой түйген бабалар сөзінің бүгінгінің билеріне берер тәрбиелік мәні мен тағылымы ерекше деп ойлаймын.

Қазіргі уақытта елімізде жүргізіліп жатқан сот-құқықтық реформалардың нәтижесі өз жемісін берді деп айтуға толық негіз бар. Адамдардың әділ сот төрелігіне деген сенімі уақыт өткен сайын артып келеді.

Сот билігінің бұрынғы бес сатыдан қазіргі үш сатыға ауысуы да қарапайым жұрт үшін сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатындағы оң өзгерістер деп айтуға болады. Өзінің құқығы бұзылды деп ойлаған кез келген азамат алдымен сотқа жүгінетіні заңдылық. Бұл – бүгінгі жүргізіліп отырған мемлекеттік сая­саттың оң нәтижесі. Ал, қоғам алға ілгерілеген сайын судья­ның кәсіби біліктілігіне деген талап күшейе түспек. Сонымен қатар, бүгінгі күні судья мәртебесі Елбасының 2000 жылғы 25 желтоқсанда қол қойған «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңымен белгіленгені баршаға аян. Одан бергі жылдарда аталған заң үнемі жетілдіріліп, судьяның доғарысқа немесе зейнет жасына толуына байланысты оларды әлеуметтік қорғау мемлекет тарапынан үнемі қолдау тауып келеді.

Ата Заңымызда көрсетілгендей, Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Судьялар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады. Міне, осының барлығы сот жүйесі мен бүгінгінің билеріне деген үлкен құрмет және жанашырлық деп түсінген абзал. Олай болса, судьялардың кезекті VII съезінің күн тәртібінде «Судьялар тәртібінің қағидалары мен ережелерінің этикалық кодексінің» қаралуының маңызы зор. Қазіргі уақытта аталған кодекстің жобасын талқылау заңгерлер қауымдастығымен қатар, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің де қызығушылығын тудырып отыр десек қателеспейміз.

Би болмысы, оның адамгершілігі, оның моральдық-этикалық бейнесі бәрінен жоғары болуы қажет. Неге десеңіз, біздің дана халқымыз әдептілік қағидасын өте ерте заманнан ұстанған және ислам дінін қабылдаған уақытта да мұны ұмытпаған. Адамдардың бір-бірімен ымыраласып, қоғам болып және әдептілікке сай өмір сүруін қолдаған. Бұқар жыраудың «Аталыдан би қойсаң, адаспас жол мен жобадан, Атасыздан би қойсаң, босамас аузы парадан» деген толғауы осыны меңзесе керек. Яғни, көшпенді қазақ қоғамында би болмысына деген талаптың деңгейі бүгінгіден кем болмағанын аңғарамыз.

Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыруда судья әдебінің жаңа жобасын тұжырымдау, судьяның моральдық-этикалық бейнесін ашып көрсету, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру т.б. мәселелер тереңінен тұжырымдалған. Бәрімізді толғандырып отырған осындай келелі жайттар жақында Қазақстан Респуб­ликасы Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәмидің қатысуымен өткен биылғы жылдың бес айының қорытындысы қаралған Батыс Қазақстан облысы судьяларының кеңесінде жан-жақты талқыланды.

Кеңес барысында сөйлеген сөзінде Қ.Мәми «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына енгізілген реформаларды іске асырудың қорытындысы бойынша сот жүйесі жұмысындағы жағымды өзгерістерге тоқталып, Жоғарғы Сотқа жүктелген барлық 11 қадам іске асырылғанын атап өтті. Жоғарғы Сот төрағасының айтуынша, Судьялар әдебі кодексінің жаңа жобасы әзірленген, ол 2016 жылдың күзінде өтетін Судья­лардың VII съезінде қабылданады деп жоспарланып отыр. Кодекс жобасы судьялар қауымдастығымен келісілген және Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңестің отырысында мақұлданған. Қоғамда кеңінен талқылау үшін ол еліміздің жоғары сот органының сайтына орналастырылған. Кодекс жобасына қатысты Еуропа кеңесінің Венециялық комиссиясы сарапшыларының алдын ала қорытындысы алынды. Енді ол биылғы маусымда Венецияда (Италия) өтетін комиссияның 107-жалпы отырысының шеңберінде бекітіледі деп күтілуде.

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясында берілген тапсырмалардың дер кезінде әрі сапалы орындалуы бүгінгі таңда қазақстандық сот жүйесінің өз даму жолында зор табыстарға қол жеткізу арқылы халықаралық жаңа деңгейге қадам басқанын көрсетеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттің VI шақырылымдағы бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде «Қазақстандық сот төрелігі мен құқық тәртібі жүйесі ашықтық және кәсібилік тұрғысындағы жаңа сапаға ие болды. Қазақстандықтар мен бизнес субъектілерінің құқықтарын сотта қорғау деңгейі ендігі жерде ЭЫДҰ мемлекеттерінің жоғары стандарттарына сәйкес келеді» деп атап көрсеткен болатын. Осы орайда, Судьялар әдебі кодексінің жаңа жобасы да қазақстандық соттар қызметіне жаңаша серпін беріп, судьялар қауымдастығының қо­ғам алдындағы жауапкершілігін одан әрі арттыра түседі деп санаймын.

 

Арман Жүкенов,
Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының төрағасы

 
0
0
846

Осы тақырып бойынша

Судья әдебі кодексі — жауапкершілікті арттыратын жаңашыл жоба - Yvision.kz