«СМП-Қызылорда» құрылыс компаниясы «Нұрлы жер» бағдарламасының Қызылорда облысындағы алғашқы қатысушысы
«СМП-Қызылорда» ЖШС құрылыс компаниясы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының Қызылорда облысы бойынша алғашқы қатысушысы атанды. Аймақтық үйлестіру кеңесінің отырысында компанияға қолдау көрсетуге шешім шығарылды.
«СМП-Қызылорда» ЖШС 2002 жылы құрылған. Компания негізі қаланғаннан бері облыс көлемінде көптеген құрылыс нысандарын салып, нарықтағы сенімді серіктес ретінде танылған. Серіктестіктің қуатты өндірістік базасы жұмысқа қажет барлық құрылғылармен жабдықталған, оның ішінде ерітінді-бетон торабф, ұсталық және арматуралық цех, механикалық-пластик цехтері, ұсақ темірбетонды өнімдер шығаратын цех, сондай-ақ 0,36 шақырымдық кірме темір жолы бар. Компанияның жылдық келісімшарт айналымы 1 млрд теңгеден асады.
«СМП-Қызылорда» ЖШС Қызылорда қаласының Арай шағын ауданынан жалпы көлемі 15 мың ш.м асатын тұрғын үй құрылысына Сбербанк Казахстан АҚ тарапынан несие рәсімдеді және «Нұрлы Жер» бағдарламасының «Жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй құрылысына ынталандыру» бағыты бойынша 14% үстеме сыйақының 7%-ын «Даму» Қоры арқылы субсидиялайтын болды.

Қазіргі таңда компания өз қаражатына 2 тұрғын үй құрылысын толық аяқтап, қалған 2 көпқабатты үйдің құрылысын бастап та кеткен. «СМП-Қызылорда» ЖШС директоры Темірхан Әлімқұловтың айтуынша, мемлекеттік қолдаудың арқасында компанияның несие ауыртпалығы біршама жеңілдеген. – Біздің жобамыз сәтті жүзеге асып, қолдау тапқанына қуаныштымын. Аталған бағдарлама жергілікті компаниялардың құрылыс бағытына ынталандыра отырып, өзара бәсекелестіктің артуына мүмкіндік жасайды және алдағы уақыттың еншісінде бірталай жобаларымыз бойынша жұмысты осы бағытта жалғастыруды жоспарлап отырмыз,-дейді Темірхан Әлімқұлов.
Еске сала өтсек, «Даму» қоры «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үй салатын құрылыс компанияларының несие пайызын субсидиялайды. Субсидия тұрғын үй ғимараттарын салумен айналысып жүрген кәсіпкерлердің жаңадан алатын несиелеріне беріледі. Жеке үйдің құрылысы барысында 1 шаршы метрдің құны 120 мың теңгеден аспайды. (инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар құнын есептемегенде).

Сонымен қатар, аталған бағдарлама аясында халықтың «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы екінші деңгейлі банктерден алған ипотекалық тұрғын үй несиелерінің сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау да қарастырылған. Бағдарламаның талаптары бойынша - құрылыс жүргізуші компания тұрғын үйлердің кем дегенде 50 пайызын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы, шекті бағамен өткізуі керек.
