Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Ұстаздардың кәсіподағы "Ұстаз мәртебесі туралы" заңжобасын жасақтау тобына енді

«Ұстаз мәртебесі туралы» заңды әзірлеуге білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы белсенді түрде атсалысады. Бұл туралы аталған кәсіподақ қызметінің баспасөз қызметінен хабарлады. Жолдаудың ұстаздар қауымына арналған ең маңызды тұсы деп «Ұстаз мәртебесі туралы» заң қабылдау тапсырмасын айтар едік. Сондықтан ұстаздар қауымы, салалық кәсіподақ ұйымы бұл заңнан көп үміт күтеді. Қазірдің өзінде Кәсіподақ өкілдері аталған заң жобасы бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігі жанына құрылған жұмыс тобының құрамына енді.

Айта кету керек, салалық кәсіподақтың күш-жігерінің арқасында 2007 жылы «Білім беру туралы» ҚР Заңына «Педагог мәртебесі» деген жетінші тарау енгізілген. Алайда бұл тараудағы заң нормалары тиісті деңгейде орындалмай келді.

Мәселен, жергілікті атқарушы органдар ұстаздарға заңмен бекітілген әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктерді өз деңгейінде орындамай отыр. Сондай-ақ ауылдық жерлердегі педагогикалық қызметкерлерге жергілікті бюджеттен бөлінетін коммуналдық төлемдер мен отын сатып алуға қажетті өтемақы көлемі әртүрлі немесе өте төмен мөлшерде екенін атап өтуге мәжбүрміз.

Әлі күнге дейін кейбір қалалар мен аудандарда педагогтардың міндетті медициналық тексеруден өтулеріне жұмсалатын қаржы мәселелері де толық шешілмей келеді. Сонымен қатар, ұстаздар қауымы жөнсіз тексерістерге шалдығып, міндеттен тыс жұмыстарды орындауға тартылады. Осы және басқа да аталған мәселелер педагогикалық еңбектің мәртебесі мен имиджіне теріс әсерін берері сөзсіз.

Бұл олқылықтардың орны Президент тапсырмасымен әзірленетін жаңа заңмен реттеледі деп сенеміз. Бұл құқықтық құжатты қазір кәсіподақ мүшелері арасында талқылау басталып кетті. Осы аптада барлық өңірлердегі кәсіподақ өкілдерінің қатысуымен жаңа заң жобасына ені мүмкін нормаларды талқылайтын жиын өтеді.

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы Мемлекет басшысының Жолдауындағы ұтсаздарға қатысты барлық тапсырмалар мен бастамаларды қолдайды және олардың жүзеге асуына өз құзыреті шеңберінде барынша атсалысады.

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының баспасөз қызметі

WWW.EDU-TRADEUNION.KZ

0
0
2804

Осы тақырып бойынша

Ұстаздардың кәсіподағы "Ұстаз мәртебесі туралы" заңжобасын жасақтау тобына енді - Yvision.kz