Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Сочидегі Олимпиада: 13 ақпанда қазақстандықтар Денис Тенге жанкүйер болады

СОЧИ. ҚазАқпарат — Сочидегі кезекті олимпиадалық күн қазақстандықтар үшін Астана уақытымен сағат 16.00-да «Лаура» шаңғы және биатлон кешеніндегі сайыстармен басталады, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

10 шақырымдық классикалық стильдегі шаңғы жарысына біздің спортшыларымыз Татьяна Осипова, Елена Коломина және Анастасия Сломина қатысады. Марафонға барлығы 76 спортшы шығады.

Бүгін алғашқы командалық жарыстар белгіленіп отыр. Құрамында Абзал Әжіғалиев, Айдар Бекжанов, Аслан Даумов, Нұрберген Жұмағазиев және Денис Никиша бар шорт-трек спортшылары 5000 метрлік эстафетаға шығады. Шорт-трек — конькимен шапшаң жүгіру түрі, онда спортшылар ұзындығы 111,2 метрлік сопақша мұз жолының үстімен жарыс қашықтығын барынша шапшаң еңсеруі тиіс. Эстафетаға төрт спортшыдан сегіз команда қатысады. Әрбір команда белгілі бір спортшы қанша айналымды жүгіріп өтетінін өздері шешеді. Дегенмен соңғы спортшы (егер ол жарақат алып қалмаса) соңғы екі айналымды жүгіріп өтуі тиіс. Жарыстар 17.31-де «Айсберг» қысқы спорт сарайында өтеді.

Сағат 20.00-да «Лаура» кешенінде биатлоннан жарыстар жалғасады. 20 шақырымдық жекелей жарыстарға қазақстандық биатлоншылар Ян Савицкий, Антон Пантов, Сергей Наумик және Александр Трифонов шығады. Барлығы 89 қатысушы болмақ. Жекелей жарыс — ерлер үшін 20 шақырымдық биатлон жарысының және 15 шақырымдық әйелдер жарысының классикалық түрі.  Биатлоншылар 30 секунд немесе бір минуттық арақашықтықпен жарысқа шығады. Бірінші және үшінші атысты — жатып, екінші және төртінші атысты — түрегеп тұрып атқарады. Әрбір биатлоншы атыс дәлізін өзі таңдайды. Әрбір жіберілген қателік үшін айып минуты қосылады.

Осы уақытта «Адлер-Арена» коньки орталығында қазақстандық Екатерина  Айдова тағы да жарыс жолына шығады. Ол Нидерланды өкілі Маррит Ленстрамен жұптасып, 1000 метрлік қашықтыққа жүгіреді. Олар 14-ші болып шығады.

Олимпиадалық күн қазақстандық жанкүйерлер үшін 21.00-де мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өнерімен аяқталады. Жалпы ерлер мен әйелдер арасындағы дара сырғанау қысқа бағдарламадан тұрады, оның ішінде жеті міндетті элемент және еркін бағдарлама бар. Денис бүгін қысқа бағдарламаға әлемнің 30 күшті спортшыларымен бірге қатысады. Екі жарыстың нәтижелері қосып есептеледі және жеңімпаздар төрешілер қойған жоғары баллмен анықталады.

Денис Теннен басқа бүгін қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Абзал Рақымғалиев те өнер көрсетеді.

Жарыстар Астана уақытымен көрсетілген.

Басты сөздер: СпортОлимпиада
 
0
0
231

Осы тақырып бойынша

Сочидегі Олимпиада: 13 ақпанда қазақстандықтар Денис Тенге жанкүйер болады - Yvision.kz