Бұлардың қайсысына тоқтаймын, салған суретім қандай болып шығады, мен оны әлі білмеймін. Менің көзім жеткен бір нәрсе ғана бар: ол – талмай, тайынбай іздену.
Ш. Айтматовтың «Алғашқы ұстаз» шығармасынан үзінді
Бүгін Шыңғыс Айтматовтың дүниеден өткеніне бір жыл. Алайда, қырғыз классигінің әдеби туындылары мәңгі жасайды деп ойлаймын. Романтикалық реализмге толы «Жәмила», «Алғашқы ұстаз», «Ана-Жер Ана», «Ақ кеме», «Боранды бекет» шығармалары бойынша кеңес уақытында кино түсірілген еді. 2008 жылы біздің Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Қош бол, Гүлсары» шығармасын экранизациялаған болатын.
Айтматов көз тірісінде осы киноның бірнеше кадрларын ғана көруге үлгерді, бірақ режиссердің сол кездегі дайын материалының өзіне ризашылығын білдірген болатын. Авторлық кино повесьтті толық қайталамайды, кейбір эпизодтар жоқ болса да, картинада режиссер эмоцияларды емес, сезімдерді көрсеткісі келген. Осылайша кинода достық, құштарлық, іске деген адалдықты көре аламыз.
Сонымен қатар, сол кездегі адамдардың коммунизмге деген зор сенімі. Үміті емес, дәл сенімі. Оны бас кейіпкер Танабайдың бір сөзінде: «Коммунизм деген әрбір адам бақытты болу үшін жаралған» - , дегеннен немесе партбилетін үнемі өзіммен бірге ұстап жүргенінен көруге болады. Әділетсіз колхоз директорынан опасыздық көріп, партиядан шығып кетсе де, өмірдің соңына дейін коммунизмнен бас тартпайды. Кинода көрсетілмесе де, повесть бойынша, Танабай қартайғаннан кейін партияға қайта оралуды ойлайды. Әрине, кино коммунизм жайында емес, асыл тұқымды тұлпар мен қарапайым адамның тағдыры жайында. Бірақ социализмнің жаңа идеологиясы жайында ұмытудың қажеті жоқ, себебі дәл осы идеология Гүлсарының да, Танабайдың да өміріне қатты әсер етті.
Кинодағы бәйге мен атқа тұсау салған эпизодтары және қазақ даласының кеңдігі тамаша көрсетіледі. Режиссердің айтуынша, бұл фильм ең бірінші, қазақ көрермені үшін түсірілген және оны шет елдерге таныстыру, одан ақша табуды көздемеген.
«Дала мен Қала» газетіне берген сұхбатында режиссер Ардақ ӘМІРҚҰЛОВ:
— Мен өзім Шыңғыс Айтматов повесі бойынша фильм түсіремін деп ізденген жоқ едім. Алдын ала 1997 жылы менің «Абай» деген фильмім Ташкентте өткен фестивальде жүлде алған кезде Шыңғыс Айтматов сол жерде қазылар алқасының төрағасы болды. Сонда ол кісінің өзімен сөйлескен кезде, «Қош бол Гүлсары» повесі туралы кино түсіруде айтқан болатын. Сондықтан бұл менің емес, Шыңғыс Айтматовтың идеясы. Қазірде бізді халықаралық фестивальдерге шақырушылар өте көп болып отыр. Мәселен, АҚШ, Түркия, Индия елдерінің кинолентаға деген қызығушылығы артуда.
Ресми кинорецензиядан: «Картинадағы көріністер кеңестік Қазақстанның 50-жылдарын қамтиды. Фильмде Кеңестік кезеңнің бүкіл қайшылықтары, колхозшы коммунист Танабай арқылы беріліп, оның өмірлік жолдасына айналған асыл тұқымды тұлпары Гүлсарыға деген қарым-қатынасы баяндалады».
«Қош бол, Гүлсары!» 2008 ж.
Мемлекет: Қазақстан
Режиссер: Ардақ Әмірқұлов
Сценарий авторлары: Ерлан Нұрмахамбетов, Ержан Рүстембеков
Басты рөлдерде: Доқтырбек Қыдыралиев, Райхан Айтқожанова, Нұрлан Санжар(Сегізбаев), Жанел Мақажанова; Гүлсары рөлін 15 жастағы Гарпун атты ақылтеке тұқымды тұлпар ойнайды;
Жанры: мелодрама. Ұзақтығы:102 минут