Сочи Олимпиадасынан 40-тан астам қазақстандық журналист ақпарат таратады – Спорт агенттігі
2014 жылы Сочиде өтетін Олимпиада ойындары туралы 40-тан астам қазақстандық журналист ақпарат таратады. Бұл жөнінде бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Қазақстан Республикасы Дене шынықтыру және спорт істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.«Ресми түрде Ұлттық Олимпиада комитеті 4 тілшіні аккредитациядан өткізді, бірақ осыған қоса, біз тағы қырыққа жуық журналист жіберуді көздеп отырмыз. Сочиде арнайы медиа-орталықтар жасақталған. Біз келісім жасадық», — деді ол.
Оның айтуынша, Сочиде Олимпиада барысына қатысты ақпарат таратуға барлық жағдай жасалған.
«Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, журналистерді іріктеп аламыз, олар Сочиге жеткенде тіркеледі. Онда барлық жағдай жасалған. Бір уақытта 250 журналист жұмыс істей алады», — деп толықтырды Т.Есентаев.
Айымгүл ӘБІЛЕВА

