Сотталған Қайрат Сатыбалдыға қатысты тағы да тергеу жүргізіліп жатыр
Қайрат Сатыбалдыға қатысты жаңа дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов хабарлады.

Фото: egemen.kz
«Агенттік қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстату дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-тармағының 3 бөлігімен сотқа дейінгі тергеуді аяқтап, сотқа жіберді. Қайрат Сатыбалды қылмыстық жолмен алынған және заңсыз ақшадан түскен пайдаға түрлі мүлікті, оның ішінде шет елден де сатып алған. Ақшаны Қазақстан аумағындағы және шет елдегі банк шотына салған», - деді агенттік өкілі.
Арман Тілеукеновтің айтуынша, бұдан бөлек Қайрат Сатыбалдыға қатысты салық төлеуден жалтару дерегі бойынша да сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, 2022 жылдың қыркүйегінде сот Қайрат Сатыбалдыны кінәлі деп тауып, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу үшін алты жылға бас бостандығынан айырған еді. Сосын ол Өскеменнің іргесіндегі №22 түзеу мекемесіне жөнелтілді.
Ал кейіннен Қайрат Сатыбалдының шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш жазғаны белгілі болды.
