Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Стандартты сұлулық кімге керек?

Жапсырылған кірпік. Екі метр тырнақ. 5000 теңге. Болды. Әп-сәтте сұлусың. «Сұлулық әлемді құтқарады» деген тамаша тіркесті Достоевский мырза Қыз Жібек пен Ақжүністей аруларға айтты-ау деймін, әйтпесе қазіргі сұлулықтың символдарына қарап тұрып сұлулық әлемді құтқара ма, әлде әлем сұлулықты құтқарып жүр ме түсінбейсің.

Көшеге шыққанда көзіңе түсетін қыздардың 80%-ы бір зауыттан шыққандай біп-бірдей боп жүретіні сәйкестік немесе өздері қалыптастырған сұлулық стандартының жемісі. Әйтсе де миллион қыздың талғамының тура бір жерден шығуы таңғажайып дүние, сондықтан екінші нұсқа сәл ақылға қонымдырақ. Осы жерден толығырақ.

Сыртқы сұлулықтың стандарты қалай пайда болды? Кім қалыптастырды? Еліктеу деген «тамаша» қасиет еске түседі осындайда. Әдемі, тартымды қыздардың жасаған «процедураларын» басқа қыздар «сұлулық деген осы-ау» деп өз бастарынан кешеді. Осылайша бір-бірінен аумайтындар «қоғамы» қалыптасады. Тонналаған тоналка, қоңыр контур, жасанды қалың қас, жапсырылған кірпік, үлкен ерін, тіке ұзын қара шаш. Таяуда келген трендтер осы.

Бірақ тренд заң емес. Онда неге көп қыздар осыған ұмтылады? Әрине, әдемілік бізге көптік етпейді. Дегенмен, бұл орайда жоғалып бара жатқан бір байлық – даралық. Бірінен бірі аумайтын бикештерден кейде көз ауырады. Жоғарыдағы «стандарттан» ада қалған аруды көру – бұл заманда бизон көрумен тең. Яғни, ерекшелік, ешкімге ұқсамайтын даралық – бүгінгі күннің байлығы. Біреудің қызының бетінде нең бар дей көрмеңіздер. Өйткені, қыздардың бір принтерден шыққан парақтай боп бір-біріне ұқсап бара жатуы ойбайлататын өзекті тақырып болмаса да алаңдатарлық жайттардың бірі. Еліктеу, бір стандартқа бағыну, біреуге ұқсау өзіңнің меніңді жоғалтуға алып келеді, яғни деперсонализация бастау алады. Воробьева деген психолог тәтейдің айтуынша деперсонализацияның бірден-бір себебі осы еліктеу екен.

Ендеше тоқ етеріне тоқтасақ, «қараңғыны қараңғы деп сөккенше, қолдан келсе бір майшамды жақсайшы» деп, өзін әдемі санамайтын арулардың өзін-өзі құтқару амалдары асыра сілтеніп бара жатқандай. Бар айтарым, майшамды абайлап жағыңыздар, арулар!

1
1
1356

Осы тақырып бойынша

Стандартты сұлулық кімге керек? - Yvision.kz