Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Ұстаз. Шәкірт. Пара.

Мектепке жұмысқа алғаш келген жылы 7- сыныптарды берді.
23-ақпанда бір оқушы қыз әтір сыйлады.
Алмайын десем, 25 баланың алдында жасөспірім қыздың сағы сынатын түрі бар. Оның үстіне мінезді қыз бала еді.
Алуға тура келді. 
Рахметімді айттым да, бүкіл сыныпқа қарата 
- Мен сендерді оқытқаным үшін мемлекеттен жалақы аламын! 
Ол аз ба, көп пе - менің жеке проблемам!
Сондықтан, маған сыйлық жасаудың алды да, арты да осы болсын!
Келесі жолы сыйлық әкелсеңдер, сыйлығыңды терезеден атам, өздеріңе "2" қоямын! - дедім, дауысымды қатайтып.
Мектепте де "сымсыз телефон" жақсы жұмыс істейді. Ол "телефонның" хабары жылдан жылға ауысып отырады. 
Содан кейін, маған оқушы да, ата-ана да сыйлық ұсынған емес (Фейсбукте біраз шәкіртім және олардың ата-аналары, мектептес әріптестерім отыр. Сөзім өтірік болса, айта жатар).
Жыл сайын кейбір ата-аналар 
- Баламды ҰБТ-ге дайындаңыз! 
Сұрағаныңызды береміз! - деп өтініш жасап жатады. 
- Балаңызды жұрттан бөліп дайындаудың қажеті шамалы. Сабақта айтқанымды орындаса болды.
Үй тапсырмасын орындауды сіз қадағалаңыз. Нәтиже жаман болмайтынына мен кепіл! - деп бас тартамын.
Жалпы, меніңше мұғалім мен оқушының арасында -тауарлы-ақша қатынасы болуы мүмкін емес.
Шәкіртінен пара дәмету өз балаңды баққаныңа ақы сұраумен бірдей.
Сондықтан, қылмыстық заңға өзгеріс енгізіп, пара-сыйлық алған оқытушыны өмір бақи педагогикалық қызметпен айналысуға тиым салынуы тиіс. 
P. S. Тағдырдың жазуы шығар. Маған алғашқы және соңғы рет сыйлық жасаған қыз, ұлымның 11 жыл бір партада отырған ең жақын досына күйеуге шығып, өзіме келін болды :-)

0
0
522

Осы тақырып бойынша

Ұстаз. Шәкірт. Пара. - Yvision.kz