«Солақай» сорлатты (Құзға құлаған «Одной левой» киносы)

Poker face немесе алғашқы әсер;
Пах, Полина және Нагиевтің нақылдары;
Тоны теріске айналған ойдағы түсінік - енді бұл туралы...
"Пәрмені" мықты Полина бүгінгі жұмыстың жүгін айтарлықтай жеңілдетті. Алдын ала көрсетілімге (предпоказ) шақырту алған соң, әрине, ісімді іркіліссіз іске асырдым, шама-шарқымша, түскі астан да нәр сызбай, компьютер алдынан іргемді аулақ салмай, оңқай асықтай ұшқырлық танытып, шаруамды шаруаладым, бір сөзбен айтқанда. Өйткені, бұл фильмді мен, шыны керек, күтумен болдым. "Трейлері ұнады" десееем...жалған болар. Жеме-жемге келгенде, Полина Гагарина үшін уақытымды қиып бардым.
Әуелі, басынан шіритін балықтың қарекетінен сөз қозғайық. Армен Ананикян режиссер әрі сценаристі мен "Билет на Вегас" кинокартинасынан кейін тани бастадым. Әлгі айтқан фильм "аса қатты, қол шапалақтауға" тұрмағанымен, қызықтыра білді. Іліп әкетті, қыран-топан күлкіге көмкере алды. Соның ізінен шыққан "одной левой" фильмі де солай болады деген үміт, аяқ астынан өшті, тура мағынасында.
Былтырдан бастап, қателеспесем, Дмитрий Нагиевтің жұлдызы жана бастады. Атағы дүркіреп, өзі күркіреп тұрған сәті есте болар?! "Окно" телебағдарламасынан "араздастырушы", "татуластырғыш" "ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс" мінезімен ныспысы үлкен үйдің қиырына тарала бастаған-ды. Кейін бағдарлама жабылып, телеэкранның шоқжұлдызы ұшты-күйлі жоғалғаны да есімізде. Кейін "Физрук" телехикаясымен түр-келбетін өзгертіп, жұрттың "піріне" айнала бастады. Міне, осы фильмде де сол кейпінен шықпаған, кино барысында құдды бір "дене ағайын" қарап отырғандай күй кешесіз. Расымен, іс-әрекеті, болмысы, тіпті киінген стилі де сол қалпы, шып-шырғасыз, өзгермеген. "Шеркаться, телка, дрыхнишь" деген нақылдарына құлақ тұнады. Фильмнің осал тұсы осы болса керек...
Жанры комедия, драма екен, сөйтсек, сүйек екен, күлкіге кепілдік берген кино кеңеземді кептіріп, көзімді талдырып жіберді. Енді, жасырып-жаба алмаспын, юмор атымен жоқ. Тіптен, ине шаншар жер таппайтын, көрерменге лық толы залдың көмейін көрсетіп күлгенін бір байқамаппын.
Сценарий "алма піс, аузыма түстің" керін келтірді. Тың идея жоқ, мектептегі "3" деген бағаға риза болатын оқушының шығармасы іспеттес. Қысқасы, жаздым-бітті. Ұтымды жері мүсіншінің бір қолы жансызданып, оның бойына шала-жансар төсек тартып қалған келіншектің оң қолы іс қылады. Келіншек ойға алғанын оңай орындайды, көздегеніне көп бөгелмей жетеді. Яғни, азаматша оң қолымен басқарып отырады жігітті. Режиссер-сценаристердің кәсіби дәрежесі осында болар, "мүсіншінің бір қолмен шөптің басын сындыра алмауында" деп ұқтым.
Драма жағынан, әңгіме жоқ, сөз таластырудың да қажеті жоқ бұл жерде, тап-таза мелодрама. Соның өзінде де, көз ілмей, есінемей, кірпік қақпай қарап отыратындай "шедевр" емес. Жалықтырып, зеріктіріп жібергені-ай, тең жартысынан бастап ұялы телефонымның шаңын шығарумен болды. Инстаграмға кіріп-шығып, уатсаптан да жауап беріп үлгеріп отырдым. Сөйтсем, тек мен емес екен, "бір кемедегі қасымдағы жолаушылардың" екі көзі соткада, теңіз бетіне секіріп кетуге де дайын отыр екен бір түр-келбетін сүзгіден өткізсең.
Актерлардың рөлін сомдауы, операторлық шеберлік, осы тұста Ресейден үйренеріміз бар. Тәжірибені тірнектеп, теріп жинағаны байқалады. Соны ескере отырып, "-3" бағасын бекітуге болады.
Қырық кісі мен қыңыр кісі қос жаққа шығуы мүмкін, әрине, бұл менің субъективті пікірім. Алайда, кинодан жаңа қарқын күттім, мистикалық тұрғыдан болашаққа ой жүгіртіп шығуға болар еді, немесе жаңашылдық енгізіп, қазіргі адамзат санасынан жоғалып бара жатқан қасиеттерді жіпке тізуге болар еді...
Қаражаттың мардымсыз болғаны ма, әлде?!
